

Есемұрат Дүзмағамбетов 1967 жылғы наурыз айының 5-і күні мұғалім отбасында дүниеге келді. Шоманай ауданында орналасқан «Максим Горький» есімін иеленген орта мектептегі бірінші сынып табалдырығын аттап, Өзбекстан Республикасы Хорезм облысына қарайтын Үргенш ауданының «Победа» атындағы орта мектебінде қолына аттестат алды.
Мәскеудегі жерге орналастыру инженерлері институтын бітірген соң, 1991 жылы республикалық «Казгипрозем» жобалау институтының Маңғышлақ экспедициясында алағшқы еңбек жолын бастады. Республикалық жер ресурстарын басқару комитеті ұйымдастырылуына байланысты Маңғыстау облыстық комитетінің сол кездегі басшысы В.Захаревскийдің ұсынысымен жұмыс істеп жүргенінде аймақ жетекшісінің орынбасары С.Керелбаевтың шақыртуымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша көмекші қызметіне ауысады.
Есемұрат Дәулетиярұлы кейіннен облыс әкімдігінің сауда, ауыл шаруашылығы, сыртқы экономикалық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалып, республикалық деңгейде құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның өңірлік бөлімі ретінде ұйымдастырылған алғашқы тәртіптік кеңестің хатшылығына инспектор, хатшылық меңгерушісі лауазымдарын атқарды.
2002 жылы облыстық жер ресурстарын басқару комитеті басшының орынбасары, екі жылдан кейін аймақтық комитеттің төрағасы ретінде жердің кадастрлық орналасуын тәртіпке келтіру бағытындағы жұмыстарға үлесін қосты. Каспий теңізі акваториясындағы еліміздің шекарасы шегінде орналасқан аумақтық сулар жайылған жер учаскелері су қоры санатына енгізіліп, жер қорына ресми енгізілген бөлікті жағалауда орналасқан Маңғыстау мен Атырау облыстарының әкімшілік бағынысына беру мәселесіне белсене араласты.
Маңғыстау ЖерҒӨО кәсіпорнындағы басшылық қызметінде жерге орналастыру, жерді қалпына келтіру жобаларын жасақтауда толықтырулар енгізіп, жұмыстардың сапалы атқарылуына кәсіби біліктілігін танытты. Облыстық жер қатынастары басқармасына жетекшілік жасаған жылдары пайдаланылмай жатқан 3,8 миллионға жуық ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып, Ақтау қаласының маңындағы шекаралық сызықтар белгіленді. Елді мекендегі жерлердің базалық ставкілері бекітіліп, облыс бюджетке жер телімдері бойынша түскен қаржының көлемі елу пайыз артты.
Есемұрат Дүзмағамбетов қазіргі кезде екі ұл мен бір қыздан өсіп өнеген бірнеше немере тәрбиелеп отырған үлкен әулеттің отағасы. «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталғаны мерейлі мақтаныш. Облыс әкімдігінің Құрмет грамотасы, салалық министрліктің «Құрметті жерге орналастырушы», «Ауыл шаруашылығы өндірісінің озаты»і, «Маңғыстау облысына 35, 40 жыл», «Ақтау қаласына 50 жыл» төсбелгілері табысталған аймаққа танымал тұлға.



