Жұмыссыз азаматтарға мемлекеттік көмек шараларының қандай түрлері көрсетіледі? Қандай бағдарма бойынша? Көмек алуға қайда өтініш білдіру керек?
Мемлекет мынадай мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді: Жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында бірінші кезекте жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру шаралары қабылданады. Сондай-ақ, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарының түрлі нысандары қарастырылған: - әлеуметтік жұмыс орындары. Әлеуметтік жұмыс орындары барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушінің олардың еңбегіне ақы төлеу шығындарын 12 айдан аспайтын мерзімге ішінара өтей отырып ұйымдастырылады. Әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері белгіленген жалақы мөлшерінің 35% құрайды, бірақ 24 АЕК аспайды. Жастар үшін әлеуметтік жұмыс орындары сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында құрылады. - «Алғашқы жұмыс орны» жобасы. Еңбек нарығында жұмыс тәжірибесі жоқ адамдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және олардың бірінші жұмыс орнында бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы қарастырылған. Қатысу мерзімі - 18 айдан аспайды, қатысушының еңбекақысының мөлшері - 30 АЕК. - «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы. Бұл жоба аясында жұмыс беруші 6 ай өткеннен кейін, зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейін ауыстырумен жұмыссызды тұрақты жұмысқа орналастырады. Қатысушының еңбекақысының мөлшері - 30 АЕК. - Жастар практикасы. Бұл түлектерді жұмысқа орналастыру проблемасын шешудің бір жолы. Ол жұмыспен қамтамасыз етуге, алған мамандығы бойынша жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ оқу орындарының түлектеріне кәсіби дағдыларын дарытуға, жұмыс берушілерді түлектерді жұмысқа қабылдауға қызықтыруға бағытталған. Бұл шара жұмыс берушіге болашақ қызметкердің еңбек дағдыларын бағалауға, ал жас қызметкерге осы немесе басқа кәсіпорында жұмысқа орналасу үшін мүмкіндікті пайдалануға мүмкіндік береді. Жастар практикасына қатысушылардың еңбеақысының мөлшері - 30 АЕК, жастар практикасынан өту мерзімі - 12 айға дейін 50 жастан асқан адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылуда. 2023 жылдан бастап жобаға 50 жастан асқан адамдар қатыса алады (3 жыл мерзімге дейін). Бұл ретте, мемлекет жұмыс берушіге жалақы шығындарын өтейді: 1) қатысудың бірінші 12 айында - жалақы мөлшерінің 70%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды; 2) қатысудың 13-ші айынан бастап 24-ші айына дейін - жалақы мөлшерінің 65%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды; 3) қатысудың 25-ші айынан бастап 36-шы айына дейін - жалақы мөлшерінің 60%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыссызды тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады. - Қоғамдық жұмыстар. Бұл қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін, әлеуметтік пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің түрлері. Еңбекақы мөлшерін жергілікті атқарушы органдар белгілейді бірақ 24 АЕК кем емес. Сұранысқа ие емес немесе кәсібі жоқ жұмыссыз адамдар үшін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша тегін қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және жұмыс орнында оқыту қарастырылған. Оқу мерзімі - 6 айға дейін. Мемлекет Электрондық еңбек биржасында онлайн форматта «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытудан өту мүмкіндігін береді. Курстардан өткеннен кейін қатысушылар сертификат алады. Халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға 400 АЕК дейінгі мөлшерде өтеусіз және қайтарымсыз негізде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар көзделген. Мемлекеттік гранттар мүкәммалды, технологиялық жабдықты, еңбек құралдарын, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алу үшін беріледі. Гранттар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтау туралы сертификат болған кезде беріледі. 2023 жылдан бастап жастарға бизнесті дамытуға қолдау көрсету мақсатында Сенім білдірілген агент («Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ) арқылы жылдық 2,5% жеңілдетілген кредит беру көзделген. Кредит беру шарттары: 1) микрокредит мерзімі - 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін - 7 жылға дейін; 2) ең жоғары сомасы - 5 млн. теңгеге дейін; 3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 2,5% аспайды; 4) кепілмен қамтамасыз етудің болуы; 5) негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 аспайды; 6) салық органдарында микрокредит алу үшін сенім білдірілген агентке жүгінген сәтте жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспайды. 2018 жылдан астап ҚР Электрондық еңбек биржасы (www.Enbek.kz)жұмыс істейді. Бұл - жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге көмек көрсету үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру жөніндегі бірыңғай цифрлық алаң. Республика бойынша бос жұмыс орындары мен ізденушілер туралы ақпарат күн сайын әр түрлі көздерден жаңартылады: - жұмыс берушілер мен ізденушілер өз бетінше; - бос орындар мен ізденушілердің мемлекеттік дерекқорынан (Халықты жұмыспен қамту орталықтары қалыптастыратын Мемлекеттік дерекқормен интеграциялау); - жеке жұмыспен қамту агенттіктері; - бұқаралық ақпарат құралдары; - жұмысқа орналастыру жөніндегі онлайн-алаңдар. Е-Биржа порталы: - бос орындар дерекқорына және түйіндемеге онлайн-қолжетімділік алуға; - Жеке кабинетті тіркеуге және бос жұмыс орнын немесе түйіндемені орналастыруға; - жіберілімге жазылуға және берілген критерийлерге (қызмет саласы, кәсібі, өңірі) сәйкес өзінің электрондық мекенжайына немесе Telegram мессенджеріне Порталда жаңадан жарияланатын бос орындар мен түйіндемелерді алуға; - пікірлер мен әңгімелесуге шақырулардың режимдерін қолдана отырып, жұмысқа қабылдауға; - жұмыс берушінің жеке кабинетінде арнаулы жұмыс орындарына субсидиялауға өтінімдерді орналастыруға; - Халықты жұмыспен қамту орталықтарына онлайн режимінде ағымдағы бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді беруге; - жұмыс берушінің жеке кабинетінде жұмыскермен еңбек шартын тіркеуге және еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне ақпарат жіберуге; - онлайн режимінде статистикалық есептілікті ұсынуға; - кәсіптік бағдарлау тестінен өтуге және тест нәтижелеріне сәйкес келетін Порталда бос жұмыс орындарын табуға; - «Виртуалды кеңесші» модулі арқылы 18 мемлекеттік қызмет туралы консультациялық көмек алуға мүмкіндік береді. Е-биржада тіркелу, бос жұмыс орындары мен түйіндемелер дерекқорына қолжетімділік, бос жұмыс орындарын жариялау, түйіндемелер мен басқа да ақпараттар тәулік бойы және ақысыз негізде ұсынылады. Түйіндемені орналастыру және бос лауазымдарға жазылу жөніндегі Е-биржа сервисін eGovmobile мобильдік қосымшасында да пайдалануға болады. Е-биржамен жұмыс және қызметкерлерді іздеу тез, ыңғайлы және қарапайым! Порталдың Facebook, VK, ОК, Twitter, Instagram әлеуметтік желілерінде өзінің ресми парақшалары бар. Ресми парақшаларда күн сайын Порталдағы бос орындар мен статистикалық деректер туралы ақпарат жарияланады.
