
В честь празднования 1150-летнего юбилея Абу Насра аль-Фараби в 2020 году среди сотрудников Министерства торговли и интеграции РК состоялся конкурс сочинений на тему «Великое наследиеАбу Насра аль-Фараби».
Поитогам конкурса первое место за лучшее сочинение было присвоено Оспановой Акгуль Жанболатовне.

Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлы мұрасы
Орындаған: Кадр жұмысы және құжаттамалық
қамтамасыз ету департаменті Оспанова Ақгүл
Нұр-Сұлтан қаласы
Жоспар:
Кіріспе
- Əбу Насыр əл-Фарабидің өмірбаяны
Негізгі бөлімі: Әл-Фарабидің ұлы мұрасы
- «Фарабидің энциклопедиясы»
- Әбу Насырдың діни туындылары
- Əл-Фарабидің əлеуметтік-этикалық тақырыптағы шығармалары
- Фарабидің астрономия мен астрология жөніндегі еңбектері
- Ғұламаның физика, медицина, биология салаларындағы туындылары
- «Музыканың ұлы кітабы»
Қорытынды
- «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді»
Есімі дүниежүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ даласының асыл перзенттерінің ең жарық жұлдызы, дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте көрнекті із қалдырған ортағасырлық ойшыл, энциклопедист-ғалым, Шығыс Ренессансының көшбасында тұрған дара тұлғалардың бірі – Əбу Насыр əл-Фараби Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген.
Фарабидің толық аты-жөні − Əбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ əл-Фараби ат Түрки. Ат Түрки − шыққан тегі түркі дегенді, əл-Фараби − Фараб қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты − Мұхаммед, əкесінің де аты − Мұхаммед, атасының аты − Тархан, бабасы − Ұзлағ. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атаған.
Х ғасырдан бастап қазіргі таңға дейінгі мың жылдан астам уақыттың ішінде ұлы бабамыздың еңбектері әлем ғалымдарының сусындар кәусәр бұлағына айналды. Ұлы ғұламадан қалған мирас ғылымның түрлі саласын қамтиды, әрі өте құндылығымен ерекшеленеді.
Əбу Насыр əл-Фараби еңбектерінің басты тақырыбы – адам. Арабтілді философтардың қарастырған басты мəселелері – білім, таным, дүниедегі Ақиқатты іздеу болды.
Осы мақсатта əл-Фараби ежелгі грек ғалымдарының еңбектерін өз бетінше оқып, талдап, түсіндірмелер жазып, әрі қарай дамытқан, трактаттар жазған. Ол Аристотельдің көптеген кітаптарына түсініктеме берген. Птоломейдің «Алмагесіне» жəне Порфирийдің «Эйсогесіне» түсініктеме жазған. Эфклидтің геометрия жайындағы кітаптарын терең зерттеген. Платонның барлық кітаптарын оқыған.
«Ғылыми мұра қалдырмаған ғалым найзағай ойнатып, күркіреп тұрып, жаумай өткен бұлтпен тең», – деген араб халқының дана мақалы бар. Осындай қанатты ойды ту қып ұстаған Әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласына өлшеусіз үлес қосып, артында өшпес ғылыми жазбаларын қалдырады.
Ғылымның даму тарихында жинақталған білім қорларын сұрыптап, реттеп белгілі бір жүйеге салу тəртібі ежелден қалыптасқан.
Бабамыз Фараби бұл тұрғыда да қарап қалмай, өзінің ең атақты шығармаларының бірі «Ғылымдар энциклопедиясы» деп аталатын трактатын жазған. Бұл еңбектің ғылым тарихында алатын орны ерекше үлкен. Осы трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы», тағы басқа да аттармен Шығыс пен Батыс елдерінде өте ертеде-ақ танылған.
«Фарабидің энциклопедиясы» ХІІ ғасырда арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, түркі, тағы басқа тілдерде басылып шығарылған. Роджер Бэкон, атақты Əбу Əли ибн Сина (980–1037) жəне басқалар тікелей соның əсерімен өздерінің көпке мəлім энциклопедиялық еңбектерін жазған.
Араб мəдениетінің негізін салушы ретінде үш философтың есімдері аталады: əл-Кинди, əл-Фараби, Əбу Əли Ибн Сина.
Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші жəне екінші «Аналитика», «Топикасы» мен «Софистикасына» түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де маңызын жоғалтқан жоқ. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мəдениетін таныстыруда үлкен рөл атқарды.
Фараби Аристотельдің философиясына түсініктемелер жаза отырып, өз тарапынан да «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбегі», «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Музыканың үлкен кітабы», «Философияны аңсап үйрену үшін алдын ала не білу қажеттігі жайлы», «Ақылдың мəні туралы», «Əлеуметтік-этикалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», тағы басқа сол сияқты көптеген философиялық еңбектер жазған.
Əл-Фарабидің «қайрат», «ақыл» жəне «жүрек» жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Əсемпаз болма əрнеге»... атты өлеңінде де əрі ойшыл-кемеңгер, əрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген.
Философия тұрғысынан алғанда Фарабиді Аристотельдің шəкірті дейді. Фараби Аристотельді (Арстулаизды) аса жоғары бағалаған.
Аты әлемге мәшһүр Әбу Насырдың еңбектерінен нәр алмаған, сусындамаған ғалым жоқ деп те айтуға болады. Оның есімі дүниежүзі мәдениеті мен ғылымының тарихынан берік орын алады.
Фарабидің ұлы ұстаздығын тек Шығыс елдері, араб халықтары ғана танып қойған жоқ. Оны Батыс елдерінің Қайта Өркендеу дəуірінің алғашқы кезеңіндегі ұлы адамдарының бəрі де таныды. Мысалы, Бэкон, Леонардо да Винчи, Коперник, Кеплер, Лейбниц сияқты ғалымдар одан көп үлгі алған.
Еуропалық шығыстанушылар мен тарихшылардың пайымдауынша, əл-Фараби сондай-ақ Шығыс философиясының да негізін қалаушы. «Жоғары табиғатты тану негізі» еңбегі бүкіл Шығыс философиясының тереңдігін, көне тылсымын қорытқан еңбек болды. Бұл шығармада келтірілген ғалымның пікірлерінің құндылығы − ол философиялық ой-толғаныстарын ежелгі грек философтары Аристотель, Платондардың пікірлері негізінде өрбіте отырып, сол пікірлерді ислами негіздерге орайластырған.
Философия саласында Фараби өз заманындағы теңдесі жоқ тұлға саналды. Оның негізгі көзқарасы – рационалдық. Оның философиялық еңбектерінде Аристотель, Платон және басқа ертедегі данышпандардың философиялық еңбектеріне түсініктемелерге көп орын берілген. Фарабидің тамаша, өте бағалы еңбегі «Даналықтың маржандары» деген трактаты 1000 жылдан бері Шығыс университеттерінің оқулық құралы болып келеді.
Философия мен дін, олардың қарым-қатынасы − Əбу Насыр əл-Фарабиді толғандырған күрделі мəселелер. Мəңгілік пен осы дүниелік, өмір мен өлім, адам мəселелері, философия мен діннің ара-қатынасы ойшылды көп толғандырған.
Мысалы, ұлы ойшылдың «Дін туралы кітап жəне өзге де мəтіндер» еңбегі ғалымның діндар адам болғандығын нақтылай түсетін бірден бір туындысы болып табылады. Фарабитанушы ғалым Мухсин Маһдидің басшылығымен Бейрутта 2 рет жарыққа шыққан аталмыш еңбектің (араб тілінде) «Əбу Насыр əл-Фарабидің ұлы дұғасы» атты трактаты ұлы ғалым дүниетанымының мəн-мағынасын аша түседі.
Əбу Насыр əл-Фарабидің этикалық тақырыпта «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері», «Қайырлы қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбектері бар. Осы трактаттарында ойшыл ғалым қарапайым ұғымдар арқылы адамның бойындағы кез келген мінез-құлықтардың, əдеттер мен түрлі қасиеттердің тумысынан емес, жүре келе, бірте-бірте барып қалыптасатынын логикалық жүйелілікпен баяндап, дəлелдеп берген.
Ғұлама ғалым «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» жəне тағы басқа саяси-əлеуметтік трактаттарында қайырымдылық пен бақыт мəселесіне кеңірек тоқталған.
Бауырым, қанша сүйгенмен,
Өтеді өмір күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алаулап,
Пенделіктен бол аулақ.
Қағаздың түсіп бетіне
Сызықтай бейне тартылған,
Тап болып жігер сарқылған,
Кездейсоқ өмір өтіне
Қайыспай тұрса нар тұлғаң.
Сонда да беріп кетеміз
Жүректің отын молында.
Арманды аңсап өтеміз
Біз ұлы мұрат жолында …-
деген өлең шумақтарында әл-Фараби өмір, пендешілік, нәзік сезім тақырыптарын қозғайды.
Əл-Фарабидің аса зор нəтижеге жеткен ғылымдары − астрономия мен геометрия. Ол оптикалық аспаптар жасаған. Оның ішінде ойыс парабола айна, уақыт өлшегіш күн сағаты бар. Осы ойыс парабола (арабша: «мухарак», оны еуропалықтар «фокус» деп аударған.) Еуропаға əл-Фарабидің шəкірті ибн Хайтам арқылы Кеплерге жеткен. Əл-Фарабидің күн сағатын жасау əдісі осы күнге дейін қолданылады. Ғылымда көлеңке өлшеу əдісі, күн сағаты арқылы жердің меридианын табу əл-Фараби əдісі деп саналады. Сондай-ақ ғалым сфералық тригонометрияға негіз салған.
«Астрология заңдарының анығы мен танығы туралы» деген трактаты бар.
Фараби астрономия мен астрологияны өте терең білген адам. Орта ғасырдан бастап дүниежүзіне тараған астрологияның бетін ашып, сырын шешкен осы Фараби болып саналады. Оның осы тақырыпта «Жұлдыздар туралы ғылым» трактаты бар.
Əл-Фарабид физика саласында да өзінің үлесін қосқан. Оның осы саладағы көрнекті еңбегі − «Вакуум» туралы деп аталады. Мұнда ол табиғатта вакуум (бостық) жоқ екенін ежелгі грек оқымыстыларында да сирек кездесетін тəжірибелерге (экспериментке) сүйенген логикалық қорытындылар арқылы дəлелдеуге тырысады.
Данышпан ойшыл медицина, биология ғылымдарына да үлкен мəн берген. Ол, əсіресе, бұл ғылымдарды теориялық философиялық тұрғыда негіздеуге көп күш жұмсаған.
Əл-Фарабидің шығармашылық мұраларындағы медицина сауалдары бойынша шығармасы ғалымдарға осы ғылымның теориялық қайнар көзінің негізгі білімімен жəне оның тарихымен жете таныстығын көрсетеді. Оның дəрігерлік-философиялық ойлары тек соңғы жылдары ғана «Адам [тəнінің] мүшелері туралы» жəне «Галеннің Аристотельмен адам тəніндегі мүшелер жөніндегі оның келіспеушілігі туралы қарсылығы» трактаттарын орыс тіліне аудару жəне оқып-білуге байланысты ғалымдардың зерттеу тақырыбына айналды. Осы еңбектерден басқа əл-Фарабидің медицина мəселесіне арнаған тағы бір шығармасы − «Жануарлар [денесінің] мүшелері, олардың қызметтері мен потенциясы туралы».
Ұлы ғұламаның бұл еңбектерінен − атақты ғалым, Фарабидің шəкірті, медик Əбу Əли ибн Сина (Авиценна) тəлім алған. Мысалы, оның «Медицина негіздері» атты əйгілі шығармасы теориялық-əдіснамалық жағынан ұстазының «Адам ағзалары жайлы» трактатына өте жақын келеді.
Фарабидің жақсы дəрігер болғаны белгілі. Әл-Фараби сауатсыздық жайлаған заманда жаратылыстану ғылымдары ішіндегі ең сүбелілерінің бірі – медицина туралы қызықты пікірлер айтып, бұл ғылымның деректерін адамның тіршілік қажеттеріне пайдалануды қарастырған. Ұлы ғұлама медициналық мəселелерді психология ғылымымен жақындастыруды ерекше мақсат еткен.
Асыл тастарды, минералдық заттарды Фараби негізінен алғанда су ерітінділерінен пайда болады деп білген. Ол алхимияны да үйренген адам.
Бұл ғылымның негізгі мақсаты − «жаман» металдарды алтынға айналдыратын «философиялық тас» табу немесе адамға мəңгі өмір берерліктей «өмір өзегін» жасау болған. Фараби «Алхимия өнерінің қажеттілігі туралы» деп аталатын арнайы трактат жазып, алхимия өнерінде не дұрыс жəне не теріс екендігін ашып беруге тырысқан.
«Музыканың ұлы кітабы» − əл-Фарабиді əлемге танытқан, музыка теориясына арналған шығармаларының бірі.
Əл-Фараби музыка саласында да іргелі еңбектер жазып қалдырған. «Музыканың ұлы кітабы» деп аталатын еңбегі жарық көрген соң-ақ, оны дүниежүзінің барша ғалымдары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп таныған.
1200 беттен тұратын бұл кітаптың екі томын француздың белгілі шығыстанушысы Р. Эрланже 1930-1935 жылдары өз тіліне аударған.
Ғұлама бұл еңбекте математикалық тəсілдер пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге əкелген. Қазір музыкада жеті нота болса, əл-Фарабидің еңбегінде нота саны - 12. Сол бес нотаны əлі күнге дейін ешкім тапқан жоқ.
Əл-Фараби «канун» деген музыкалық аспап ойлап тапқан. Цитраға ұқсас құрал да шығарған. Оған интервал бөлімдерін өлшеп, əуендердің кемел түрін анықтайтын кескіндері бар сызғыш қойған.
Ойшыл ғалым музыканың тек теориясын зерттеп қана қоймаған. Ол сондай-ақ тəжірибе жүзінде де қолданып, көптеген аспаптарда тамаша ойнаған.
Ұлы ұстаз һижраның сексенінші жылында Дамаск шаһарында дүниеден озды.
Ұлы бабамыз − Аристотельдің философиясын дамыта отырып, өз тарапынан көптеген маңызды ғылыми еңбектер жазды. Əл-Фараби ғылымының философиялық-логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика, тағы басқа ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мəні ерекше зор.
Əл-Фараби өзінің ойлау жүйесін сындарлы да икемді болуы арқасында таяз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле білді. Өз дəуірінің шынайы энциклопедиясын жасады. Әл-Фарабидің терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірден-бір саласы жоқ деуге болады. Оның еңбектері бүгінгі күннің өзінде өміріміздің әртүрлі саласында қолданылып келеді. Осы тұста әл-Фарабидің қазіргі заманда алар орнын ашуда Абай атамыздың «өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», данышпандарымыздың «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөздері дәлме-дәл келеді.
Әл-Фараби - қазақ халқының ғана емес, жалпы мұсылман үмметіне, барша адамзатқа ортақ тұлға, ортақ мақтаныш.
Пресс-служба
Министерства торговли и интеграции РК
Тел.: 8(7172)74-98-94
www.mti.gov.kz
https://www.facebook.com/mtiqz/
https://web.telegram.org/#/im?p=@tradepolicyQZ



