
Құрметті жаңақорғандықтар!
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан шыққан коронавирус инфекциясы әлемге қауіпті індет екенін жариялады. Қазір жаһан жұрты COVID-19 пандемиясымен күресуде. Бұдан жер бетіндегі бірде-бір ел тыс қалмады. Вирус жер бетіндегі 180-нен астам еліне жайылып, әсіресе экономикасы озық Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ-та адам шығына тіркелді. Бұдан алатын сабақ, бізге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуіне құлақ асып, сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Себебі сарапшылар өлім-жітім санының жиілігі әлемдік соғыстың деңгейіне жетті деп дабыл қағуда. Германияның медицинасы мен ғылымы дамыған, үлкен ондық елдерге кіретін ел. Бірақ індетпен күресудің тиімді жолын әлі тапқан жоқ. Германияның канцлері Ангела Меркель: «Жағдай өте мүшкіл. Оған шындап мән беріңіздер. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін біздің елде мұндай үлкен сынақ болған емес», – деп індеттің залалын бағамдады.
Ал бізге дүниежүзілік індетке бей-жай қарауға мүлдем болмайды. Әрбір азамат коронавирус індетіне қарсы тұрудың жолы – өз-өзін шектеп, оқшаулануына мән беруі тиіс. Әзірге қауіпті ендеттен қорғанудың жолы болмай тұр.
Елдің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жеке азаматтар ас беру, той өткізу мен қоғамдық орындарда өтетін діни жоралғыларды шектеуге түсіністікпен қарап отыр. Кафе-барлар мен ойынханалардың иелері де қауіпті індеттің жайылып кетпеуіне мүдделік танытып отырғаны қуантты. Азаматтар мен кәсіпкерлерге елдің қауіпсіздігін сақтауда аса маңызды іске жауапкершілікпен қарағаны үшін алғыс білдеремін.
Қадірлі жерлестер!
Жаңақорған ауданы мыңжылдықтардан бастауын алатын шежіресімен мақтана алады. Аудан территориясындағы Ұлы Дала елінің саяси һәм рухани орталығы болған Сығанақ, Сауран, Өзгент және т.б шаһарларымен мақтанамыз. Бұл орталықтар бағзы замандардан қайырымды, қайырлы қалалар ретінде аты шықты.
Мұны неге айтып отырмыз? Мұндай сабақтастық бүгінгі жаңақорғандықтардың күнделікті істерінен көрініп жүретінін мақтанышпен айтуымызға болады. Ата-бабаларымыздан келе жатқан қайырымдылық, мейірімділік қасиеттерін шынайы әрі жаппай көрсететін кезі келді.
Қазір нарықтық қоғамда тіршілік етудеміз. Коронавирус індетінің өршуі мен әлемде мұнай бағасының құлдырауы, мемлекеттер арасындағы шекаралардың жыбылуы өз кезегінде азық-түлік түрлерінің қымбаттауына әкеп соқтырды. Нарықтың өз заңдылықтары бар. Сұраныс пен ұсынысқа сай баға реттеледі. Белгілі бір уақыт ішінде тауарларды тұтынушылардың сатып алу қабілеттілігі мен сұранысы күрт артса, бағасы қымбаттап кететіні шыңдық. Сауда орындарынан осыны байқауға болады. Бұл жағдай аудан тұрғындары арасындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға айтарлықтай ауырлық тигізуде. Осындай қысыл-таяң шақта Жаңақорған ауданындағы кәсіпкерлерді мұқтаж отбасыларға қолдау білдіруді сұраймыз.
Бүгінде белгілі кәсіпкерлер қолдаған «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры игілікті, сауапты істерге ұйытқы болуда. Қоғамдық ұйымның жұмысын одан әрі жетілдіріп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау беру маңызды деп санаймыз. Ол үшін аудандағы барлық кәсіпкерлерді жауапты әрі сауапты істе белсенділік танытуға шақырамыз.
Біздің мақсатымыз – қайырымды азаматтардан жиналған қаржы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тұрмыс деңгейін бір қалыпты ұстап тұруға бағытталатынын айтқым келеді. Яғни әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерін нақты кезеңдегі базар бағасынан төмен қаражатқа сатып алуға мүмкіндік жасаймыз. Бұл дегеніміз, 2020 жылдың қаңтар-ақпан айында сатылған бағалармен реттеліп отыратын боламыз. Бұл нарық бағасының шамадан тыс шарықтап кетпеуіне оң ықпал етері сөзсіз.
Құрметті ағайын!
Сыр елі қашанда сындарлы сәттерде сыр бермей, талай кезеңді басынан өткізді.
Бұл қатерлі індетті жеңуде біз тағы да елдің ауызбірлігін көрсетуіміз қажет. Мемлекет тарапынан жасалуы қажет шараларды аудан әкімдігі толығымен атқарады және бұл шаралар менің жеке бақылауымда болатындығын жеткіземіз.
Ең бастысы, үрейге бой алдырмай, сабыр сақтауымыз керек. Мемлекет пен кәсіпкерлердің бірлескен істері тығырықтан шығаруда өз септігі тиетініне сенеміз. Ол үшін бізге бірлік пен берекенің бағасын түсініп, елдік істерге атсалысуларыңыз керек-ақ.
Сіздерге мықты денсаулық, отбастарыңызға береке-бірлік тілейміз!
Еліміз коронавирус індетін ұйымшылдықпен жеңуде тәртіп пен татулықты көрсетеді деген сенімдеміз.
Құрметпен,
Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан МАҚАШОВ



