Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Түнгі кітапхана» жобасы аясында «Өмір атты мүмкіндік теңізінде» атты әдеби-поэзиялық кеш болып өтті.
Киелі Отырар топырағында өткен тағылымды кешке аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, жастар мен сөз өнерінің жанашырлары қатысты. Руханият пен өнер тоғысқан кештің басты кейіпкері — жас ақын, журналист Бауыржан Ерман болды. Ал кеш модераторы ретінде Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым қатысып, әдебиет пен поэзия төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбітті.
Шара барысында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы және аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы құттықтау сөз сөйлеп, рухани кештің маңыздылығына тоқталды.
Кеш аясында «Түнгі поэзия» композициясы қойылып, ашық микрофон ұйымдастырылды. Сонымен қатар балалар шығармашылығына ерекше көңіл бөлініп, жас өнерпаздар өлең оқып, шығармашылықтарын көпшілікке ұсынды. Әдеби-сазды кеш Бауыржан Ерманның сөзіне жазылған «Жеті қазына» әнімен қорытындыланды.
Қасиетті Отырарда өткен рухани кеш поэзия мен әдебиеттің құндылығын дәріптеп, көрерменге ерекше әсер сыйлады



