
Шардара ауданында су шаруашылығы инфрақұрылымын тиімді басқару және ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, Азаматтық кодексі, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы, Су кодексі және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес аудан аумағындағы суару арналары заңды тәртіппен коммуналдық меншікке қабылданды.
Бұл жұмыс Шардара ауданы әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының бастамасымен және тікелей бақылауымен жүзеге асырылып, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен шаруалардың мүддесін қорғауға бағытталды.
Бұған дейін жеке меншік иелігінде болған Ақшенгелді ауылдық округіндегі (2-Х-1, 4-К-1, 4-К-2, 4-К-3, 4-К-4 – жалпы 47 км) және Достық ауылдық округіндегі (1-Х-1, 1-Х-3, 1-Х-4 – жалпы 19 км) суару арналары ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмей, 14,5 мың гектар егістікке су жеткізу мәселесін қиындатқан.
Аталған мәселені шешу мақсатында құқықтық және ұйымдастырушылық рәсімдер толық жүргізіліп, тиісті қабылдау-тапсыру актілері рәсімделді. 2026 жылғы 6 сәуірде су шаруашылығы нысандары Шардара ауданының коммуналдық меншігіне ресми түрде қабылданып, мемлекеттік тіркеуден өткізілді.
Нәтижесінде жалпы 8 суару арнасы ауданның коммуналдық меншігіне өтті. Бұл шешім су жүйелерін мемлекет тарапынан тиімді басқаруға, жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыру тартуға құқықтық негіз қалыптастырды.
Алдағы кезеңде каналдарды кезең-кезеңімен жаңғырту, гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және су жеткізу тиімділігін арттыру жұмыстары жалғасады. Бұл өз кезегінде егістік жерлердің өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Қабылданған шаралар – ұзақ уақыт шешімін таппаған инфрақұрылымдық мәселені жүйелі түрде реттеп, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік берген нақты нәтиже.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі!!


