
Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, генерал-майор Ерболат Темірболатұлы Балғабаев Шардара ауданындағы шаруа қожалықтарының иелерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Алатау батыр, Достық, Тұрысбеков және Ұзыната ауылдық округтеріндегі шаруашылық субъектілерінің өкілдері бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, шаруалар «Агропром Лизинг» МҚҰ ЖШС мен «BNK» ЖШС-мен жасалған келісімшарттар аясында енгізілуі тиіс тамшылатып суару жүйелерін орнату және іске қосу жұмыстары белгіленген мерзімде әрі техникалық талаптарға сай толық орындалмай отырғанын айтты.
Шаруалар аталған жобалардың сапалы және уақытылы жүзеге асырылуы су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.Кездесу барысында көтерілген мәселелер қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты зерделеніп, жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдардың өз міндеттемелерін орындауына құқықтық баға берілетіні жеткізілді. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын тәуекелдерді азайту, бюджет және жеке қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына кедергі келтіретін факторларды жою бағытында тиісті шаралар қабылданатыны айтылды.Кездесу қорытындысында шаруалардың өтініштері мен ұсыныстары бақылауға алынып, оларды заң талаптарына сәйкес шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Тараптар ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы өзара ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.



