
17 ақпанда М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла...» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған концертте кемеңгер тұлғаның осыған дейін көп айтылмаған әндері тыңдарманға ұсынылды. Шығармалары дәріптеліп, композициялар орындалды. Сахналық көріністер қойылып, ұлы ойшылдың өсиеттері айтылды.
Кеште Сәкен Майғазиев, Толқын Забирова, Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Айгүл Қосанова, Ерлан Біләл, Шолпан Даржанова сынды оқу ордасының ұстаздары мен студенттері өз өнерлерін ортаға салды.
«Біз тек өнер адамы емепіз, еліміздің болашағы – жастарды өнер мен білімге қатар баулып жүрген аға буынбыз. Сол себепті, Абай өмірі мен шығармашылығы әрбір талапты жастың, жанашыр үлкеннің айнымас серігіне айналуы керек. Бұл кештің осы ортақ мүддені орындауда, кемеңгер мұрасына терең үңіліп, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге беру жолында маңызы зор», - деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Абдуалиев.
Сондай-ақ, академия ректоры көрнекті ақынның мерейтойына арналған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.



