
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған Алматы облысы бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында бүгін Тіл сарайында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Семинарға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері, ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша басқармасының жауапты мамандары, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, БАҚ өкілдері, жеке меншік жарнама агенттіктерінің қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.
Семинар-кеңесті жүргізген Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы Башбаев: Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда, сондай-ақ, оның қолданыс аясын кеңейтуде ерекше маңызға ие қозғаушы күштің бірі көрнекі ақпараттар мен жарнамалар екендігі белгілі. Сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің сауатсыздығы ономастика саласының ғана емес, бүгінгі қазақ қоғамындағы жиі сынға ұшырайтын, аса өзекті мәселелердің бірі. Сананы тұрмыс билейтін заманда, жарнама өміріміздегі басты табыс көзіне айналып отыр. Сондықтан да болар, сауатсыз жарнамалар күн санап көбеюде. Орыс тілінен қазақ тіліне сөзбе-сөз, тікелей аударылған мағынасы түсініксіз жарнамаларды бірден байқауға болады. Ал бізге аз сөзбен көп мағына беретін, мәнді де мағыналы, тиянақты ойды білдіретін, жұрт санасына тез сіңетін қазақ тілді жарнамалар керек. Осы орайда, Алматы облысының ономастикалық ажарын келтіру бағытындағы игілікті іс, маңызды шаралар жалғасатын болады – деді.
Семинар-кеңесте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Рысберген Қыздархан Құрмашқызы Тіл білімі институты ұсынып отырған Қазақстан азаматтары аты-жөндерінің латын графикасы негізінде жазылу ережелерімен таныстырды. « Cоңғы жылдары қоғамда белең алған Айнұр, Әдемі, Айгүл, Айжан тәрізді есімдерді Алина, Снежана үлгісімен Айнура, Адема, Айгуля, Айжана деп жазу және дәстүрлі ұлттық танымға сай келмейтін мазмұны оғаш есімдерді беру үрдісін шектеу мақсатында Ережеге арнайы тармақтар енгізілді» - деді Қыздархан Құрмашқызы өз сөзінде.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, Пиязбаева Ақмарал Бейсенқұлқызы «Графикалық кеңістікте жарнама мәтіндеріне қажетті емле және пунктуация нұсқаулығын әзірлеудің жобасы» тақырыбында баяндама жасап, жарнама тіліндегі дұрыс аударылмаған қателерді сынға алды.
Жиналғандар жауапты мамандарға көрнекі ақпарат мәселелеріне қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.



