ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

    ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
    Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Шардара су қоймасына арнайы барып, нысандағы бүгінгі ахуалмен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан әкіміне Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Ермек Иса су қоймасындағы гидрологиялық жағдай, су қорының көлемі, су жіберу көрсеткіштері және вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары жөнінде толыққанды мәлімет берді.
    Маманның айтуынша, бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 5002 млн текше метр су жинақталған, бұл қойманың жалпы сыйымдылығының 96 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 400 текше метр, ал Қызылқұм магистральды каналына секундына 80 текше метр су босатылуда. Сонымен қатар жоғарыдан келіп жатқан су көлемі есеп бойынша секундына 466 текше метрді құрап отыр.
    Ермек Исаның мәліметінше, Шардара су қоймасының барлық гидротехникалық нысандары вегетациялық суару кезеңіне толық дайын. Су босату тоспаларына қажетті техникалық күтім жұмыстары жүргізіліп, нысандар тұрақты жұмыс режимінде қызмет атқаруда. Қазіргі таңда су қоймасының техникалық жай-күйі қалыпты, төтенше жағдайлардың туындау қаупі жоқ.
    Сондай-ақ су шаруашылығы нысандарының қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жауапты мамандар тарапынан тәулік бойы бақылау мен мониторинг жүргізілуде.
    Аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев су қоймасының аудан экономикасы мен ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, жауапты сала басшыларына жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, суару маусымында тұрғындар мен шаруалардың сұранысын сапалы қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
    Бүгінде Шардара су қоймасындағы ахуал толық бақылауда. Мамандардың мәліметіне сәйкес, нысан қалыпты режимде жұмыс істеуде және тұрғындар үшін алаңдауға негіз жоқ.
    Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.