Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы мен билер төрелігі

    Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы мен билер төрелігі

    Мiне, тарихтың жаңа парағы ашылып, Қазақ елi 2015 жылға қадам басты. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына дайындықты бастап кеттi. Өткенсiз болашақ жоқ десек, биыл бай тарихымызды түгендеп, бабалар жүрiп өткен жолдан тағылым теретiн, олардың жеңiсi мен жеңiлiсiнен, қателiктерi мен дана шешiмдерiнен сабақ алатын, сөйтiп мұның барлығын Қазақстанды Мәңгiлiк Елге айналдыру жолында кәдеге жарататын жыл болмақ. Тәуелсiздi-гi-мiздiң тұғырлы-лы-ғы жайлы әркiмдер тиянақсыз пiкiрлер айта бастаған тұста Қазақстан ұлттық мемлекеттi-лi-гiнiң 550 жылдық тарихы мен тамыры терең, әрi болашағы жарқын мемлекет екенiн, жалпақ әлемге, кезектi рет жария еттi.

    Әр елдің қалыптасуы мен дамуында үлкен орын алатын, ата заң мен, құқықтар жинағы болып табылады. Әрбір мәдениетті, ілімді-білімді халықтың, саналы адам деңгейін көрсететін нақты өлшемдердің бірі – ол халықтың өзіндік құқығы мен төл заңдарының болуында. Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр, және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Бәрімізге белгілі еліміздің заң құқықтары халықтың салт дәстүрі мен құндылықтарының негізінде құралған. Сан ғасырлар бойы еліміздің өмірінде қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқықтық қатынастардың дамуына шешен билер өз үлесін қосқан. Шын мәніндегі би атанған кісілер – қазақ халқының тарихында қайталанбас ерекше, біртуар тарихи тұлғалар, өз заманында халық би деп танығандар – шешендігі мен әділдігі зор қоғам қайраткерлері еді. Ш.Уәлиханов өзінің зерттеулерінде бидің кім екенін нақты көрсетеді: «Қазақтарда, құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған.

    Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, әлейім жұртқа таралып, біріне емес, бәріне де танылған.»

    Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жеген. Алты алаштың да бүтіндігін, татулығы мен басының амандығын тілеп, сол үшін еңбектенді.

    Билер өз үкімдерін шығармас бұрын, белгілі бір тәртіп және құқықтық нормаларға сүйенген. Билер қолданған құралдар мен үкім шығару жолдарына келетін болсақ:

    - “Әдет” “Әдет” заңы бүкіл қазақ қауымы үшін “Ата заңы” болатын. Мемлекеттегі барлық істер осымен өлшеніп, осымен бағамдалды. Олардың тұп негізі сонау ертедегі ру-тайпалық қатынастар кезеңінен бастау алатын.

    “Әдет” заңдарының көбісі негізінен демократиялық сипатта болды. “Әдетте” бүгінге дейін ұлттық болмысымызға тән болып келген әдет ғұрыптар тән болады.

    - Тарихқа көз жүгіртіп, бүгінгі күнге дейін жүріп өткен құқықтық жолымызға көз салып көрелік. Қазақтың дәстүрлі құқығы өте құнды рухани мұра. Дала заңдары жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып отырған. Ұрпақтан - ұрпаққа жеткен.

    - Қазақтың дәстүрлік құқығы дәстүрлік әдет - ғұрыпқа негізделген, соның негізінде қаланатын материалдық әрі сот ісін жүргізу нормалары бар заң жиынтығы еді. Қысқа, оңай есте қалатын, сонымен бірге ұтымды сөз тіркестерінен құралған заң жүйесі.

    - Дала заңдары аталған:

    «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы»

    Тұтастай алғанда, ұлы далада дүниеге келген алғашқы заң Қасым ханның заңы. Белгілі тарихшы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Талас Омарбековтың жазуынша, заманы аумалы-төкпелі болса да, Қасым хан қазақ мемлекетін құқықтық және саяси-әлеметтік тұрғыдан нығайтуға барынша күш салды. «Осы бағыттағы оның реформалары «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі. Бұл заңдар топтамасы «Құдай жалғыз, хан жалғыз» деген басқару ұстанымын басшылыққа алды. Яғни Қасым ханның мақсаты – билік бір орталыққа, бір адамның қолына шоғырланатын мемлекеттік басқаруды өмірге енгізу болды.

    Тарихта «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен қалған Қазақ хандарының бірі Есім хан дарынды әскербасы ғана емес, білікті саясатшы, парасатты мемлекет қайраткері болды. Есім хан Қазақ хандығының сыртқы шекарасын нығайтумен қатар, елдің ішкі жағдайын да жақсартты. Есім ханның кезінде қазақ жұртшылығы мамыражай тіршілік кешті. Ең бастысы, Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасым ханның «Қасқа жолы» аталып кеткен заңын өзі билік жүргізген тұста қатаң орындалуын талап етіп, «Есім ханның ескі жолы» атты атақты заң желісі бойынша оны жетілдірді. Осылайша, хан Есім мемлекеттің тұғырлы әрі берік ішкі және сыртқы саясатын қалыптастырды. Тұтастай алғанда, тарихшы ғалымдар да, ел аузымен жеткен аңыздар да Есім ханның арқасында дала заңдары сол дәуірдің әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілгеніне иландырады. Нәтижесінде, мұндай заң халық арасына кеңінен тараған.

    Сөйтіп, Қасым ханнан бастау алған «Қасқа жол» бертін келе Есім ханмен жетілді. Ал мұны заманына сай жаңғыртқан Тәуке хан хандықтың конституциясына дейін көтерді десек те болады. Жалпы, «жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. Сөйтіп, Жәңгір ханның ұлы жұртшылық арасында «Әз» атанған Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізеді. Осылайша, аталған өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») аталып кеткен делінеді.

    Жалпы қазақ халқының ата заңдары - елдің елдігін, халықтың бірлігін сақтап, азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жанкешті күреске үндейтін, арды шыңдап, намысты қайрайтын, адалдық пен әділетке бастайтын Дала Конституциялары еді.

    Билердің ел тыныштығы, оның бақытты келешегі, тәуелсіздігі үшін қауіп-қатерді елемей, бастарын бәйгеге тіккен осы шынайы отаншыл сезімі, ынтымақ- бірлігі басқалаларға да ықпал етіп, қазақ халқын бір мақсатқа жұмылдыра түскен. Бүгінгі бақытты өміріміз осындай бабалар арқасы екенін түсініп, билеріміздей ұлыларды, елім деп еңіреген батырларымызды ұрпақ ешқашан ұмытпауы қажет деп білемін. Билеріміз жүгінген ата заңдарымыз еліміздің құрылымы мен тұрмысын қадағалап, еліміздің дамуына сансыз үлес қосқан.

    Қазақ халқы үшін әділдіктің тең таразысы бола білген билер мен ата заңдар қоғам өмірінің саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әскери-дипломатиялық салаларына тығыз араласып, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлестерін қосты. Бүгінгідей ғаламдану мен батыстық сарындағы арзанқол бұқаралық мәдениетке еліктеу заманында өзіміздің осындай асыл мұраларымызды бүгінгі ұрпаққа жеткізу, түсіндіру мен насихаттау біздің басты мақсатымыз.

    Жарылғасов Бақытжан Дауренбекұлы

    Ақмола облысы прокуратурасының аға прокуроры

    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.