
Бүгін ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Ғабдуллин Ғабдреш атамызды еске алуға арналған оқушылар арасындағы шахмат турнирі жоғары деңгейде өтті.
Бұл турнир – жай ғана жарыс емес, жас ұрпақты сабырлыққа, терең ойлауға, стратегиялық шешім қабылдауға тәрбиелейтін тағылымы мол шара болды. 1–10 сынып оқушылары өзара бақ сынап, білімдері мен шеберліктерін көрсетті. Әр партия тартысқа толы, қызықты өтті.
Шара барысында қадірлі қонақтар сөз сөйлеп, атамыздың өнегелі өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі кеңінен айтылды. Сонымен қатар, өнерпаздар ән шырқап, кештің көркін аша түсті.
Турнир қорытындысы бойынша әр жас ерекшелігі санатында үздік шыққан оқушылар І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп, 10 000, 15 000, 20 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, турнирдің демеушілері – ардагердің өз ұрпақтары. Бұл – ұрпақ сабақтастығының, ата аманатына деген құрметтің айқын көрінісі.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз және барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз!
Ғабдуллин Ғабдреш атамыздың есімі – ұрпақ жадында мәңгі сақталып, оның өнегелі жолы кейінгі буынға әрдайым үлгі бола бермек.



