
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықтың өмір сүру сапасын және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекеттік аудиттің рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Пленарлық отырыс аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Мұрат Оразбай ішкі мемлекеттік аудиттің цифрлық трансформациясы жағдайында мемлекеттік аудиторларды даярлау мәселесін зерттеу қорытындылары бойынша баяндама жасады.
Өз сөзінде Мұрат Оразбай мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттырудың маңыздылығын, әсіресе цифрландыруға бағытталған бюджеттік шығыстардың өсуі жағдайында ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол ішкі аудиттің заманауи цифрлық құралы — «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулін қолдану нәтижелерімен бөлісті. Аталған жүйе әлеуметтік сала ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы түріндегі бюджеттік төлемдерді қашықтан бақылауға және тәуекелді, аномальды қаржылық аударымдарды анықтауға мүмкіндік береді.
Конференция қорытындысында қатысушылар мемлекеттік органдар мен ғылыми қауымдастық арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап өтіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиімді мемлекеттік аудит моделін қалыптастырудағы оның рөлін жоғары бағалады.