
Ауданымызда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің тәртібі бойынша тағайындалған отбасылардың балаларына «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» ұсыныла бастады. Қаңтар-ақпан-наурыз айларына берілген азық-түліктер 1-ден 3 жасқа, 3-тен 6 жасқа дейінгі мұқтаж отбасылардың балаларына табысталды. Топтамада балаларға қажетті барлық азық-түліктер қамтылған. Айталық, үш жас пен алты жасқа дейінгі балаларға гипоаллергенді жеміс пен көкөніс езбесі нен бастап, сүт пен печеньесіне дейін бар. Өз кезегінде әлеуметтік топтаманы алған ата-аналар: "Бұл біз үшін әжептәуір көмек, баламыздың гигиеналық тұтыну заттарынан мектеп құралдарына дейін алып беріп жатыр"-деп ризашылықтарын білдіруде.
Жыл басынан бері ауданымыздағы 546 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Жаңа форматтағы қолдаудың аясында қазір аудандағы 745 балаға қаңтар-ақпан айларының азық-түлік жиынтықтары таратылуда. Осындай көмектің шарапатын көрген көпбалалы аналардың бірі ІІ топ мүгедегі Тасбике Аңламасова.
Аяулы ана: «Менің 5 балам бар. Оның 2-еуі балабақшаға, қалғаны мектепке барады. Мектептерде де балалар ыстық тамақпен қамтылған. Міне азық-түлік алып жатырмыз. Осы ретте аз қамтылған отбасыларға осындай мүмкіндік беріп отырған Президентімізге, ел басқарып отырған азаматтарға шынайы алғысымды білдіргім келеді»-дейді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұқтаж жандарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуде еңбекке ынталандыру, әділ әрі таза болуы үшін АӘК-ті тағайындаудың тетігін реттеуді тапсырған еді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет пен АӘК және тұрмысы төмен отбасыларға арналған жаңа жәрдемақыны қосқандағы кешенді жаңа шаралар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер алушылардың тізімін жасап, топтама кесте бойынша берілуде.



