
2018 жылдың 27 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды
Қаржы министрлгіндегі брифингте Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Ахметов Сәбит атап өткендей, заңдағы түзетулер мемлекеттік сатып алуды жетілдіруге және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын заңнамалық тұрғыдан реттеуге бағытталған.
С.Ахметовтың айтуы бойынша, Заң үш негізгі проблеманы шешуге мүмкіндік береді, ол сатып алу процедураларының аса тым реттелгені, сатып алуға қатысушылардың квалификациясының төмендігі және үнемі бір жерден сатып алу үлесінің көптігі.
Департамент басшысының пікірі бойынша, мемлекеттік сатып алу процестерін жеңілдету керек.
«Біріншіден – бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады (240 500 теңгеден 1 202 500 теңгеге дейін).
Бұл маңыздылығы төмен сатып алу процедураларын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
«Бұл норма, негізінен бюджеті үлкен емес тапсырыс берушілерге қатысты. Ол балабақшалар, мектептер, емханалар, ауруханалар, мәдениет үйлері, интернаттар, қарттар үйі», - дейді департамент басшысы. Бюджеттің төртінші деңгейін енгізу аясында ауыл әкімдіктері үшін бір көзден сатып алудың шекті сомасы 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өседі (6 807 000 теңге). Ауыл әкімдіктері үшін аталған норма 2021 жылға дейін қолданылады, бұл мемлекетік сатып алуды өткізу бойынша ауыл әкімдіктерінің қызметкерлерінің тәжірибелері қалыптасатын кезең».
Екіншіден–тапсырыс берушілерге баға ұсыныстарымен сатып алу кезінде тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық беріледі (1 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сатып алу немесе 2 450 000 теңгеге дейін). Бұл сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді.
«Бұл қазіргі уақыттағы баға ұсыныстарымен сатып алу кезінде сапасы жоқ тауарларды жеткізудің үлкен проблемасымен негізделеді, яғни бұлконтрафактық өнiмдер. Мұндай өнім техникалық ерекшелікте көрсетілген жалпы техникалық сипаттамаларға сәйкес келеді. Алайда тауарды қабылдап, пайдаланғаннан кейін олар істен шығады», - деп түсіндірді министрлік өкілі.
Үшіншіден – Заңмен орталық сатып алу қызметін жетілдіру мәселесі көзделеді.
С.Ахметовтың айтуынша, орталық сатып алу қызмет органдары жұмыс жасап жатқан бірыңғай сатып алу құрылымдарының негізінде жұмыс істейтін болады. Олар республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде іске асырылады.
«Қазіргі уақытта, бірыңғай сатып алу органдар арқылы сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, қызметтер бойынша, әрбір облыстық және аудандық әкімдік өз тізбесін бекітеді.
«Орталық сатып алу қызмет органдарының біркелкі жұмыс жасауы мақсатында Қаржы министрлігі олардың сатып алуларын айқындайтын болады. Осылайша, орталық сатып алу қызметтерінің жұмыстары нақты белгіленеді», - деп атап өтті С. Ахметов.
Сонымен бірге, орталық сатып алу қызметінің шеңберінде бірнеше сатып алуларды бір ірі лотқа біріктіруге мүмкіндік беретін нормалар көзделген. Ол сатып алуды стандарттауға және бизнестің өндірістік қуаттарын үлкен көлемде жүктеуге мүмкіндік береді.
Енді орталық сатып алу қызметі органдары бір тапсырыс беруші үшін жекелеп емес, бірнеше тапсырыс берушілердің сұраныстарын қанағаттандырады.
Мұндай шаралардың ерекшелігі –сатып алудың үлкен көлемінің арқасында тиімді баға мен үздік сапаға қол жеткізу, өндірушілермен тікелей мәміле жасау мүмкіндігі, сатып алу рәсімдерін өткізуде шығындарды азайту, сатып алынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді стандарттау болып табылады.
Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың квалификациясын және жауапкершілігін арттыруға қатысты Қаржы министрлігінің департамент директоры бірқатар мәселелерді атап өтті.
Бірінші – жеткізушіге «қаржылық тұрақтылық» деген жаңа біліктілік беріледі.
Ол төленген салықтардың және айналым мен негізгі қаражаттың болуы, сондай-ақ еңбек ақы төлеу қоры сияқты параметрлер арқылы анықталатын болады.
Бұл мәліметтер Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінен автоматты түрде алынатын болады.
Сонымен қатар, ол салықтар түсімінің артуына мүмкіндік береді.
Екінші – демпинг мәселесі шешілуде.Енді «демпингтік баға» ұғымына нақты түсінік беріледі және оған жол бермеу шаралары көзделеді.
Қазіргі проблема сатып алудың қатысушылары конкрактілерге қол жеткізу үшін бағаны негізсіз төмендетеді («демпингтейді»), ол келісімшарт міндеттемелерін тиісінше орындамауға әкеледі.
Үшінші – қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алуда «кәсіби шағымданушылар» пайда болды. Олар үшін шағымдану мемлекеттік сатып алуды бұзудан заңсыз пайда табу құралы болып табылады. Яғни «кәсіби шағымданушылардың» сатып алуға қатысуға ниеті жоқ, бірақ өтінімдерді өзара қарау шеңберінде басқа қатысушылардың ақпараттарына қол жеткізу үшін өтінім береді.
Осындай жағдайларды болдырмау үшін мыналар ұсынылады, ол:
1) конкурстық өтінішті қамтамасыз етуді енгізбеген өнім берушілерге басқа қатысушылардың құжаттарын қарауына тыйым салу;
2) конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылауға қатыспаған өнім берушілердің шағымын қарамау;
3) үшінші тұлғалардың (сатып алуға қатыспағандардың) шағымдары бойынша шарт жасасу мерзімін тоқтатпау.
Төртінші – мемлекеттік сатып алудың веб-порталын қолданғаны (пайдаланғаны) үшін ақы төлеу орнатылуда.
С.Ахметов ең маңыздылардың бірі деп бір көзден сатып алудың үлесін қысқарту мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуді санайды.
Біріншіден, бір көзден сатып алудың 53 негізінен 5-еуі алынып тасталады.
1) табиғат пайдалану құқығын сатып алу;
2) бағалы қағаздарды, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлестерді сатып алу;
3) монетарлық қызметті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін сатып алу;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
5) Қазақстан Республикасы халқының мәдени мұра объектісін (тарих және мәдениет ескерткішін) сақтау жөніндегі жұмыстардың жүргізілуіне техникалық және авторлық қадағалау жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу.
Екіншіден, тапсырыс берушілердің сатып алулар өткізілмеді деп танылған жағдайда, оларды қайта өткізу міндеті бекітілді.
Бұл бір көзден сатып алуды қысқартуға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің «Еңбек» кәсіпорындарына бір көзден сатып алу барысында қосалқы мердігерлерді тартуға тыйым салу бекітілуде.
Бұл Еңбек кәсіпорындарының тікелей мемлекеттік тапсырысты ала отырып, сотталғандарды жұмысқа орналастырудың орнына барлық жұмыстарды қосалқы мердігерлерге беруімен байланысты.
Төртіншіден, конкурсқа қатысушылардың өтініштерін уақтылы қарамағаны үшін конкурстық комиссия мүшелерінің әкімшілік жауапкершілігі белгіленеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы мен депутаттық сауалдардың шеңберінде квазимемлекеттік сектордың сатып алулары бойынша Заңмен:
Бірінші, бұл сатып алу қағидаларын бұзғаны үшін квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің әкімшілік жауапкершілігін белгілеу;
Екінші, квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алуын электрондық форматқа көшіру;
Үшінші, Самұрық-Қазына Қорын қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірыңғай сатып алу қағидаларын Қаржы министрлігімен бекітуі ұсынылады.
Бұл ретте, Самұрық-Қазынаның ережелері Қор директорларының Кеңесімен Қаржы министрлігінің келісімі бойынша бекітілетін болады.


