Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшілігі

    Елшілік туралы

    Қош келдіңіздер!

    Б із Сізге Қазақстан туралы, сондай-ақ Елшіліктің қызметі мен қызмет көрсетулері туралы молырақ ақпарат алғыңыз келгені үшін алғысымызды білдіреміз.

    Сайт кең қоғамдастықты Бухаресттегі дипломатиялық өкілдіктің қызметімен таныстыру үшін, сондай-ақ Румынияда тұратын қазақстандық азаматтарға және Румынияға саяхатшы ретінде барғысы келетін немесе елмен іскери қарым-қатынас орнатқысы келетін қазақстандықтарға ақпараттық қолдау көрсету үшін ұсынылады.

    Қазақстан Республикасының Елшілігі.

    ОтырысАяқталды

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзі

    Құрметті Президент! Қадірлі Бас хатшы! Құрметті делегаттар! Біріккен Ұлттар Ұйымы сексен жылдан бері адамзатқа төнген жаһандық cын-қатерлерді еңсеруде басты рөл атқарып келеді. Осы жылдар аралығында Ұйым біздің ұжымдық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, бейбітшілікті сақтау, өсіп-өркендеу, кедейлікті азайту, орнықты даму және адам құқығын қорғау бағытындағы ортақ күш-жігерімізді ілгерілетуге бастамашы болды. Алайда ақиқатқа тура қарауымыз керек: әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Өкінішке қарай, жақсы жаққа қарай өзгерді деп айту қиын. Дәл сол себепті жер жүзіндегі миллиондаған адам Бірікккен Ұлттар Ұйымына үлкен үмітпен көз тігіп отыр. Бүгінгі тарихи кездесу – әмбебап және баламасы жоқ Ұйымның іргелі қағидаттары мен мақсаттарына қаншалықты бейіл екенімізді дәлелдейтін орайлы мүмкіндік. Әйтсе де біз көпжақты институттарға деген сенімнің дағдарысқа ұшырағанын айтпай кете алмаймыз. Халықаралықтың құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» айналды. Соның салдарынан әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, халықтардың, саяси көшбасшылар мен мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті. Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды. Қазіргі буын көшбасшыларының әрекетсіздік танытуға еш құқығы жоқ. Өйткені оның зардабын келесі ұрпақ тартады. Осы орайда Бірікккен Ұлттар ұйымын жан-жақты реформалау толассыз талқыланатын тақырып емес, нағыз стратегиялық қажеттілік екеніне назар аударғым келеді. Бізге БҰҰ-ны реформалау жөнінде нақты ұсыныс әзірлейтін жоғары кәсіби және оны еш ойланбастан алға жылжытатын пікірлестер тобын құру қажет. Ұйым бүгінгі сын-қатерлерге және ертеңгі міндеттерге сай болуы керек. Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғыртуды көздейтін мұндай батыл әрекет Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуға тиіс. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Іс жүзінде орта державалар қазірдің өзінде теңгерімді сақтауға және өзара сенімді нығайтуға үлес қосып, халықаралық қатынаста жағымды рөл атқара бастады. Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады. XXI ғасырда БҰҰ беделін көтеру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздіктің іргесін бекемдейтін нақты қадамдар жасауға тиіс. Әйтпесе, БҰҰ үнемі мәселенің салдарымен күресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе береді. Біз бұл үдерісті дәл бүгіннен бастай аламыз. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына бейіл екенімізді тағы да растауымыз қажет. Егемендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының бәрі мүлтіксіз сақталуға тиіс. Ұйым Жарғысын қолайына қарай қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді. Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді. Бүгін де біз алаңдатарлық ахуалға куә болып отырмыз: қарулануды шектейтін шарттар сақталмайды, демек, стратегиялық тұрақтылықтың да іргесі сөгіле бастады. 2024 жылы дүние жүзінде әскерді жарақтандыруға кеткен шығын 2,7 триллион долларды құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал жаһандағы зорлық-зомбылықтың шығыны 20 триллион долларға жуықтады. Сондықтан әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болуға тиіс. Біз ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауды қолдаймыз, көпжақты әрекеттің жандануына күш салуымыз керек деп санаймыз. Кең көлемде алып қарасақ, соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоятын күрделі жұмысқа кіріскен жөн. Бұл жүзеге асыруға болатын шаруа. Бастысы, мемлекеттердің бейбітшілік жолында қанша қаржы жұмсап отырғанын мұқият бақыласақ болғаны. Қазақстан ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаңа диалогқа дайын. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартты күшейтіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың орындалуына түрткі болу үшін бейресми пікір алмасуларға мән бере аламыз. Сонымен қатар біз бұған дейін айтқан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынымымызды жүзеге асыруға шақырамыз. Қазақстан бейбіт тұрғындарға орасан зор залал келтіріп, жаһандық сенімге селкеу түсірген және халықаралық қауіпсіздікті әлсіреткен Украина айналасындағы дағдарысқа алаңдаулы. Дегенмен аталған қақтығысты тоқтату үшін екіжақты және халықаралық деңгейдегі дипломатиялық күш-жігерді жалғастырып, қос мемлекет ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін саяси икемділік көрсетуі керек. Территориялық дау-дамайды шешу ешқашан оңай болған емес. Ол келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақтың да барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуын талап етеді. Өшпенділік психологиясы қақтығысқа қатысушы тараптардың бітімге келуіне мүмкіндік қалдырмай, қай-қайсысын да құрдымға жібереді. Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындаймыз. Қазақстан Таяу Шығыстағы өңірлік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық ұсынымдарды қолдайды. Егер көшбаcшылық пен саяси ерік-жігер болса, бұл құжаттар араздықты ынтымақтастық пен ортақ игілікке айналдыруға болатынын көрсетеді. Сондай-ақ біз АҚШ Президентінің араағайындығымен Әзербайжан мен Армения қарым-қатынасының қалыпқа түскенін ерекше ықыласпен қабыл алдық. Бұл дипломатия мен парасатты шешімнің арқасында ұзақ жылға жалғасқан кез келген қақтығысты реттеуге болатынын дәлелдеді. Қазақстан осы қағидатқа сүйеніп, дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды. Қазіргі геосаяси шиеленіске қарап, кейбір саясаткерлер «өркениеттер қақтығысынан қашып құтыла алмаймыз» деген пікір айтып жүр. Алайда мұндай алауыздық тағдырдың жазуы емес, олардың саяси таңдауы. Ғылым, медицина, спорт, дін және мәдениет сияқты жаһандық игіліктер геосаяси бөліністің құралына айналмауға және санкция салуға себеп болмауға тиіс. Адамзат өміріндегі бұл ізгі құндылықтар бізді гуманизм идеясына біріктіреді. Саясаткерлер жауапкершіліктен жұрдай мәлімдеме жасағанда немесе дін мен болмысты саяси ұпайын түгендеу үшін бұра тартып, ағат әрекетке барғанда сенімге селкеу түсіп, бейбітшілікке ұмтылған ерік-жігер жасиды. Анығында, саяси көшбасшылық – бір-біріне күмән-күдікпен қарап, менмендік таныту емес, өзара түсіністік пен құрметтен тұрады. Әлемге тірек болып тұрған толеранттылық пен парасаттылық заң үстемдігіне арқа сүйеуі қажет. Құрметті әріптестер! Біз жікке бөлінушілік барған сайын күшейіп, инвестиция ағынына қатысты саяси сыңаржақ ұстаным белең алғанына куә болып отырмыз. Соның салдарынан былтыр әлемдегі тікелей шетел инвестициясының көлемі 1,5 триллион долларға дейін қысқарды. Қазақстан инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуді табанды түрде жақтайды. Тәуелсіздіктің 30 жылында ел экономикасына 400 миллиард доллардан астам қаржы тартылды. Біз әрқашан ашық нарық қағидаттарына сүйенеміз әрі бұл мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты болып қала береді. Еуразия төсінде орналасқан Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызына қызмет көрсететін логистикалық хаб ретінде шешуші рөл атқарады. Біз көлік-транзит инфрақұрылымына, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасына, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізіне және Транскаспий көлік бағытына ондаған миллиард доллар инвестиция саламыз. Қазақстан қалыптасып келе жатқан жаһандық көлік жүйесінің өзегі саналатын аймақтық жеткізу тізбегін дамытуды жалғастырады. 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Еліміз Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Ондағы міндеттер мемлекеттік жоспарлауда және бюджет жобасын әзірлегенде ескеріледі. БҰҰ Бас хатшысы мен Ұйымға мүше мемлекеттердің қолдауының арқасында Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Бүгінде Орталық Азияның бірлігі мен өзара сенімі жаңаша сипат алып, өңір халықаралық бейбітшілік пен прогрестің белсенді қатысушысына айналды. «Орталық Азия бестігі» ынтымақтастығын нығайтуда. Сол арқылы тату көршілік дамуға да, қауіпсіздікті күшейтуге де оң септігін тигізетінін дәлелдеп отыр. Соның арқасында біздің өңір әлемдегі негізгі серіктестерімен «Орталық Азия плюс» форматында диалог жүргізе бастады. Қазақстан Ауғанстанның инклюзивті дамуын аймақтағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі деп санайды. Біз ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетіп, сауда, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және көлік тасымалы салаларындағы ықпалдастығымызды жалғастыра береміз. Құрметті делегаттар! Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алды. Жоспарлы іс-әрекетіміздің арқасында, соның ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық. Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде еліміз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады. Дегенмен Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз. Былтыр Қазақстан Франция, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп One Water саммитін өткізді. Болашақта су тапшылығын болдырмау мақсатында анағұрлым тығыз үйлестіру, инвестиция және орнықты шешім қажет. Аталған мәселені күн тәртібіне шығару үшін еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа халықаралық құрылымдармен серіктесе отырып, келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырады. Қорғаған ортаны қорғау саласындағы міндеттемелеріміз аясында елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл қозғалыс тазалыққа, қоқыс жинауға және экологиялық ағартушылыққа атсалысатын миллиондаған еріктіні ортақ іске жұмылдырады. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрін осы маңызды бастамаға қолдау білдіріп, ынтымақтастық орнатуға шақырамыз. Осы орайда Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынамын. Қымбатты достар! Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады. Алайда жасанды интеллектіні дамытудың тәуекелдері де бар. Атап айтқанда, ол технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздіктердің күшеюіне әкеледі. Сондай-ақ этика нормалары бұл эволюцияның соңында қалып қоюына жол бермеуіміз керек. Әділеттілік, жауапкершілік және адам құқықтарын қорғау мәселелері жедел әрі нақты шешілуге тиіс. Бұл үшін әр ел ЖИ артықшылықтарын пайдалана алатындай ұжымдық күш-жігер қажет. Қазақстан БҰҰ аясында Жасанды интеллектіні басқару бойынша жаһандық диалогтың басталуын қолдайды. ЖИ саласындағы қауіпсіздік, инклюзивтілік және адамға бағдарлану міндетті түрде ескерілуі үшін аталған платформа жұмысына белсенді түрде атсалысуға дайынбыз. Қазақстанда жасанды интеллект экономика мен мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық секторына енгізіледі. Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың базалық инфрақұрылымы жасақталып жатыр. Дарынды жас мамандарымыз мұны іске асыруға әзір. Біздің стратегиялық мақсатымыз – үш жылдың ішінде Қазақстанды толық цифрланған елге айналдыру. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды. Электрондық үкімет ұлттық даму стратегиямыздың негізгі элементі саналады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің шамамен 90 пайызы цифрлық форматта ұсынылады. Жуырда Қазақстанда ең қуатты ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Дегенмен ЖИ мен автоматтандыру көптеген елде жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Сондықтан цифрлық прогресс кәсіптік білім берумен қатар жүргізілуі қажет. Қазақстан жұмыспен қамтуды арттырып қана қоймай, кәсіптік мамандықтардың мәртебесін көтеруді аса маңызды деп санайды. Ханымдар мен мырзалар! Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде Әділетті Қазақстан құруды көздеген жаңғыру саясатын батыл жүргізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда біздің аймақта бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жасалды. Жалпыұлттық референдум арқылы Президентті жеті жылға бір мерзімге сайлайтын норма енгізілді. Бұл демократия қағидаттарына сай есептілікті күшейтеді. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанамыз. Қазақстанды жаңғырту ұстанымын басшылыққа ала отырып, елімізде бір палаталы Парламент құру мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсындым. Мақсатымыз – саяси жүйенің қоғам сұранысына сай ашықтығы мен тиімділігін арттырып, оны ұдайы жетілдіру. Бұл реформалардың басты қағидасы: Заң және тәртіп бәрінен жоғары тұруы керек. Біз парасаттылыққа және заң үстемдігіне арқа сүйейтін басқару жүйесі ғана қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді деп санаймыз. Бұл халықаралық инвестицияларға, сауда байланысына және елдің қарқынды дамуына оңтайлы жағдай жасайды. Заңды мүлтіксіз сақтайтын азаматтардың мүддесін қорғау – әділеттілікке, есеп беруге және өзара құрметке негізделген басты басымдықтарымыздың бірі. Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Биыл экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл біздің аймақтағы ең ірі экономиканың орнықтылығын қуаттай түседі. Дегенмен бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Біз ұзақ мерзімді дамуға бағытталған күш-жігерді жалғастырамыз. Қазақстанның энергетикалық стратегиясы төрт салаға негізделген: мұнай-газ, көмір, уран және аса маңызды минералдар. Бұл құнды ресурстар сенімді энергетикалық серіктестіктің негізі бола алады. Климат өзгерісі мен «жасыл» күн тәртібін көмір кені секілді орасан зор энергетикалық ресурсқа бай елдер қабылдай бермейді. Өйткені бүгінде озық технологияның арқасында оны тазаланған күйінде пайдалануға болады. Сондықтан біз 35 жыл ішінде елімізді декарбонизациялау жөнінде міндеттеме алдық. Тек жаңартылатын энергия көмегімен бүкіл энергетикалық мәселені шешу мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы – әлемдік нарықта зор әлеуетке ие жетекші саламыздың бірі. Қазақстанның астық экспортындағы әлеуеті – 12 миллион тонна. Бұл халықаралық нарықтың басым бөлігін қамтиды және көлік байланыстарын жақсарту есебінен сауданы кеңейтудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Біз сыртқы саудамыздың инклюзивтілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ете отырып, оны одан әрі әртараптандыру мақсатында барлық негізгі халықаралық серіктестерімізбен және аймақтағы мүдделі елдермен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Жоғары Мәртебелі! Ел ішіндегі мемлекеттік басқару реформаларын тереңдету және шетелдегі жаһандық басқаруды қолдау – басты бағдарымыз. Біз бұл бағытты берік ұстанамыз. Қазақстан араағайындық және бітімгер рөлін жалғастырады. Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік. Біз халықаралық қоғамдастықтың басқа да мүшелерімен бірлесе отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік, әділеттілік және ынтымақтастық шамшырағы екенін растауға дайынбыз. Рақмет! https://akorda.kz/en/statement-by-president-of-kazakhstan-kassym-jomart-tokayev-at-the-general-debate-of-the-80th-session-of-the-un-general-assembly-248206?fbclid=PAZnRzaANAahBleHRuA2FlbQIxMQABp6Z0s6yiHQ

    ОтырысАяқталды

    АСТАНА БЕЙБІТШІЛІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ 2025

    Біз, Астана қаласында 17-18 қыркүйек аралығында өткен, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қатысушылары, өзара түсіністік пен құрметті қамтамасыз ету мақсатында өркениеттер, түрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты нығайтуға, сондай-ақ, бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуге және әртүрлі этникалық әрі діни топтарға жататын адамдар мен халықтар арасындағы қатынастарды жақсартуға үлес қосуға деген ортақ ұмтылыс аясында біріге отырып, діни лидерлер арасындағы диалог негізгі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қоса алғанда, жалпы адамзаттық құндылықтарды тереңірек түсінуге және ілгерілетуге ықпал ете алатынын мойындай отырып, бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты дамыту жолындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының, сондай-ақ өзге де халықаралық, өңірлік, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың талпыныстарын қолдай отырып, өркениеттер, мәдениеттер, діндер мен халықтар арасындағы тереңірек түсіністік пен өзара құрметті ілгерілетудегі БҰҰ-ның Өркениеттер альянсының айрықша рөлін мойындай отырып, «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін 2033 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында» бекітілген құндылықтар мен мақсаттарға адалдығымызды растай отырып, мәдени және діни әртүрлілікті құрметтеудің маңыздылығын атап өте отырып, әлемнің түрлі аймақтарында жалғасып жатқан қақтығыстарға, олармен қатар жүретін гуманитарлық дағдарыстар мен бейбіт тұрғындардың азап шегіп жатқанына қынжыла отырып, осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құру мақсатында ізгі ниетті барлық адамдардың күшін біріктіру жөніндегі үндеуін құптай отырып, діни және осыған байланысты идеологиялық төзбеушіліктің, соның ішінде оның жеккөрушілік пен зорлық-зомбылықты өршітуге ықпал ететін цифрлық ортадағы көріністерінің артуына алаңдаушылық білдіре отырып, терроризмнің барлық түрлері мен көріністері ешбір дінге, ұлтқа, өркениетке не болмаса этникалық топқа байланысты болуы мүмкін емес екенін және байланыстырылмауға тиіс те екенін атап өте отырып, әлем халықтарының руханияты, мәдениеті мен дәстүрлерін бейнелейтін, бірегей тарихи мұра саналатын діни нысандар мен рәміздерді қорғаудың маңыздылығын растай отырып, діни лидерлердің қоршаған ортаны қорғау жолында өз қауымдарын ағарту, игі істерге жігерлендіру және жұмылдырудағы рөлін атап көрсетіп, экологиялық жағдай мен климаттың өзгеруіне қатысты ерекше алаңдаушылық білдіре отырып, жаңа технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект, әрбір адамның қадір-қасиетін құрметтеп, адамзатқа зиян келтірмей, адамдарға қызмет етуге тиіс екенін атап өте отырып, алалаушылықты еңсеру, өзара түсіністікті тереңдету және ынтымақтастықты нығайту мақсатында жастар мен әйелдерді дінаралық және мәдениетаралық диалогқа тартудың маңыздылығын мойындай отырып, бейбітшілікті, төзімділікті, өзара түсіністікті, дінаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілетуде және дінге немесе сенімге қатысты кемсітушілікті түбегейлі жоюда білім берудің маңыздылығын атап өте отырып, Съездің мәдениетаралық және дінаралық өзара байланысты нығайтудағы елеулі рөлін мойындай отырып және дінаралық диалог үшін тиімді алаң ретіндегі маңызын тағы да растай отырып, МЫНАДАЙ ОРТАҚ ҰСТАНЫМҒА КЕЛДІК: Біз бейбітшілікке, әлеуметтік тұрақтылыққа және жаһандық ынтымақтастыққа қол жеткізуге бағытталған күш-жігердің маңызды құралы болып табылатын дінаралық және мәдениетаралық диалогты тереңдетуге деген адалдығымызды білдіреміз. Қақтығыстар мен геосаяси қарама-қайшылықтардың күшеюі жағдайында, диалог адамзаттың өмір сүруінің негізі болып табылатын бейбітшілік пен дамуға жол ашады. Біз ұлттық үкіметтерді, халықаралық ұйымдарды, діни лидерлерді, саясаткерлерді, сарапшыларды, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерін және барлық ізгі ниетті адамдарды адамзат бірлігінің негізі ретінде мәдениетаралық және дінаралық диалогты белсенді түрде ілгерілетуге, төзімділікті, адам құқықтарын құрметтеуді, инклюзивтілікті және бейбіт қатар өмір сүруді дәріптеуге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту үшін өшпенділік пен зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырамыз. Біз діни лидерлер миссиясының бір бөлігі – өзекті мәселелерді көрсете отырып, сенім мен әділ шешімдерге жәрдемдесе отырып, сондай-ақ аймақтық және жаһандық деңгейде бітімгершілік пен сындарлы диалогты қолдай отырып, қазіргі қоғамдардағы өнегеліліктің бағдары болу деп санаймыз. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі шеңберінде БҰҰ Өркениеттер альянсының қолдауымен өткізілген «Діни объектілерді қорғау жөніндегі арнайы сессия» соңғы жылдары әлемнің көптеген аймақтарында орын алған залал мен қирауларды мойындай отырып, адамзаттың мәдени әртүрлілігі мен рухани мұрасын сақтауға елеулі үлес қосатынын атап өтеміз. Оның өткізілуі БҰҰ-ның діни сенім бостандығын ілгерілету мен қорғауға бағытталған мақсатын іске асыруға ықпал етеді. Біз Қасиетті Тақ пен Әл-Азхар Әл-Шарифтің бастамасымен қабылданған «Бейбітшілік пен бейбіт қатар өмір сүрудің пайдасына адами бауырластық туралы» құжатының, «Мекке декларациясының»,«Ислам ақыл-ой мектептері арасындағы көпірлер орнату туралы декларациясының»құндылығын, сонымен қатар Қасиетті Тақ, Бахрейн, Иордания бастамаларының, Өркениеттер альянсының, Дүниежүзілік ислам лигасының, «Дін бейбітшілік үшін» ұйымының, G20 дінаралық форумының, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің, АҚШ-тың Діни бостандық жөніндегі халықаралық комиссиясы (USCIRF) және басқа ұйымдардың әлемдегі дінаралық диалог пен бүкіл әлемдегі әр түрлі діндер мен конфессиялар өкілдерінің өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған бастамаларының құндылығын тағы да атап өтеміз. Біз қазіргі заманның көрнекті рухани лидері, өз өмірін бейбітшілікке қызмет етуге, халықтар мен діндер арасындағы диалогқа, адамның қадір-қасиеті мен әділеттілікті қорғауға арнаған Рим Папасы Францисктің қосқан үлесін терең ризашылықпен және құрметпен атап өтеміз. Оның мұрасы әлемдегі келісімге, мейірімділікке және өзара түсіністікке ұмтылатындардың барлығы үшін жарқын бағдар болып қала береді. Біз БҰҰ-ның «Бірлік әртүрлілікте» тезисін, сондай-ақ конфессияаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуға және осысалада маңызды іргетас бола алатын «Діни объектілерді қорғау жөніндегі БҰҰ іс-қимыл жоспары» сияқты бастамаларды ескере отырып, өшпенділікті өршітуге қарсы іс-қимылға бағытталған БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарларын нық қолдаймыз. Біз әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі қақтығыстардың жалғасуына байланысты терең алаңдаушылық білдіреміз. Бұл қақтығыстар мемлекеттер мен бейбіт тұрғындарға жойқын зиян келтіріп, адам құқықтарының жаппай бұзылуына әкелуде және адамгершілік пен жаһандық қауіпсіздіктің негіздерін қатерге тігуде. Біз барлық тараптарды Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық нормалары негізінде зорлық-зомбылықты тоқтатуға, диалог орнатуға және бейбіт шешімдер іздеуге шақырамыз. Біз бейбітшілікті сақтауға және бүкіл адамзатқа қауіп төндіретін ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруларының кез-келген түрін қолдануға тырысудың алдын алуға табанды түрде шақырамыз. Саяси көшбасшылар мен ресми тұлғалар Жер бетіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауды бірінші орынға қоя отырып, парасаттылық танытып, адамгершілік қағидаларын ұстануы керек және қарулы қақтығыстардың өршуіне жол бермеу үшін бар күш-жігерін салуы керек. Біз халықаралық қоғамдастықтың назарын әйелдер мен балаларды, қарттарды, мүгедектігі бар адамдарды, босқындарды және дағдарыс пен қақтығыс аймақтарынан ішкі қоныс аударған адамдарды қолдау, олардың құқықтары мен әлеуметтік интеграциясын қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерді жандандыру қажеттілігіне аударамыз. Біз әлеуметтік теңсіздік радикалды көзқарастардың өсуіне ықпал ететінін мойындаймыз және саяси көшбасшыларды әл-ауқат алшақтығын қысқартуға және барша азаматтарға лайықты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге шақырамыз. Біз тұтынушылық қоғам жағдайында рухани және адамгершілік бағдарлардың жоғалуына алаңдаушылық білдіреміз және қазіргі замандағы қоғамдарда рухани құндылықтар мен моральдық жауапкершілікті дамытуға шақырамыз. Діни дәстүрлерді ұстанушылар діни сенім бостандығы мен балаларын рухани құндылықтарға сәйкес тәрбиелеу құқығында шектелмеуі тиіс. Біз экономикалық және саяси қайшылықтар мен қақтығыстар елдер арасындағы мәдениетаралық және этносаралық өшпенділік пен төзбеушіліктің артуына, адамдар арасында жеккөрушілік, кемсітушілік пен зорлық-зомбылық тудырмауға тиіс екеніне сенімдіміз. Азаматтық қоғам өкілдері мен саясаткерлер мұны есте ұстап, адамдар, қоғамдар мен мемлекеттер арасындағы толеранттылық пен сыйластық мәдениетін насихаттауға бағытталған өзара құрмет пен диалогты сақтауға ықпал етуі керек. Біз экстремизмнің, радикализмнің және терроризмнің кез келген түрі мен көрінісін қатаң айыптаймыз, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарда пайдалануға мүлде жол берілмейтінін атап өтеміз. Осы бағыттағы діни және саяси көшбасшыларды ынтымақтастыққа шақырамыз. Біз діни өшпенділікті насихаттаудың, дінге негізделген кемсітушілікке, алауыздыққа немесе зорлық-зомбылыққа шақырудың, діни нысандар мен рәміздерді қорлаудың және діни төзімсіздіктің өзге де әрекеттерін қатаң айыптаймыз. Біз радикализм мен экстремизмге қарсы күрес құралы ретінде ағартушылық пен діни білім беруді қолдаймыз. Білім әлемдегі бейбіт қатар өмір сүру мен өзара сыйластықтың негізін қалай отырып, басқа діндер мен дүниетанымдарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруы керек. Біз нәсіліне, дініне, мәдениетіне және өзге де айырмашылықтарына байланысты кемсіту мен қысым жасауға жол бермей, этникалық және діни азшылықтардыңқұқықтарын қорғауға шақырамыз. Адамзаттың алуан түрлілігі Жаратушының даналығын бейнелейтінін әрі барлық адамдардың теңдігін білдіретінін мойындай отырып, біз дінге мәжбүрлеуге жол берілмейтінін және айырмашылықтарды құрметтеу бейбіт қатар өмір сүрудің негізі болып табылатынын атап көрсетеміз. Біз тұрақты дамудың негізі ретінде теңдік пен инклюзивтілікті қолдаймыз. Біз барлық діни, этникалық және әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғауға, оларды қоғамдық өмірге және саяси диалогқа белсенді қатысуға шақырамыз. Біз саяси және қоғамдық өмірдегі әйелдердің әлеуетін атап көрсетеміз және мұның бүкіл қоғамға пайда әкелетінін мойындай отырып, олардың одан да толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін жағдайларды жасауға жәрдемдесуге ұмтыламыз. Біз түрлі мәдениеттер мен діндер арасында өзара түсіністік пен құрмет орнатудағы жастардың рөлін атап көрсетеміз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясында өтетін Жас діни лидерлер форумын жаңа буынның күш-жігерін жұмылдыруға және дінаралық диалогтың сабақтастығын қамтамасыз етуге арналған маңызды алаң ретінде қолдаймыз. Біз БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі күн тәртібін жүзеге асырудағы кідірістерге алаңдаушылық білдіреміз және 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін дамыған елдердің дамушы мемлекеттерге қаржы мен технология тұрғысынан қолдауын күшейтуге шақырамыз, ал дамушы елдерді – тұрақты дамуға қол жеткізу үшін бар күшін салуға шақырамыз. Біз қоршаған ортаны қорғаудың және климаттың өзгеруімен күресудің маңыздылығын растаймыз. Экожүйелерді сақтауға, климаттық апаттардың алдын алуға, климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін жаһандық талпыныстар жасауға шақырамыз. Табиғатқа қамқор болу – Жаратушы мен болашақ ұрпақ алдындағы біздің парызымыз. Біз съезд Хатшылығына халықаралық климаттық форумдарда ұсыну мақсатында «Климаттың өзгеруімен күрестегі сенімнің рөлі»атты құжат әзірлеуді тапсырамыз. Біз жаңа технологияларды, соның ішінде цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен биоинженерияны жауапты түрде пайдалануға шақырамыз. Жасанды интеллектті кемсіту, өшпенділік немесе адам қадір-қасиетіне нұқсан келтіру мақсатында қолдануға жол берілмеуі керек. Біз адам құқықтары мен этика қағидаттарына сүйене отырып жасалған жасанды интеллектті пайдалану жөніндегі халықаралық нормаларды әзірлеудің қажеттілігін атап көрсетеміз. Жасанды интеллектті дамытудағы прогресске қарамастан, шынайы жанашырлық пен сүйіспеншілік таныту тек адамға ғана тән қабілет екендігін және осы қасиеттерге баулу адамзаттың гуманистік әрі рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуының арқауына айналуға тиіс екенін мәлімдейміз. Біз рухани-адамгершілік құндылықтар тұрғысынан жасанды интеллектті жауапты пайдаланудың әмбебап қағидаттар жинағын әзірлеу мүмкіндігін зерделеуді ұсынамыз. Біз әлемнің күн тәртібі мен геосаяси жағдайлардың шиеленіскен уақытында халықаралық қауымдастықты халықаралық қауіпсіздік пен әділдіктің кепілі ретінде БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын, халықаралық құқықты және халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін сақтауға шақырамыз. Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіспеушіліктер мен қақтығыстарды еңсеруге, халықтар арасындағы сенімді нығайтуға және бейбітшілік пен әділдік мұраттарын орнықтыруға ұмтылатындардың күш-жігерін біріктіру мақсатында бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құру жөніндегі үндеуін қолдаймыз. Біз басқа жаһандық және өңірлік алаңдармен серіктесте отырып, бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілетудің тиімді жолдарын іздеу үшін бейбітшілік жолындағы жаһандық қозғалыстың мақсаттарын ілгерілету жөніндегі халықаралық диалогты жандандыруға және халықаралық іс-шаралар легін – дөңгелек үстелдер, конференциялар мен сайд-ивенттер ұйымдастыруға ниеттіміз. Біз инклюзивті әрі үйлесімді халықаралық қауымдастықты қалыптастыруға бағытталған жаһандық талпыныстарды нығайту мақсатында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеялары мен мақсаттарын Біріккен Ұлттар Ұйымының алаңдарында және басқа халықаралық форумдарда белсенді түрде ілгерілетуді және жүзеге асыруды ұсынамыз. Біз халықаралық қауымдастық пен БҰҰ Бас Ассамблеясын 20 жылдан астам уақыт бойы діндер арасындағы диалог пен келісімді белсенді түрде ілгерілетіп, бейбітшілік пен үйлесімділікті нығайтуға ықпал етіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңызды рөлін мойындауға шақырамыз. Съезд өзара құрмет пен ынтымақтастық негізінде жаһандық дінаралық диалог пен рухани дипломатияны қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Біз форум серіктестерімен бірлесіп айтылған ұсыныстар мен идеяларды халықаралық деңгейде іске асыруды қамтамасыз ету үшін съезд Хатшылығына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» ілгерілету және жүзеге асыру жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырамыз. Біз съезд Хатшылығына съездердің мәтіндері мен материалдарын, қатысушылар мен сарапшылардың баяндамаларын, сондай-ақ форумның идеялары мен міндеттері бейнеленген медиажобаларды қамтитын электронды кітапханасы бар Халықаралық рухани білімдердің онлайн-орталығын құруды ұсынамыз. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметін жалғастыруға деген ортақ адалдығымызды растаймыз және келесі, IX съезді 2028 жылы Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласында өткізуге ниет білдіреміз. Біз Қазақстан Республикасының мәдениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогтың беделді әрі жаһандық орталығы екенін тағы бір мәрте мойындаймыз. Біз Қазақстан Республикасына, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бүкіл қазақ халқына VIII съезді шақырғаны үшін, сондай-ақ бейбітшілік пен үйлесімділікті нығайтуға септігін тигізетін іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін, көрсеткен ықыласы мен қонақжайлығы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. * * * Осы Декларация Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі делегаттарының көпшілігімен қабылданды және ол бүкіл әлемдегі билік өкілдеріне, саяси және діни лидерлерге, халықаралық және өңірлік ұйымдарға, азаматтық қоғам институттарына, сондай-ақ діни бірлестіктер мен жетекші сарапшыларға жолданады. Сонымен қатар, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылатын болады. Декларацияда қамтылған қағидаттар барлық мүдделі елдердегі саяси шешімдерде, заңнамалық нормаларда, білім беру бағдарламаларында және бұқаралық ақпарат құралдарында ескерілуі үшін өңірлік және халықаралық деңгейде таралуы мүмкін. БІРЛІККЕ, БЕЙБІТШІЛІККЕ ЖӘНЕ ГҮЛДЕНУГЕ АПАРАР ЖОЛЫМЫЗ ҚҰТТЫ БОЛҒАЙ! ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІ VIII СЪЕЗІНІҢ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АСТАНА ҚАЛАСЫ 2025 ЖЫЛҒЫ 17-18 ҚЫРКҮЙЕК

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.