Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығы.
Қазақстан Республикасынан:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 жəне 100 грамм алтын құймаларын, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды əкетуге тыйым салынсын.
1-1. Осы Жарлықтың 1-тармағының талаптары:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің операцияларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдардың операцияларына;
2) Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан əкелінген жəне қайта өңдеу шарттары туралы құжат жəне мемлекеттік бақылау актісі негізінде "кері экспорт" кедендік рəсімімен мəлімделетін шетелдік шикізатты қайта өңдеуден кейін алынған аффинирленген алтынды əкетуге;
3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылатын мемлекеттің алыс-беріс шикізатын қайта өңдегеннен кейін алынған аффинирленген алтынды сол Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағына аффинирленген алтынды кейіннен əкете отырып (қайта өңдеу шарттары туралы қорытынды негізінде) əкетуге;
4) екінші деңгейдегі банктердің шетелдік банкпен жасасқан тиісті шарты негізінде жүзеге асырылатын төлемдік емес жəне (немесе) айналысқа жарамсыз қолма-қол шетел валютасын əкетуіне;
4-1) екінші деңгейдегі банктердің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілмеген қолма-қол ұлттық валютасын əкетуіне;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекелеген актілерінде айқындалатын өзге де жағдайларға қолданылмайды деп белгіленсін.