ШЫМКЕНТ: ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ЕРЕКШЕ ҚАРСЫ АЛДЫ

    Орган
    shymkent-til
    Мәртебе
    Аяқталды
    Формат
    Тікелей
    ШЫМКЕНТ: ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ЕРЕКШЕ ҚАРСЫ АЛДЫ
    НовостиАяқталды

    ШЫМКЕНТ: ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ЕРЕКШЕ ҚАРСЫ АЛДЫ

    Күні кеше Шымкентте Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып, қала нағыз мерекелік атмосфераға бөленді. «Астана» алаңынан бастап, шаһардың барлық аудандары мен алаңдарында думанды шаралар ұйымдастырылып, ұлттық дәстүріміз ұлықталды. Домбыраның күмбірлеген үні, жаңа піскен бауырсақтың аңқыған иісі, балалардың шат-шадыман күлкісі – бәрі-бәрі Наурыз мейрамының шынайы рухын сезіндірді. «Астана» алаңында бой көтерген этноауыл келген қонақтарды ерекше әсерге бөлеп, қазақтың бай мәдени мұрасын көрсетті. Ал алаңда орналасқан сахнада 500 адамның қатысуымен «Наурызнама» музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетіліп, көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Ал ұлттық ойындар, әжелеріміздің салған әндері мен ақсақалдарымыздың батасы, алтыбақан аясындағы жастардың көңілді сәттері – осының бәрі мейрамың көркін қыздыра түскендей еді. Алаңға жиналған көпшілік алып батырлар мен суретке түсіп, бүркітшілер өнерін тамашалады. Сонымен қатар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесін тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Бұдан бөлек, ұлы тұлғаларға арналған көрмелер ұйымдастырылып, Наурыздың танымдық маңызы да арта түсті. Кешкі 19:00-де қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен өткен гала-концерт мерекенің шарықтау шегіне айналды. Отандық эстрада жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаев, Дастан Оразбеков, Альзаби, Зируза, сондай-ақ әлемге әйгілі әнші Джонатан Дассин өнер көрсетіп, халыққа ұмытылмас кеш сыйлады. Гала-концерттің соңы отшашумен аяқталып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше ұмытылмас әсер сыйлады.

    КУЛЬТУРА

    Ұқсас материалдар

    НовостиАяқталды

    Шымкентте «Сәтті жарнама» акциясы өтті

    Шымкентте «Сәтті жарнама» акциясы өтті 2025 жылғы 3 сәуір күні Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен ірі сауда орындарында («Алаш», “Баян сұлу”, “ Mega Planet”) «Сәтті жарнама» акциясы өтті. Акцияның мақсаты-«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және көрнекі ақпарат пен жарнаманың мемлекеттік тілде дұрыс ресімделуін қадағалау. Акцияның нәтиежесінде: 187 коммерциялық нысан тексерілді; 48 нысанға заң талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді; Кәсіпкерлерге әдістемелік көмек ретінде брошюралар таратылды. Аталған шараға бес аудан әкімдіктері мен Шымкент қаласында тіл заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері қатысты.

    4 сәуір 2025 ж.Тікелей
    НовостиАяқталды

    ШЫМКЕНТТЕ «ШЫМКЕНТ ДУМАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘЗІЛ-СЫҚАҚ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ!

    ШЫМКЕНТТЕ «ШЫМКЕНТ ДУМАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘЗІЛ-СЫҚАҚ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ! Бүгін Шымкент қаласында «1 сәуір - Халықаралық күлкі күніне» орай және сатирик, қоғам қайраткері К. Әмірбектің 75 жылдығына арналған «ШЫМКЕНТ ДУМАН» әзіл-сықақ республикалық фестивалі шымылдығын түрді! Фестивальдің мақсаты – сатира жанры мен осы сала әртістерінің қызметін дамыту. Фестивальдің ашылуында қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтіп, өнерпаздарға дәстүр бойынша құрмет көрсетілді. Фестиваль аясында қазақ сатира өнерінің майталмандары Бауыржан Ибрагимов, Мұхтар Шерім, Берік Тұрсынбеков, Жұлдызай Дүйсенбиева бастаған қазылар алқасы қатысушыларды бағалап, ең мықтыны анықтайтын болады. Фестивальге қатысушы театр ұжымдары Алматы қаласы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарынан келді. Айта кету керек, фестиваль жеңімпаздары ертең сағат 19:00 – де “Тулип хол” ғимаратының концерт залында өтетін гала-концертте марапатталатын болады.

    2 сәуір 2025 ж.Тікелей
    НовостиАяқталды

    ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ САЛТАНАТПЕН БАСТАЛДЫ!

    ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ САЛТАНАТПЕН БАСТАЛДЫ! Бүгін Шымкентте Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлау «Астана» алаңында басталды. Алаңда орналасқан сахнада 500 адамның қатысуымен Наурыз мейрамына арналған «Наурызнама» музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетілді. Сонымен қатар, алаңға жиналған көпшілік ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің көрмелерін тамашалады. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар да тартысты өтіп, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұл күнді қала тұрғындары мен қонақтары бір-біріне жылы тілектерін айтып, ұлттық дәстүрлер мен жоралғыларды тамашалап, Наурыз мейрамының мәнін терең сезінді. Айта кету керек, 19.00-де отандық және әлемдік танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Астана» алаңында мерекелік гала-концерт жалғасатын болады. Наурыз мерекесі баршаға құтты болсын!

    1 сәуір 2025 ж.Тікелей
    НовостиАяқталды

    Шымкентте «Қошқар ата сейілі» дәстүрлі жалпыхалықтық сауық-серуені өтті

    Шымкентте «Қошқар ата сейілі» дәстүрлі жалпыхалықтық сауық-серуені өтті Шымкентте Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында халқымыздың мәдени мұрасын дәріптейтін «Қошқар ата сейілі» дәстүрлі жалпыхалықтық сауық-серуені өтті. Қошқар ата өзені жағасында ұйымдастырылған шарада ұлттық құндылықтар насихатталып, мерекелік концерт қойылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қошқар ата өзені бойына арнайы келіп, құран оқылып, қошқар құрбандыққа шалынды. Сондай-ақ, шаһар басшысы «Тұсаукесер» рәсіміне қатысып, бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақжолтай тілегін арнады. Бұдан кейін қонақтар ұлттық өнерден сыр шертетін «Қош келдің, Көктем!» этно-фольклорлық концертін тамашалады. Атап айтқанда, «Құтты қонақ келді, ауылға» бөлімінде қазақтың тұрмыстық-салт дәстүрлерінің жоралғылары көрсетілсе, «Ер қанаты – Тұлпар»алаңында ұлттық қолөнер шеберлері ат әбзелдері мен зергерлік бұйымдарын көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар, Қошқар ата өзені жағалауында алты қанат ақ ордалар тігіліп, киіз үйлердің алдында шымкенттік өнерпаздар ән шырқап, ұлттық қолөнер шеберлерінің бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Ал «Ақ дастарқан» және «Наурыз көже»жәрмеңкелерінде қала тұрғындары қазақтың дәстүрлі тағамдары мен сусындарынан дәм татса, «Шағырдан су шығару» алаңында егіншілік дәстүрлері таныстырылды. Сондай-ақ, «Саят құру» алаңында ұлттық спорт түрлерінен «Жекпе-жек» сайыстары өтіп, халқымыздың аңшылық өнері көрсетілді. Айта кетейік, мерекелік іс-шаралар 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама»онкүндігі аясында қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік бағдарламаларды ұсынуды жалғастырады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бір-бірімізге ізгі тілегімізді арнап, ұлттық дәстүрімізді бірге ұлықтайық!

    1 сәуір 2025 ж.Тікелей
    КонференцияАяқталды

    Шымкентте «Тіл – ұлтаралық қатынас құралы» республикалық конференциясы өтті

    Шымкентте «Тіл – ұлтаралық қатынас құралы» республикалық конференциясы өтті Бүгін Халықтар достығы университетінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – ұлтаралық қатынас құралы» республикалық конференциясы өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын Шымкент қаласында іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында ұйымдастырылды. Конференция барысында мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлі, оны дамыту мен насихаттаудың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Шымкент қаласында жүргізілген жұмыстар туралы бейнеролик көрсетілді. Конференцияда Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы қазақ тілінің ұлттық мазмұны туралы ой қозғап, оның бірлік пен тұтастықты қалыптастырудағы маңызына тоқталды. ҚР Ақпарат саласының үздігі Оңғар Құрал сөз қолданысымыздағы олқылықтар жайында сөз сөйлесе, филология ғылымдарының докторы, профессор Сердәлі Бекжігіт Кенжебекұлы тілдік дискриминация мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің өкілі Батырбек Жалмұрзаев мемлекеттік тілдің этносаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі маңызын атап өтті. Ал Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілі Амина Егизбаева елімізде орын алған тілдік кемсітушілік жағдайлары және онымен күрес шаралары жөнінде баяндады. Конференцияға тіл мамандары, БАҚ өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, тіл жанашырлары қатысты.

    1 сәуір 2025 ж.Тікелей
    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.