
Шымкентте «Қошқар ата сейілі» дәстүрлі жалпыхалықтық сауық-серуені өтті Шымкентте Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында халқымыздың мәдени мұрасын дәріптейтін «Қошқар ата сейілі» дәстүрлі жалпыхалықтық сауық-серуені өтті. Қошқар ата өзені жағасында ұйымдастырылған шарада ұлттық құндылықтар насихатталып, мерекелік концерт қойылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қошқар ата өзені бойына арнайы келіп, құран оқылып, қошқар құрбандыққа шалынды. Сондай-ақ, шаһар басшысы «Тұсаукесер» рәсіміне қатысып, бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақжолтай тілегін арнады. Бұдан кейін қонақтар ұлттық өнерден сыр шертетін «Қош келдің, Көктем!» этно-фольклорлық концертін тамашалады. Атап айтқанда, «Құтты қонақ келді, ауылға» бөлімінде қазақтың тұрмыстық-салт дәстүрлерінің жоралғылары көрсетілсе, «Ер қанаты – Тұлпар»алаңында ұлттық қолөнер шеберлері ат әбзелдері мен зергерлік бұйымдарын көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар, Қошқар ата өзені жағалауында алты қанат ақ ордалар тігіліп, киіз үйлердің алдында шымкенттік өнерпаздар ән шырқап, ұлттық қолөнер шеберлерінің бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Ал «Ақ дастарқан» және «Наурыз көже»жәрмеңкелерінде қала тұрғындары қазақтың дәстүрлі тағамдары мен сусындарынан дәм татса, «Шағырдан су шығару» алаңында егіншілік дәстүрлері таныстырылды. Сондай-ақ, «Саят құру» алаңында ұлттық спорт түрлерінен «Жекпе-жек» сайыстары өтіп, халқымыздың аңшылық өнері көрсетілді. Айта кетейік, мерекелік іс-шаралар 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама»онкүндігі аясында қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік бағдарламаларды ұсынуды жалғастырады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бір-бірімізге ізгі тілегімізді арнап, ұлттық дәстүрімізді бірге ұлықтайық!





