ШҚО-да табиғи өрттердің алдын алу шаралары күшейтілді

    ШҚО-да табиғи өрттердің алдын алу шаралары күшейтілді

    Жаз мезгілінің және өрт қаупі жоғары кезеңнің басталуына байланысты ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары орман алқаптарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тұрақты бақылау жүргізуде.

    – Профилактикалық рейдтерді құрамына өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полиция қызметкерлері және орман шаруашылығы мамандары кіретін мобильді топтар өткізуде. Өрт қауіпті кезең басталғалы бері 387 рейд ұйымдастырылды. Солардың қорытындысы бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған 153 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Өрт қауіпті маусым басталғалы облыс аумағында жалпы көлемі 5,81 гектарды құраған 9 орман өрті және 418 гектар аумақта 37 дала өрті тіркелді. Қазір Өскеменде, Самар, Зайсан және Күршім аудандарында өрт қаупінің 5-сыныбы сақталуда, – делінген ШҚО ТЖД ақпаратында.

    Мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының мамандарының айтуынша, орманды-дала аймағындағы өрт өте жылдам таралады. Сондықтан оның алдын алу – ең тиімді шара. Желді күндері төменгі өрттен шыққан ұшқындар қалың таралып, аласа өсетін шыршалардың төмен салбыраған бұтақтарына тиіп, жалынды ағаштардың ұшар басына дейін жеткізуі мүмкін. Осылайша, сөндіруі қиын әрі аса қауіпті жоғарғы өрт пайда болады.

    ШҚО ТЖД тұрғындарды орман және дала алқаптарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Табиғи өрттердің негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану, толық сөндірілмеген темекі тұқылы, алау, жанған сіріңке, май сіңген шүберек немесе қалдықтар, күн сәулесін шоғырландыратын шыны бөтелкелер, автокөлік сөндіргішінен шыққан ұшқындар, құрғақ шөпті өртеу, найзағай разрядтары.

    Табиғат аясына және саяжайларға демалуға шығатын азаматтар өрт қауіпсіздігі ережелерін есте сақтауы қажет: ашық аумақта шөпті өртемеу, орман ішінде от жақпау, балаларға отпен және сіріңкемен ойнаудың қауіпті екенін түсіндіру, жол бойымен жүргенде көлік терезесінен темекі тұқылын тастамау.

    Өрт белгілері байқалған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет.

    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.