
ORAL: АКК мәселелері бойынша жиналыс
Орал қаласында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы А.Әбеновтің төрағалығымен мемлекеттік субсидияларды жымқыруға және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Маңызды жиынға өңірдегі қаржылық және құқықтық тәртіпті күшейту мақсатында БҚО әкімінің орынбасары Қ.Ш. Айтмухамбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ж.Ж. Халиуллин, ветеринария басқармасының басшысы А.С. Бралиев және ЭТТД басшысының орынбасары А.Б. Ахметов қатысты.
Іс-шара барысында Департаменттің Превенция және талдау әзірлемелері басқармасының АМІЖ жедел уәкілі А. Салимов негізгі баяндама жасап, мемлекеттік қолдау қаражаттарын бөлу және игеру саласындағы ағымдағы ахуалға тоқталды. Баяндамашы бюджеттік қаражатты пайдалану кезінде туындайтын негізгі тәуекелдер мен заң бұзушылық схемаларын егжей-тегжейлі талдап, қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекетке келетін шығынды барынша азайту бойынша бірқатар пәрменді шараларды ұсынды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар агроөнеркәсіптік кешен мен ветеринария саласындағы бөлінетін қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін талқылады. Басқосу қорытындысы бойынша атқарушы және құқық қорғау органдарының облыс аумағындағы экономикалық қылмыстарды ерте анықтау, олардың жолын кесу және алдын алу бағытындағы бірлескен іс-қимыл жоспары айқындалып, нақты ұсынымдар әзірленді.