
Бүгін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – рух күретамыры» тақырыбында облыстық дебат өтті. Мемлекеттік тілдің маңызы мен мәртебесін арттыру, өңірдегі тіл саясатын насихаттау мақсатында өтіп отырған пікірсайысқа Жастар жылына орай Талдықорған қаласындағы ЖОО мен арнаулы білім беру мекемелерінің студенттері қатысты.
Республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Алматы облысындағы дебат қозғалысының жетекшісі Айбол Қожатаев және республикалық пікірсайыстардың жеңімпаздары Данияр Тарихов, Ержан Даулетбаев, Бердімұрат Хасенұлы, Ұлан Боранбайұлы дебатқа төрелік етті. Пікірсайыстың алғысөзін алған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев: - Өздеріңіз көріп отырғандай бүгінгі пікірталасымыздың тақырыбы «Тіл – рух күретамыры» деп жайдан-жай алынып отырған жоқ. Күретамыр — қанды жүректен алып шығып, дене мүшелеріне тарататын тасымалдаушы ірі қан тамыры болса, қоғамдағы тілдің орны да ұлт үшін дәл осындай маңызды....Ұлт болашағы – жастар, тіл тағдыры да сол жастардың қолында десек артық айтқандық емес. Олай болса, тіліміздің ғұмыры ұзақ, тұғыры биік болсын! Баршыңызға сәттілік! - деп қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Дебатта ұшқыр ойлы, үшкір тілді 8 команда бақ сынасты. Сөйтіп, Көксу политехникалық колледжінің "Көкбөрі" командасы I орынға лайық деп танылып, дебат кубогын қанжығаларына байлады. Ө.Жолдасбеков атындағы академиясының "Альфа" командасы II орынға, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің "Аргумент" командасы III орынға ие болды. Сол сияқты, Гуманитарлық-экономикалық колледжінің "Темірқазық" және Ө.Жолдасбеков атындағы академиясының "Браво" командасы ынталандыру сыйлығын алды. Қалған командалар Алғыс хатпен марапатталды.
Кез келген тақырыпты еркін игеріп, өз ойын батыл жеткізе білген пікірсайысшы Балғабай Біржан "Үздік спикер" атанып, басқарманың дипломы мен ақшалай сертификатына ие болды.



