
Логлайн
Интерпол агенті Айжан синтетикалық есірткі мен химиялық қару жасап жатқан халықаралық экстремисті қуалайды. Айжан сатқындықты сезіп, ешкімге сенбейді. Оған көмектесетін – бала мінезді, әзілқой такси жүргізушісі Азамат, отбасылық достарының ұлы. Айжан Азаматтың ІІМ-нің жасырын қызметкері екенін білмейді. Екеуі бірге із кесіп, қудалауға, атыс-шабыс пен өлімге бас тіккен жекпе-жектерге тап болады. Қиындықтар оларды жақындастырады, олар бір-біріне ғашық болады. Бірақ өтірікке негізделген қарым-қатынас өміршең бе? Шындық бәрібір ашылады.
Қысқаша синопсис
Алматыға Интерполдың Лиондағы штаб-пәтерінен арнайы агент Айжан Ашимова келеді. Көрікті, өткір мінезді, туған еліне мектептен кейін бірінші рет оралып отыр. Айжан – халықаралық экстремист, Юсуф не Юду деген атпен танымал қылмыскердің ізіне түскен. Ол синтетикалық есірткі мен химиялық қару жасап, таратумен айналысады. Еуропада Айжанның серіктесі әрі жақын досын өлтіріп кеткен. Сондықтан Айжан сатқындықтан қорқып, ешкімге сенбейді.
Юду ауа арқылы тарайтын жаңа есірткі ойлап тапқан. Бұл зат бір рет қолданғаннан-ақ тәуелділік тудырып, өте ауыр абстиненцияға әкеледі. Құрығына түскен адамдар жаңа доза алу үшін кез келген нәрсеге баруға дайын. Ал ол дозаны тек Юдуден ғана алуға болады. Бұл оған шексіз билік береді. Юдудың басты нысанасы – 1,5 миллиард тұрғыны бар Қытай. Ал Қазақстан – оның басты операциялық базасы. Мұнда ол есірткіні өндіреді, тәжірибелер жүргізеді.
Айжанға көмекке – қарапайым, әзілқой таксист Азамат келеді. Ол – Айжанның отбасы достарының ұлы. Айжан оның Ішкі істер министрлігінің жасырын агенті, тәжірибелі жедел қызметкер екенін білмейді. Екеуі бірге Юдудың ізіне түседі. Бастапқыда бір-бірімен тіл табысу оңайға соқпайды – Айжан суыққанды, мақсатына берік, Еуропадан алған тәкаппарлығы бар, ал Азамат – қалжыңқой, халықтың ішінен шыққан жігіт. Бірақ оларды ортақ борыш, патриотизм мен жанқиярлық біріктіреді.
Кенеттен Айжан Азаматтың «жай» әңгімелерінің өзінде мән жатқанын түсінеді. Ол басқа қырынан ойлай бастайды, тергеу алға жылжиды. Қиындықтар оларды жақындастырады, олар бір-біріне ғашық болады. Қудалау, атыс-шабыс, өлім мен өмір арпалысы. Юду мен оның жақтастары үшін жер тозаққа айналады. Бірақ жау оңай берілмейді. Ол айлакер, қатыгез және ешнәрседен тайынбайды.
Азаматқа күн өткен сайын Айжаннан шындығын жасыру қиындай түседі. Ақыр соңында, қауіпті сәтте, ол өзінің кім екенін ашуға мәжбүр болады. Айжан оны кешіре ала ма? Екеуі ортақ мақсат үшін менмендікті ысырып тастай ала ма? Финалдық шайқас барлығын орнына қояды. Қаһармандардың айырмашылықтары көп, бірақ мақсаттары бір – қарапайым халықтың қауіпсіздігі. Олар – соңғы қорғаныс шебі, қателесуге хақылары жоқ.