
2025 жылғы 25-маусымда Орал қаласында «Заң және тәртіп» ұлттық бастамасының аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен Батыс Қазақстан облысының Әкімдігі, Прокуратурасы және Полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырылған "XXI ғасырдың қаржылық триггерлері" атты жыл сайынғы форум өтті.
Іс-шараны Орал қаласының әкімі М.Б. Байменов ашып, қаржылық сауаттылықты арттыру мен қаржылық қауіптерге қарсы күрестің маңыздылығын атап өтті.
Форумға студенттер, қоғам белсенділері, денсаулық сақтау, білім беру саласының және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында үш тақырыптық сессия өтті, олар:
- қаржы пирамидаларының таралуы және оларды тоқтату жолдары;
- заңсыз схемаларда дроптарды пайдалану мәселесі;
- интернет-алаяқтықтың көбеюі және оған қарсы іс-қимыл шаралары.
Форум қатысушылары қаржылық қауіпсіздік саласындағы қазіргі заманғы сын-қатерлерді талқылап, халық арасында алдын алу және ақпараттық жұмыстың одан әрі бағыттарын белгіледі.