Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің Қазақстан Республикасындағы ХВҚ миссиясы шеңберінде Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) делегациясымен екіжақты кездесулері өтті. ХВҚ делегациясын ХВҚ Қазақстан бойынша миссиясының басшысы, ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті Орталық Азия елдері басқармасының бастығы Амина Лареш басқарды. Тараптар Қазақстанның қаржы секторын дамытудың ағымдағы үрдістерін қарады, кредиттік циклдің жай-күйін, макропруденциялық құралдардың тиімділігін, сондай-ақ қаржылық тұрақтылық үшін ықтимал сын-қатерлерді талқылады. Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) ұсынымдарын іске асыруға ерекше назар аударылды. Қатысушылар сондай-ақ «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заңның негізгі ережелерін, соның ішінде төлемге қабілетсіз банктерді реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады. ХВҚ мен Дүниежүзілік банк тобының 2025 жылғы қазандағы Жыл сайынғы кездесулері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жалғастыра отырып, тараптар проблемалық банктерді реттеу жүйесін жетілдіру және қаржылық қорғау желісін (financial safety net) дамыту мәселелерін қарады. Сонымен бірге Агенттік бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды қадағалаудың қолданыстағы жүйесіне диагностика жүргізуге, тәуекелге бағдарланған қадағалап бағалау әдіснамасын әзірлеуге, қадағалау есептілігі мен мониторинг жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ нарықтық іс-қимыл тәуекелдерін бағалауға, инвесторларды қорғауға және нарықтағы теріс пайдалануларға қарсы іс-қимылға заманауи тәсілдерді енгізуге мүдделі. Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және қаржы жүйесінің орнықтылығын нығайтуға және реттеу мен қадағалаудың үздік халықаралық практикаларын енгізуге бағытталған сындарлы диалогты жалғастыруға мүдделілігін растады.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі Fingramota.kz жобасының аясында «Қаржылық қауіпсіздік: жастардың таңдауы» форумы өтті. Іс-шара студенттердің, оқытушылардың, қаржы нарығы сарапшыларының, киберполиция мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің басын біріктірді. Қатысушылар жеке қаржыны сауатты басқару, кредиттер мен микроқарыздарға жауапкершілікпен қарау, орнықты қаржылық әдеттерді қалыптастыру, сондай-ақ жастарды дропперлікке байланысты алаяқтық схемаларға тарту қаупінің мәселелерін талқылады. Форумды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректорының міндетін атқарушы Ғани Бесбаев ашты. Өз сөзінде ол цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік қазіргі заманғы адамның маңызды дағдыларына айналып отырғанын атап өтті. Агенттіктің Fingramota.kz жобасының өкілі Ғаділбек Әкім бүгінгі таңда қаржылық сауаттылық жеке бюджетті басқару мен банк өнімдерін пайдалану шегінен әлдеқайда ауқымды мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, интернет-алаяқтықтың өсуі жағдайында қаржылық сауаттылық әрбір азаматтың жеке қауіпсіздігінің маңызды элементіне айналуда. «Мирас» университетінің ректоры Нұркен Халықберген студенттерге дұрыс қаржылық әдеттер мен жинақтау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын айтып берді. Ол қаржылық жоспарлау және жеке қаражатты ұтымды басқару жөніндегі практикалық кеңестерімен бөлісті. «Онлайн Қазқаржы» МҚҰ сату жөніндегі өңірлік басшысы Еркебұлан Сауранбаев кредит беруге жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтып берді. Ол қарызды ресімдемес бұрын өзіңнің қаржылық мүмкіндіктерің мен ықтимал тәуекелдерді объективті бағалаудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасының микроқаржы омбудсманы Назгүл Естеусізова қатысушыларды микроқарыздарға және микроқаржы ұйымдарының алдындағы берешекке байланысты жиі кездесетін проблемалармен таныстырды. Ол уақтылы кеңес алу және қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру қарыздың қиындықтарынан аулақ болуға және әбден сараланған қаржылық шешімдер қабылдауға көмектесетінін атап өтті. Шымкент қаласы Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Шыңғыс Жайлаубектің сөйлеген сөзі студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Ол интернеттегі алаяқтықтың заманауи схемалары туралы айтып, дропперлік мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Спикер жастарды «жеңіл табыс табу» деген сылтаумен құқыққа қайшы қаржылық операцияларға тарту тетіктерін түсіндіріп, осындай қатысудың ықтимал құқықтық салдарын айтып берді. Форумды «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының өкілдері аяқтады. Олар қатысушыларға бастама шеңберінде азаматтарға қолжетімді қолдау шаралары, сондай-ақ борыш жүктемесі, қаржылық жоспарлау және қаржылық орнықтылықты арттыру мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндіктері туралы айтып берді. Жауапты қаржылық іс-қимылды қалыптастыруға ықпал ететін білім беру бағдарламалары мен практикалық құралдарға ерекше назар аударылды. Форумның қорытындысы бойынша Fingramota.kz жобасының өкілдері «Ата, әже, кодты ешкімге айтпаңыз!» бейнероликтері байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелеріне арналған үздік жұмыстар Fingramota.kz жобасының Instagram -дағы ресми парақшасында орналастырылған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Болашақтың қаржысы: ұлттық экономиканы дамытудың сын-қатерлері мен жаңа мүмкіндіктері» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII республикалық студенттік пәндік олимпиада өткізді. Іс-шара «Тұран» университетінде Агенттіктің Fingramota.kz. халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жобасы аясында өтті. Олимпиаданы өткізу студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға, тәжірибе алмасуға және елдің жетекші жоғары оқу орындарымен қаржы секторының өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін академиялық және кәсіби қоғамдастық үшін маңызды оқиға болды. Олимпиадаға Қазақстанның 12 жетекші университеттерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін, талдамалық тұрғыдан ойлауды, көшбасшылық қабілеттерін және командада тиімді жұмыс істей білу қабілетін көрсетті. Конкурстық бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрды: кәсіби құзыреттіліктерді кешенді тестілеу, капитандардың «Finance IQ» зияткерлік блиці, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларын қорғау. Қазылар алқасының құрамына Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері кірді. Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, екінші орынды Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті және Almaty Management University, үшінші орынды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, А. Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты және «Тұран» университеті иеленді.
Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық Банктің, KASE, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, банктердің, сақтандыру ұйымдарының, институционалдық инвесторлар өкілдерінің, сондай-ақ халықаралық консультанттар мен сарапшылардың қатысуымен «Капитал нарығы күні» дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстел барысында қор нарығын одан әрі дамытудың негізгі бағыттары, оның инвестициялық тартымдылығын арттыру және нарықтық тетіктер арқылы экономиканы қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Іс-шараны ашқан кезде Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова капитал нарығы экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылатынын атап өтті. «Капитал нарығы қаржылық делдалдықтың аса маңызды тетігі болып табылады. Оның рөлі инвестицияларға жинақтарды қайта бөлу ғана емес, сонымен қатар мемлекет, квазимемлекеттік сектор, жеке компаниялар, шағын және орта бизнес, сондай-ақ инновациялық кәсіпорындар үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың орнықты арнасын құру болып табылады», – деп атап өтті Агенттік басшысы. М. Әбілқасымованың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан капитал нарығы орнықты дамуды көрсетуде. Акциялар нарығын капиталдандыру 39 трлн теңгеге жетті, бұл ІЖӨ-нің шамамен 24%-ын құрайды, корпоративтік облигациялар көлемі 16 трлн теңгеден асты немесе ІЖӨ-нің шамамен 10%-ын құрады. KASE сауда жүйесінде 76 эмитент акцияларының 89 шығарылымы және 158 эмитенттің корпоративтік облигацияларыың 717 шығарылымы айналысқа түседі. Орталық депозитарийдегі шоттар саны 5 млн шоттан асты, бұл бөлшек және корпоративтік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың өсуін көрсетеді. Сонымен қатар, нарықтық инфрақұрылымды дамыту жалғасуда және қазақстандық капитал нарығын халықаралық қаржы жүйесімен ықпалдастыру жөніндегі шаралар іске асырылуда. Сонымен қатар, Агенттік Төрағасы капитал нарығын одан әрі дамыту әлеуеті елеулі болып қалатынын атап өтті. Негізгі сын-қатерлердің ішінде нарықтың жеткіліксіз өтімділігі, белсенді инвесторлардың шектеулі базасы, сондай-ақ бизнес субъектілерінің қор нарығын ұзақ мерзімді қаржыландыру көзі ретінде жеткіліксіз пайдалануы сақталып отыр. Осыған байланысты Агенттік Ұлттық Банкпен және халықаралық консультанттармен бірлесіп Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және «Капитал нарығы туралы» жаңа Заңды әзірлеуде. Құжаттармен жұмыс Oliver Wyman халықаралық консалтингтік компаниясының, сондай-ақ кәсіби қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылуда. Құжаттар капитал нарығының заманауи және орнықты моделін қалыптастыруға , оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикаға ұзақ мерзімді инвестициялардың әкелінуі үшін жағдай жасауға бағытталған. Жаңа заңнама шеңберінде инвесторлар базасын кеңейту, зейнетақы активтерін басқару жүйесін реформалау, ШОБ субъектілері үшін қаржыландыру құралдарын дамыту, «бірыңғай терезе» қағидатын енгізу және бағалы қағаздар эмиссиясы рәсімдерін толық цифрландыру көзделеді. Сондай-ақ, биржалық, клирингтік және депозитарлық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа қаржы құралдарын дамыту және корпоративтік басқару мен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру жоспарлануда. Халықаралық депозитарлық және есеп айырысу жүйелерімен өзара іс-қимылды дамытуды, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін инфрақұрылымдық және реттеушілік кедергілерді жоюды қоса алғанда, қазақстандық капитал нарығын халықаралық қаржы жүйесіне ықпалдастыруға ерекше назар аударылатын болады. Агенттік басшысы атап өткендей, капитал нарығын дамыту стратегиясын әзірлеу мемлекеттің, инфрақұрылымдық ұйымдардың және нарыққа кәсіби қатысушылардың бірлескен жұмысын талап етеді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан капитал нарығын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар мен практикалық ұсынымдар әзірледі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк, Қаржы министрлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және Азия Даму Банкі (АДБ) Қазақстан тарихындағы осындай алғашқы құжат – «Қазақстан үшін облигациялар нарығы бойынша нұсқаудың» (Bond Market Guide for Kazakhstan) жарияланғанын хабарлайды. Кешенді анықтамалық ASEAN+3 облигациялар нарығы форумының қолдауымен дайындалған. Нұсқау ASEAN+3 Bond Market Guide бастамасы – ASEAN+3 облигациялар нарықтары форумының (ABMF) жарияланымдар сериясы шеңберінде дайындалды, оның хатшылық функцияларын АДБ қамтамасыз етеді. Қазақстан Форумға 2025 жылы ресми байқаушы ретінде қосылды. Құжат Қазақстанның облигациялар нарығының барлық негізгі аспектілерін: нарықтың қалыптасу тарихын және оның дамуының негізгі кезеңдерін; құқықтық және реттеушілік базаны: бағалы қағаздар туралы заңнама, листингке қойылатын талаптар, ақпаратты ашу, бейрезиденттердің қолжетімділігі; борыштық құралдардың түрлерін: мемлекеттік, корпоративтік облигациялар, ақша нарығының құралдары және исламдық бағалы қағаздар (сукук); АХҚО юрисдикциясының ерекшелігін қоса алғанда, KASE және AIX сауда, клиринг және есеп айырысу инфрақұрылымын; салық салу режимін, қатысу құнын және шетелдік инвесторлар үшін қол жеткізу шарттарын; өзекті сын-қатерлерді, перспективалар мен нарықты одан әрі дамытудың басымдықтарын қамтиды. Нұсқау Қазақстанның капитал нарығы туралы өзекті және жүйеленген түсінік алуға ұмтылатын халықаралық инвесторларға, эмитенттерге, қаржы делдалдарына, реттеушілерге және зерттеушілерге арналған. Құжат АДБ сайтында қолжетімді. Нұржан Тұрсынханов, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары: «Реттеушілік ашықтық – инвесторлар сенімінің негізгі шарты. Нұсқауда қазақстандық бағалы қағаздар нарығының нормативтік-құқықтық базасы егжей-тегжейлі сипатталады және шетелдік қатысушыларға мүмкіндіктерді бағалау кезінде сенімді бағдар береді. Агенттік үздік халықаралық практикаларға сәйкес реттеудің дамуына қарай құжаттың өзектілігін сақтауға ниетті. Бүгінгі күні Агенттік халықаралық консультанттармен бірлесіп, нарықты дамытудың өзге кезеңі үшін құрылған және оның ауқымы мен күрделілігіне бұдан былай жауап бермейтін заңнамалық базаны жаңғырту мақсатында Бағалы қағаздар нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және Капитал нарығы туралы жаңа заңды әзірлеуде. Реформа нарықта инвестициялауға арналған жаңа эмитенттер мен құралдардың пайда болуына, инвесторлардың орнықты базасы мен өтімділіктің қалыптасуына, барлық қатысушылардың құқықтары сенімді қорғалуына – және нәтижесінде, капитал нарығының Қазақстан экономикасын қаржыландыруда аса маңызды орынға ие болуына бағытталған». Әлия Молдабекова, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары: «Облигациялар нарығы экономиканы қаржыландыруда шешуші рөл атқарады және кірістіліктің нарықтық қисығын қалыптастыруды және ақша-кредит саясатының белгілерін тиімді беруді қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның қаржы нарығын дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттік органдармен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп инфрақұрылымды дамыту, реттеуді жетілдіру, өтімділікті арттыру және инвесторлық базаны кеңейту жөніндегі шаралар кешенін іске асырады. Аталған жұмыс шеңберінде Азия даму банкімен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес нарық туралы ақпаратты құрылымдайтын және оның ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған Қазақстанның облигациялар нарығы жөніндегі нұсқау дайындалды». Дәурен Кеңбейіл, Қаржы вице-министрі: «Мемлекеттік бағалы қағаздардың дамыған және өтімді нарығы – мемлекеттік қаржының орнықтылығының және бәсекелестік шарттарда инвестициялар тарту қабілетінің негізі. Осы Нұсқау халықаралық инвесторларға қазақстандық борыштық құралдар туралы объективті және құрылымдық ақпарат ұсынады. Қаржы министрлігі нарықты тереңдету және инвесторлар базасын кеңейту бағытын дәйекті түрде іске асыруда». Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Басқарушысы: «АХҚО әлемдік деңгейдегі қаржы алаңы ретінде құрылды және облигациялар нарығын дамыту біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі болып табылады. Нұсқауға АХҚО-ның құқықтық және нарықтық инфрақұрылымы туралы жеке тарау енгізу жаһандық инвесторларға біздің юрисдикция арқылы жұмыстың артықшылықтарын толық көлемде бағалауға мүмкіндік береді. Біз бұл жарияланым қазақстандық нарыққа халықаралық капиталды тартудың тиімді құралына айналатынына сенімдіміз». Утсав Кумар, Азия даму банкінің (АДБ) Қазақстандағы өкілдігінің директоры: «АДБ Қазақстанды ASEAN+3 форумының жұмысы шеңберінде осы Нұсқауды дайындауда қолдауға қуанышты. Жарияланым Қазақстанның өңірлік қаржылық ықпалдасудағы күннен күнге өсіп келе жатқан рөлін және оның экономикалық дамуды қолдау үшін халықаралық капитал тартуға ұмтылысының айғағы. Біз Нұсқау Қазақстанды салымдар үшін объект ретінде қарастыратын инвесторлар мен нарыққа қатысушылар үшін құнды құрал болатынына сенімдіміз» ASEAN+3 (ABMF) облигациялар нарықтарының форумы 2010 жылы Азия облигациялар нарықтарын дамыту жөніндегі бастаманың (ABMI) шеңберінде құрылды. Форум ақпарат алмасу, саясат және реттеу саласында ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ ASEAN+3 өңіріндегі облигациялар нарықтарының ықпалдасуына жәрдемдесу үшін жетекші өңірлік алаң болып табылады. ABMF хатшылығын Азия даму банкі қамтамасыз етеді.
Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub алаңында «Қаржы навигаторы: сенімділік пен қауіпсіздікке жол» форумы өтті. Іс-шара студенттерді, оқытушыларды, қаржы нарығының сарапшыларын және бейінді ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Форум Fingramota.kz. қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы аясында өтті. Қатысушылар қаржылық күн тәртібінің негізгі мәселелерін, оның ішінде кредиттерді жауапкершілікпен пайдалануды, жеке қаржыны басқаруды, инвестициялау негіздерін, сондай-ақ қаржылық алаяқтық пен дропперлікке қарсы іс-қимылды талқылады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Марғұлан Ибраимов цифрлық экономиканың дамуы жағдайында қаржылық сауаттылық пен жеке қаржыға жауапкершілікпен қараудың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қаржылық сауаттылық қазіргі жастардың негізгі дағдыларының бірі, ал ақпаратты талдай білу және алаяқтық схемаларды тани білу қаржылық қауіпсіздіктің маңызды элементі болып табылатынын атап өтті. Форум барысында сарапшылар сөз сөйледі, олар кредиттерге жауапкершілікпен қарау және бюджетті ерте жастан жоспарлаудың маңыздылығы мәселелеріне тоқталды, сондай-ақ инвестициялаудың негізгі құралдары мен қор нарығының ерекшеліктеріне тоқталды. Студенттерге заманауи алаяқтық схемалар, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының жұмысы және қаржылық алаяқтықтың алуан түрлеріне қарсы іс-қимыл әдістері туралы айтылды. ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Жандос Дүйсебаев дропперліктің тәуекелдерін, банктік және дербес деректерді үшінші тұлғаларға берудің салдарын, сондай-ақ осындай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік туралы атап өтті. Форум сарапшылар мен жастар арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар нақты жағдайларды талдап, заманауи қаржы құралдарын талқылады және жеке қаржыны қорғау үшін практикалық білім алды. Іс-шара соңында қаржылық квиз өтті, оның жеңімпаздары жүлделермен марапатталды. Сондай-ақ, форум аясында «Дропперлік: жеңіл ақша – ауыр зардаптар» бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылды. Студенттер 24 жұмыс дайындады. Роликтер әлеуметтік желілерде Fingramota.kz жобасының беттерінде жарияланатын болады.