
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Отырар ауданында тағылымы мол патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Ауданның спорт саласының өкілдері, жаттықтырушылар мен жас спортшылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындап, елдік пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның ең қастерлі құндылықтарының бірі. Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың тарихын, мәдениетін, ұлттық болмысын және егеменді ел ретінде қол жеткізген жетістіктерін айшықтайтын қасиетті белгілер. Осыған орай ұйымдастырылған шара барысында спортшылар Мемлекеттік Әнұранды ерекше мақтанышпен орындап, Отанға деген сүйіспеншіліктерін білдірді.
Әнұран шырқалғаннан кейін спортшылар ашық алаңда таңғы жаттығу жұмыстарын жүргізіп, салауатты өмір салтын насихаттады. Бұл шара жас буынның бойында патриоттық рухты нығайтуға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға және ел болашағына жауапкершілікпен қарауға үндеді.
Отырарлық спортшылар әрдайым ауданның ғана емес, еліміздің намысын халықаралық және республикалық жарыстарда абыроймен қорғап келеді. Сондықтан олардың Мемлекеттік рәміздер күніне арналған бұл бастамасы жастарға өнеге болып, елдік құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісіне айналды.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осы бағыттағы іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық рух, отансүйгіштік сезім және елге деген мақтаныш қалыптасады.
Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы, ұлт рухының символы!


