
Бүгін Тіл сарайында қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша ашық талқылау жиыны өтті. Шараға І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филолог ғалымдары, арнаулы оқу орындарының оқытушылары, Талдықорған қаласындағы мектептердің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, «Тіл» оқу-әдісетмелік орталығының оқытушылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы А.Башбаев жүргізді. Ол өткен жылы өңірде латыннегізді әліпби бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жиынға қатысушыларға латыннегізді қазақ әліпбиінің төрт нұсқасы таратылды. Қатысушылар осы аталған нұсқалар бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Алғашқы сөзді І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының деканы, (PhD) философия докторы Айна Рахимова алды. Ол әліпбидің умлаут нұсқасын таңдаймын және басқаларды да осы нұсқаны таңдауға шақырамын деді. Сол сияқты І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (PhD) философия докторы Гүлім Чүкенаева латыннегізді әліпбидің тиімді тұстарын айта келе, бұл жалпыхалықтық мәселені шешуге баршаны бірігіп атсалысуға шақырды. Ал, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, доцент, ф.ғ.к. Қарлығаш Сарбасова латыннегізді әліпбиді жасөспірім балаларға үйрету еш қиындық тудырмайтындығын айтты. Жиын соңында барлық қатысушылар өздері таңдаған нұсқаны көрсетіп, ұсыныстарын жазып қалдырды.



