
Қазақстан халқы 1 наурыз - Алғыс айту күнін ерекше көңілде атап өту дәстүрге айналып келеді. Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді. Бұл күн - қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні.
2016 жылы 14 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурыз - Алғыс айту күні деп жарияланғаны туралы жарлыққа қол қойды. Дәл осы 1 наурыз күні елімізде Қазақстан халқы Асссамблеясы құрылған болатын. Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде қалалық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» атты байқау өтті.
Салтанатты шара барысында белсенді ардагерлеріміз Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндерден шырқап, батыр бабаларымыздың ерлігіне өлең шумақтарын арнап, жадымызда ешқашан өшпейтіндігін айқындай түсті. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына мерейлі 75 жыл толып отыр.
Жалпы шараның негізгі мақсаты жастардың батыр елдің ұрпақтары екендігін саналарына сіңіру, майдан даласында елі жері үшін қаза болған ата-апаларымыздың есімдерін ұлықтап, рухтарына тағзым ету.
Сонымен қатар, қала әкімі Амантай Орынбеков жиналған қауымды мейрімге толы мерекемен құттықтап, өз алғысын білдірді. Сондай-ақ, бір қатар еріктілерді алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпатын табыс етті.
Айта кетейік, алғыс айту күні аудан аумағында кеңінен атап өтіліп, мерекеге орай әртүрлі шаралар ұйымдастырылды.



