
Созылмалы және әлеуметтік маңызды ауруларға шалдыққан азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы.
Еліміздегі ТМККК және МӘМС жүйесі медициналық қызметтерді ғана емес, амбулаторлық және стационарлық емдеу кезінде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерді қамтиды. Пациент ауруханада тәулік бойы стационарлық ем алу барысында дәрі-дәрмектерді қабылдайды.
Белгілі бір ауруларға (жағдайлар) шалдыққан Қазақстан Республикасының азаматтарын тегін және жеңілдікпен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған арнайы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың тізімі бар. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығымен бекітілген ( https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2100023885). Бұл тізімде аурулар мен оларға арналған дәрі-дәрмектер, дозалар және беру формалары жазылған. Сондай-ақ оларды емханадан кім тегін ала алатыны нақты көрсетілген.
«2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 262,95 млрд теңге, оның ішінде ТМККК бойынша – 226,6 млрд теңге, МӘМС шеңберінде – 36,4 млрд теңге қарастырылған.
Пациенттер үшін амбулаторлық дәрі-дәрмектер тізімге кіретін аурулар бойынша есепте тұрғандар үшін қолжетімді. Мұндайда диагнозды растау үшін қажетті тексерулерден өту керек. Ізінше диспансерлік есепке қойылып, учаскелік немесе профильді дәрігердің бақылауында болады. Дәрігерден рецепт алған пациент емханасындағы амбулаторлық дәрі-дәрмек беретін дәріханаға барады. Оны тек сол есепте тұрған адам ғана ала алады, сондықтан жеке куәлік көрсету қажет.
Егер пациент қажетті препаратты ұзақ уақыт бойы ала алмаса, «СК-Фармация» байланыс орталығына 1439 нөмірі арқылы жүгінген жөн.



