ТҮРКІСТАННЫҢ «ТҰРАН» КОМАНДАСЫ КЕЗЕКТІ РЕТ ІРІ ЕСЕППЕН ЖЕҢДІ
Түркістанның «Тұран» футбол клубы бірінші лиганың 10-туры аясында өз алаңында «Ақтөбе-Жас» командасын қабылдап, жанкүйерлеріне тамаша ойын сыйлады. Кездесуде түркістандық ұжым қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, турнирлік кестедегі үшінші орнын нығайта түсті.
Стадионды толтырған жанкүйерлер ойын бойы команданы қолдап, мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Кездесуді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы тамашалап, жергілікті команданың ойынына қолдау көрсетті.
Ойынның 11-минутында Мирас Тұрлыбек есеп ашса, 24-минутта Карам Сұлтанов команда басымдығын еселей түсті. Екінші таймда «Тұран» шабуылды үдетіп, 77-минутта Темірлан Мұрзағалиев мергендігімен көзге түсті. Ал 84-минутта Саят Бақтыбай пенальтиден гол соғып, матчтың қорытынды есебін 4:0-ге жеткізді.
Осылайша, «Тұран» кезекті ірі жеңісіне қол жеткізіп, жанкүйерлерін қуантты.
«Тұран» басшылығы жанкүйерлерге сыйлық таратып, түрлі сайыстар ұйымдастырды. Сонымен бірге белгілі әнші Айқын Төлепберген көпшілікке өнерін көрсетті.