
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар нысандарды аралап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Іссапар барысында аудан басшысы алдымен Маяқұм ауылдық округіне қарасты Маяқұм елді мекеніндегі ауыз су желілері мен нысандарын қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Аталған жобаны мердігер мекеме – «Building Agency» ЖШС жүзеге асыруда.
Жоба аясында ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын ауыз су құбырлары жөнделіп, жақын маңдағы елді мекендерге тартылған су желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Одан кейін аудан әкімі Ызакөл ауылында болып, тұрғындарды ауыз сумен қамту жағдайымен танысты.
Сондай-ақ Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ақтөбе елді мекенінде орналасқан «Мұрат» шаруа қожалығының 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылыс барысын бақылады. Жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды.
Жалпы аумағы 20 гектар жерді қамтитын жоба аясында етті мал шаруашылығын дамыту, импортты алмастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 25 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда 20 гектар аумақ толық қоршалып, ветеринариялық бекет, бордақылау алаңдары және құрама жем сақтау қоймасының құрылысы толық аяқталған. Сонымен қатар нысандардың ішкі және сыртқы инженерлік-монтаждау жұмыстары да толық жүргізілген.
Іссапар соңында аудан әкімі Темір ауылдық округіне қарасты Темір ауылында орналасқан ірі қара малға арналған 200 бастық бордақылау алаңы мен мал сою кешенінің жұмысымен танысты.
Жобаның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 15 бас ірі қара мал союға есептелген. Сонымен қатар нысан сыйымдылығы 150 тонна болатын тоңазытқыш қондырғысымен жабдықталған.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып:
«Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әрбір жоба – біздің басты назарымызда. Тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді.
Іссапар қорытындысында аудан басшысы елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.


