
Шақыру жасына дейінгі және шақыру жасындағы ер балалар арасында әскери оқу-жаттығу далалық жиыны өткізілді.
Аталған іс-шараға ауданға қарасты 6 орта мектептің 10-сынып оқушылары қатысып, жалпы саны 63 оқушы қамтылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жасөспірімдердің әскери-патриоттық тәрбиесін қалыптастыру, Отан қорғауға дайындық деңгейін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Далалық жиын барысында оқушылар арасында кермеге тартылу, АК-74 автоматын бұзу-жинау, 100 метр және 1000 метр қашықтыққа жүгіру, газ тұмылдырығын киіп-шешу, мылтық ату бойынша түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар өздерінің ептіліктерін, төзімділіктерін және әскери даярлықтарын жоғары деңгейде көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Осындай әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар жас ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, жауапкершілік пен тәртіпке баулуда маңызды рөл атқарады.


