
ҚМДБ-ның Рамазан айына қатысты жаднамалары
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын В.Г.Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі.
Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталады деген шешім қабылданды.
Мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түн – қасиетті Қадір түні! Алла қаласа, 24 мамырда ораза айт намазы оқылады.
Мұсылман қауымы сауаптар еселеніп жазылатын қасиетті айда мұқтаж отбасыларға зекет пен садақа беріп, халықтың батасын алып, алғысына бөленеді. Осы ретте Рамазан айында берілетін пітір садақасы мен зекетті Kaspi Bank және Halyk Bank мобильді қосымшалары арқылы аударуға болады. Біз осылайша онлайн садақа берудің оңтайлы жолын таңдадық.
Мобильді қосымшаларға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізілді. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режимде аудара алады. Смартфоныңыздағы kaspi.kz мобильді қосымшасын ашып, платежи (төлемдер) бөліміне басыңыз. Осы жерден екі түрлі әдістің бірін қолдану арқылы төлем жасай аласыз.
1) Іздеу алаңына «садақа» сөзін жазсаңыз, автоматты түрде «Пітір садақа» деген бөлім ашылады. Сол жерден өзіңіздің өңіріңізді таңдап, «Пітір садақа» төлем түрін басыңыз.
2) Платежи (төлемдер) дегенге кіріп «Все» (барлығы) дегенді басасыз. Содан кейін «Новые услуги» (жаңа қызметтер) бөліміне кіріп, «Пітір садақа» төлем түрін басыңыз.
«Сумма» деген жерге кемінде 370 теңге құнын енгізіңіз. Одан кейін «Выбор счет для оплаты» (төлем жасау шотыңызды) таңдап, пітір садақаңызды бере аласыз.
Қоғамда пітір садақасы не үшін беріледі деген сауал жиі қойылады. Осы ретте айта кетер жайт, Қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (127 мың тг) жеткен адамның рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді.
Пітір садақаның құны ұнның орташа бағасымен шығарылды. Мүмкіндігі бар адамдар пітір садақаны мейіз (3920 тг) немесе құрма (9400 тг) құнымен бергені абзал. Пітір садақаны үйден шықпай онлайн түрде немесе терминал арқылы беруге болады.
Пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі. Мешіт халықтан түскен пітір садақасын шариғат жолымен көмекке мұқтаж отбасыларға таратады. Бұл – әуелі Алланың, содан кейін пітір садақасын берген адамдардың алдындағы жауапты да сауапты міндетіміз.
Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында ораза ұстау – парыз.
Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерімізде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз
Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері:
1) Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге;
2) Ағайын-туыс, көршілерге ауызашарға бармауға;
3) Көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана т.б.) жиналмауға үндейміз.
Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауыз ашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз:
а) Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату;
ә) Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру;
б) Ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру, т.б.
Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», – деген сөз бар. Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Мұны ұмытпауымыз керек. Мынадай ғибратты хадис бар: «Мұсылман – мұсылманның бауыры, оған зұлымдық жасамайды, оны құрдымға да тастамайды. Кімде кім бауырының қажеті үшін жүрсе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, қиямет күні Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді. Кімде кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын жасырады».
Қайырымдылық – қайырлы іс. Рамазанда қаншама отбасы қуанышқа кенеліп, шат-шадыман күй кешеді. Қайырымдылық айында ізгі-іс-шараларға атсалысып, сауап алуға асығайық.
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ


