Венгрия Ұлттық Банкінің делегациясымен кездесу туралы

    Мәртебе
    Аяқталды
    Формат
    Тікелей
    Венгрия Ұлттық Банкінің делегациясымен кездесу туралы
    КездесуАяқталды

    Astana Finance Days шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова бастаған делегациясы Венгрия Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Чаба Кандрач мырзамен кездесті.

    Тараптар банк саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ цифрлық активтер мен криптовалюталарды таратуға, таратылған тізілімдер технологияларын енгізуге, алаяқтық тәуекелдерінің артуына және дәстүрлі және инновациялық қатысушылар арасында реттеушілік алшақтықтардың пайда болуына байланысты қаржылық реттеудегі сын-қатерлерді талқылады.

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Венгрияға мемлекеттік сапары барысында бұған дейін Агенттік пен Венгрия Ұлттық Банкі (Magyar Nemzeti Bank) арасында Банк ісі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Қол қою рәсімі 2024 жылғы 20 қарашада екі ел басшылығының қатысуымен өтті.

    Құжат банктерді Базель комитетінің стандарттарына сәйкес тиімді трансшекаралық қадағалауды дамытуға бағытталған және Агенттік пен Венгрия Ұлттық Банкі арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

    Банковский сектор

    Ұқсас материалдар

    Круглый столАяқталды

    Алматыда Сақтандыру нарығын дамыту тұжырымдамасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті

    Алматыда Сақтандыру нарығын дамыту тұжырымдамасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Еуропа Қайта құру және даму банкінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Мемлекеттік кредиттік бюроның, Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының өкілдері, нарыққа қатысушылар, сондай-ақ халықаралық консультанттар қатысты. Дөңгелек үстел барысында сақтандыру секторын одан әрі дамытудың және оның орнықтылығын арттырудың негізгі бағыттары , оның ішінде сақтандырудың міндетті сыныптарын кеңейту, сақтандыру қызметтерін сату арналарын оңтайландыру, сақтандыру нарығының инфрақұрылымын жетілдіру және саланы одан әрі цифрландыру мәселелері қаралды. Бүгінгі күні Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, кәсіби қоғамдастықтың және халықаралық консультанттардың қатысуымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және Сақтандыру қызметі туралы жаңа заң жобасын әзірлеуде. Дөңгелек үстел жұмысы екі сессия форматында өтті. Біріншісі – жалпы сақтандыру жөніндегі компаниялардың қатысуымен, оның шеңберінде міндетті сақтандыруды реттеудің икемді нарықтық моделіне көшу, отандық сақтандыру нарығының сыйымдылығын арттыру және ерікті медициналық сақтандыруды дамыту мәселелері талқыланды. Екінші сессия өмірді сақтандыру саласын дамыту мәселелеріне арналды. Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту және зейнетақы аннуитеттік сақтандыру саласында жаңа сақтандыру өнімдерін құру мәселелері талқыланды. Іс-шараны аша отырып, Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы бойынша жұмыс сақтандыру ұйымдары өкілдерінің белсенді қатысуымен сындарлы түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Агенттік басшысы Сақтандыру қызметі туралы жаңа заңды әзірлеу бойынша жұмысты күшейту қажеттілігін атап өтті. Жалпы алғанда, Қазақстанның сақтандыру секторы орнықты өсуді көрсетуді және елдің қаржы жүйесіндегі өз ұстанымын нығайтуды жалғастыруда. Бүгінгі күні нарық барлық негізгі көрсеткіштер бойынша орнықты өсуді көрсетіп отыр. Сектор активтері жыл басынан бері 8,3%-ға ұлғайып, 1 маусымдағы жағдай бойынша 4,2 трлн теңгені құрады. Сектордың міндеттемелері 3,1 трлн теңгені құрады, бұл жыл басындағы көрсеткіштен 11,4%-ға жоғары. Бұл кезеңде сақтандыру сыйлықақылары 674,5 млрд теңгені және төлемдер 197,5 млрд теңгені құрады. Талқылау нәтижесінде сақтандыру нарығын дамытудың негізгі бағыттарын қамтитын реформалар кешені қалыптастырылды, олар нарыққа қатысушылармен одан әрі талқылау үшін ұсынылды. Реформаларды іске асыру бойынша одан әрі жұмыс нарыққа қатысушылармен және мүдделі мемлекеттік органдармен бастамаларды дәйекті келісу форматында өтетіні және Сақтандыру нарығы туралы жаңа заң жобасы шеңберінде негізгі шешімдерді бекіте отырып жүргізілетіні атап өтілді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанның сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар мен практикалық ұсынымдар әзірледі.

    19 маусым 2026 ж.Тікелей
    КездесуАяқталды

    Агенттік пен ХВҚ Қазақстанның қаржы секторын дамыту басымдықтарын талқылады

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің Қазақстан Республикасындағы ХВҚ миссиясы шеңберінде Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) делегациясымен екіжақты кездесулері өтті. ХВҚ делегациясын ХВҚ Қазақстан бойынша миссиясының басшысы, ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті Орталық Азия елдері басқармасының бастығы Амина Лареш басқарды. Тараптар Қазақстанның қаржы секторын дамытудың ағымдағы үрдістерін қарады, кредиттік циклдің жай-күйін, макропруденциялық құралдардың тиімділігін, сондай-ақ қаржылық тұрақтылық үшін ықтимал сын-қатерлерді талқылады. Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) ұсынымдарын іске асыруға ерекше назар аударылды. Қатысушылар сондай-ақ «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заңның негізгі ережелерін, соның ішінде төлемге қабілетсіз банктерді реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады. ХВҚ мен Дүниежүзілік банк тобының 2025 жылғы қазандағы Жыл сайынғы кездесулері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жалғастыра отырып, тараптар проблемалық банктерді реттеу жүйесін жетілдіру және қаржылық қорғау желісін (financial safety net) дамыту мәселелерін қарады. Сонымен бірге Агенттік бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды қадағалаудың қолданыстағы жүйесіне диагностика жүргізуге, тәуекелге бағдарланған қадағалап бағалау әдіснамасын әзірлеуге, қадағалау есептілігі мен мониторинг жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ нарықтық іс-қимыл тәуекелдерін бағалауға, инвесторларды қорғауға және нарықтағы теріс пайдалануларға қарсы іс-қимылға заманауи тәсілдерді енгізуге мүдделі. Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және қаржы жүйесінің орнықтылығын нығайтуға және реттеу мен қадағалаудың үздік халықаралық практикаларын енгізуге бағытталған сындарлы диалогты жалғастыруға мүдделілігін растады.

    8 маусым 2026 ж.Тікелей
    ФорумАяқталды

    Жастар алаяқтарға қарсы: Шымкентте қаржылық қауіпсіздік және дропперлік мәселелері талқыланды

    М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі Fingramota.kz жобасының аясында «Қаржылық қауіпсіздік: жастардың таңдауы» форумы өтті. Іс-шара студенттердің, оқытушылардың, қаржы нарығы сарапшыларының, киберполиция мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің басын біріктірді. Қатысушылар жеке қаржыны сауатты басқару, кредиттер мен микроқарыздарға жауапкершілікпен қарау, орнықты қаржылық әдеттерді қалыптастыру, сондай-ақ жастарды дропперлікке байланысты алаяқтық схемаларға тарту қаупінің мәселелерін талқылады. Форумды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректорының міндетін атқарушы Ғани Бесбаев ашты. Өз сөзінде ол цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік қазіргі заманғы адамның маңызды дағдыларына айналып отырғанын атап өтті. Агенттіктің Fingramota.kz жобасының өкілі Ғаділбек Әкім бүгінгі таңда қаржылық сауаттылық жеке бюджетті басқару мен банк өнімдерін пайдалану шегінен әлдеқайда ауқымды мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, интернет-алаяқтықтың өсуі жағдайында қаржылық сауаттылық әрбір азаматтың жеке қауіпсіздігінің маңызды элементіне айналуда. «Мирас» университетінің ректоры Нұркен Халықберген студенттерге дұрыс қаржылық әдеттер мен жинақтау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын айтып берді. Ол қаржылық жоспарлау және жеке қаражатты ұтымды басқару жөніндегі практикалық кеңестерімен бөлісті. «Онлайн Қазқаржы» МҚҰ сату жөніндегі өңірлік басшысы Еркебұлан Сауранбаев кредит беруге жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтып берді. Ол қарызды ресімдемес бұрын өзіңнің қаржылық мүмкіндіктерің мен ықтимал тәуекелдерді объективті бағалаудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасының микроқаржы омбудсманы Назгүл Естеусізова қатысушыларды микроқарыздарға және микроқаржы ұйымдарының алдындағы берешекке байланысты жиі кездесетін проблемалармен таныстырды. Ол уақтылы кеңес алу және қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру қарыздың қиындықтарынан аулақ болуға және әбден сараланған қаржылық шешімдер қабылдауға көмектесетінін атап өтті. Шымкент қаласы Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Шыңғыс Жайлаубектің сөйлеген сөзі студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Ол интернеттегі алаяқтықтың заманауи схемалары туралы айтып, дропперлік мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Спикер жастарды «жеңіл табыс табу» деген сылтаумен құқыққа қайшы қаржылық операцияларға тарту тетіктерін түсіндіріп, осындай қатысудың ықтимал құқықтық салдарын айтып берді. Форумды «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының өкілдері аяқтады. Олар қатысушыларға бастама шеңберінде азаматтарға қолжетімді қолдау шаралары, сондай-ақ борыш жүктемесі, қаржылық жоспарлау және қаржылық орнықтылықты арттыру мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндіктері туралы айтып берді. Жауапты қаржылық іс-қимылды қалыптастыруға ықпал ететін білім беру бағдарламалары мен практикалық құралдарға ерекше назар аударылды. Форумның қорытындысы бойынша Fingramota.kz жобасының өкілдері «Ата, әже, кодты ешкімге айтпаңыз!» бейнероликтері байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелеріне арналған үздік жұмыстар Fingramota.kz жобасының Instagram -дағы ресми парақшасында орналастырылған.

    1 маусым 2026 ж.Тікелей
    ОлимпиадаАяқталды

    Агенттік студенттер арасында қаржылық сауаттылық бойынша республикалық олимпиада өткізді

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Болашақтың қаржысы: ұлттық экономиканы дамытудың сын-қатерлері мен жаңа мүмкіндіктері» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII республикалық студенттік пәндік олимпиада өткізді. Іс-шара «Тұран» университетінде Агенттіктің Fingramota.kz. халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жобасы аясында өтті. Олимпиаданы өткізу студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға, тәжірибе алмасуға және елдің жетекші жоғары оқу орындарымен қаржы секторының өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін академиялық және кәсіби қоғамдастық үшін маңызды оқиға болды. Олимпиадаға Қазақстанның 12 жетекші университеттерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін, талдамалық тұрғыдан ойлауды, көшбасшылық қабілеттерін және командада тиімді жұмыс істей білу қабілетін көрсетті. Конкурстық бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрды: кәсіби құзыреттіліктерді кешенді тестілеу, капитандардың «Finance IQ» зияткерлік блиці, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларын қорғау. Қазылар алқасының құрамына Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері кірді. Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, екінші орынды Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті және Almaty Management University, үшінші орынды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, А. Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты және «Тұран» университеті иеленді.

    19 мамыр 2026 ж.Тікелей
    Круглый столАяқталды

    Алматыда «Капитал нарығы күні» дөңгелек үстелі өтті

    Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық Банктің, KASE, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, банктердің, сақтандыру ұйымдарының, институционалдық инвесторлар өкілдерінің, сондай-ақ халықаралық консультанттар мен сарапшылардың қатысуымен «Капитал нарығы күні» дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстел барысында қор нарығын одан әрі дамытудың негізгі бағыттары, оның инвестициялық тартымдылығын арттыру және нарықтық тетіктер арқылы экономиканы қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Іс-шараны ашқан кезде Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова капитал нарығы экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылатынын атап өтті. «Капитал нарығы қаржылық делдалдықтың аса маңызды тетігі болып табылады. Оның рөлі инвестицияларға жинақтарды қайта бөлу ғана емес, сонымен қатар мемлекет, квазимемлекеттік сектор, жеке компаниялар, шағын және орта бизнес, сондай-ақ инновациялық кәсіпорындар үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың орнықты арнасын құру болып табылады», – деп атап өтті Агенттік басшысы. М. Әбілқасымованың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан капитал нарығы орнықты дамуды көрсетуде. Акциялар нарығын капиталдандыру 39 трлн теңгеге жетті, бұл ІЖӨ-нің шамамен 24%-ын құрайды, корпоративтік облигациялар көлемі 16 трлн теңгеден асты немесе ІЖӨ-нің шамамен 10%-ын құрады. KASE сауда жүйесінде 76 эмитент акцияларының 89 шығарылымы және 158 эмитенттің корпоративтік облигацияларыың 717 шығарылымы айналысқа түседі. Орталық депозитарийдегі шоттар саны 5 млн шоттан асты, бұл бөлшек және корпоративтік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың өсуін көрсетеді. Сонымен қатар, нарықтық инфрақұрылымды дамыту жалғасуда және қазақстандық капитал нарығын халықаралық қаржы жүйесімен ықпалдастыру жөніндегі шаралар іске асырылуда. Сонымен қатар, Агенттік Төрағасы капитал нарығын одан әрі дамыту әлеуеті елеулі болып қалатынын атап өтті. Негізгі сын-қатерлердің ішінде нарықтың жеткіліксіз өтімділігі, белсенді инвесторлардың шектеулі базасы, сондай-ақ бизнес субъектілерінің қор нарығын ұзақ мерзімді қаржыландыру көзі ретінде жеткіліксіз пайдалануы сақталып отыр. Осыған байланысты Агенттік Ұлттық Банкпен және халықаралық консультанттармен бірлесіп Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және «Капитал нарығы туралы» жаңа Заңды әзірлеуде. Құжаттармен жұмыс Oliver Wyman халықаралық консалтингтік компаниясының, сондай-ақ кәсіби қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылуда. Құжаттар капитал нарығының заманауи және орнықты моделін қалыптастыруға , оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикаға ұзақ мерзімді инвестициялардың әкелінуі үшін жағдай жасауға бағытталған. Жаңа заңнама шеңберінде инвесторлар базасын кеңейту, зейнетақы активтерін басқару жүйесін реформалау, ШОБ субъектілері үшін қаржыландыру құралдарын дамыту, «бірыңғай терезе» қағидатын енгізу және бағалы қағаздар эмиссиясы рәсімдерін толық цифрландыру көзделеді. Сондай-ақ, биржалық, клирингтік және депозитарлық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа қаржы құралдарын дамыту және корпоративтік басқару мен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру жоспарлануда. Халықаралық депозитарлық және есеп айырысу жүйелерімен өзара іс-қимылды дамытуды, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін инфрақұрылымдық және реттеушілік кедергілерді жоюды қоса алғанда, қазақстандық капитал нарығын халықаралық қаржы жүйесіне ықпалдастыруға ерекше назар аударылатын болады. Агенттік басшысы атап өткендей, капитал нарығын дамыту стратегиясын әзірлеу мемлекеттің, инфрақұрылымдық ұйымдардың және нарыққа кәсіби қатысушылардың бірлескен жұмысын талап етеді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан капитал нарығын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар мен практикалық ұсынымдар әзірледі.

    15 мамыр 2026 ж.Тікелей
    КездесуАяқталды

    Қазақстан мен АДБ Облигациялар нарығы бойынша нұсқауды ұсынады

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк, Қаржы министрлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және Азия Даму Банкі (АДБ) Қазақстан тарихындағы осындай алғашқы құжат – «Қазақстан үшін облигациялар нарығы бойынша нұсқаудың» (Bond Market Guide for Kazakhstan) жарияланғанын хабарлайды. Кешенді анықтамалық ASEAN+3 облигациялар нарығы форумының қолдауымен дайындалған. Нұсқау ASEAN+3 Bond Market Guide бастамасы – ASEAN+3 облигациялар нарықтары форумының (ABMF) жарияланымдар сериясы шеңберінде дайындалды, оның хатшылық функцияларын АДБ қамтамасыз етеді. Қазақстан Форумға 2025 жылы ресми байқаушы ретінде қосылды. Құжат Қазақстанның облигациялар нарығының барлық негізгі аспектілерін: нарықтың қалыптасу тарихын және оның дамуының негізгі кезеңдерін; құқықтық және реттеушілік базаны: бағалы қағаздар туралы заңнама, листингке қойылатын талаптар, ақпаратты ашу, бейрезиденттердің қолжетімділігі; борыштық құралдардың түрлерін: мемлекеттік, корпоративтік облигациялар, ақша нарығының құралдары және исламдық бағалы қағаздар (сукук); АХҚО юрисдикциясының ерекшелігін қоса алғанда, KASE және AIX сауда, клиринг және есеп айырысу инфрақұрылымын; салық салу режимін, қатысу құнын және шетелдік инвесторлар үшін қол жеткізу шарттарын; өзекті сын-қатерлерді, перспективалар мен нарықты одан әрі дамытудың басымдықтарын қамтиды. Нұсқау Қазақстанның капитал нарығы туралы өзекті және жүйеленген түсінік алуға ұмтылатын халықаралық инвесторларға, эмитенттерге, қаржы делдалдарына, реттеушілерге және зерттеушілерге арналған. Құжат АДБ сайтында қолжетімді. Нұржан Тұрсынханов, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары: «Реттеушілік ашықтық – инвесторлар сенімінің негізгі шарты. Нұсқауда қазақстандық бағалы қағаздар нарығының нормативтік-құқықтық базасы егжей-тегжейлі сипатталады және шетелдік қатысушыларға мүмкіндіктерді бағалау кезінде сенімді бағдар береді. Агенттік үздік халықаралық практикаларға сәйкес реттеудің дамуына қарай құжаттың өзектілігін сақтауға ниетті. Бүгінгі күні Агенттік халықаралық консультанттармен бірлесіп, нарықты дамытудың өзге кезеңі үшін құрылған және оның ауқымы мен күрделілігіне бұдан былай жауап бермейтін заңнамалық базаны жаңғырту мақсатында Бағалы қағаздар нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және Капитал нарығы туралы жаңа заңды әзірлеуде. Реформа нарықта инвестициялауға арналған жаңа эмитенттер мен құралдардың пайда болуына, инвесторлардың орнықты базасы мен өтімділіктің қалыптасуына, барлық қатысушылардың құқықтары сенімді қорғалуына – және нәтижесінде, капитал нарығының Қазақстан экономикасын қаржыландыруда аса маңызды орынға ие болуына бағытталған». Әлия Молдабекова, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары: «Облигациялар нарығы экономиканы қаржыландыруда шешуші рөл атқарады және кірістіліктің нарықтық қисығын қалыптастыруды және ақша-кредит саясатының белгілерін тиімді беруді қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның қаржы нарығын дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттік органдармен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп инфрақұрылымды дамыту, реттеуді жетілдіру, өтімділікті арттыру және инвесторлық базаны кеңейту жөніндегі шаралар кешенін іске асырады. Аталған жұмыс шеңберінде Азия даму банкімен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес нарық туралы ақпаратты құрылымдайтын және оның ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған Қазақстанның облигациялар нарығы жөніндегі нұсқау дайындалды». Дәурен Кеңбейіл, Қаржы вице-министрі: «Мемлекеттік бағалы қағаздардың дамыған және өтімді нарығы – мемлекеттік қаржының орнықтылығының және бәсекелестік шарттарда инвестициялар тарту қабілетінің негізі. Осы Нұсқау халықаралық инвесторларға қазақстандық борыштық құралдар туралы объективті және құрылымдық ақпарат ұсынады. Қаржы министрлігі нарықты тереңдету және инвесторлар базасын кеңейту бағытын дәйекті түрде іске асыруда». Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Басқарушысы: «АХҚО әлемдік деңгейдегі қаржы алаңы ретінде құрылды және облигациялар нарығын дамыту біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі болып табылады. Нұсқауға АХҚО-ның құқықтық және нарықтық инфрақұрылымы туралы жеке тарау енгізу жаһандық инвесторларға біздің юрисдикция арқылы жұмыстың артықшылықтарын толық көлемде бағалауға мүмкіндік береді. Біз бұл жарияланым қазақстандық нарыққа халықаралық капиталды тартудың тиімді құралына айналатынына сенімдіміз». Утсав Кумар, Азия даму банкінің (АДБ) Қазақстандағы өкілдігінің директоры: «АДБ Қазақстанды ASEAN+3 форумының жұмысы шеңберінде осы Нұсқауды дайындауда қолдауға қуанышты. Жарияланым Қазақстанның өңірлік қаржылық ықпалдасудағы күннен күнге өсіп келе жатқан рөлін және оның экономикалық дамуды қолдау үшін халықаралық капитал тартуға ұмтылысының айғағы. Біз Нұсқау Қазақстанды салымдар үшін объект ретінде қарастыратын инвесторлар мен нарыққа қатысушылар үшін құнды құрал болатынына сенімдіміз» ASEAN+3 (ABMF) облигациялар нарықтарының форумы 2010 жылы Азия облигациялар нарықтарын дамыту жөніндегі бастаманың (ABMI) шеңберінде құрылды. Форум ақпарат алмасу, саясат және реттеу саласында ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ ASEAN+3 өңіріндегі облигациялар нарықтарының ықпалдасуына жәрдемдесу үшін жетекші өңірлік алаң болып табылады. ABMF хатшылығын Азия даму банкі қамтамасыз етеді.

    4 мамыр 2026 ж.Тікелей
    ФорумАяқталды

    Қаржылық сауаттылық бойынша форум: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да инвестициялар, банктік сервистер және алаяқтықтан қорғау мәселелері талқыланды

    Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub алаңында «Қаржы навигаторы: сенімділік пен қауіпсіздікке жол» форумы өтті. Іс-шара студенттерді, оқытушыларды, қаржы нарығының сарапшыларын және бейінді ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Форум Fingramota.kz. қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы аясында өтті. Қатысушылар қаржылық күн тәртібінің негізгі мәселелерін, оның ішінде кредиттерді жауапкершілікпен пайдалануды, жеке қаржыны басқаруды, инвестициялау негіздерін, сондай-ақ қаржылық алаяқтық пен дропперлікке қарсы іс-қимылды талқылады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Марғұлан Ибраимов цифрлық экономиканың дамуы жағдайында қаржылық сауаттылық пен жеке қаржыға жауапкершілікпен қараудың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қаржылық сауаттылық қазіргі жастардың негізгі дағдыларының бірі, ал ақпаратты талдай білу және алаяқтық схемаларды тани білу қаржылық қауіпсіздіктің маңызды элементі болып табылатынын атап өтті. Форум барысында сарапшылар сөз сөйледі, олар кредиттерге жауапкершілікпен қарау және бюджетті ерте жастан жоспарлаудың маңыздылығы мәселелеріне тоқталды, сондай-ақ инвестициялаудың негізгі құралдары мен қор нарығының ерекшеліктеріне тоқталды. Студенттерге заманауи алаяқтық схемалар, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының жұмысы және қаржылық алаяқтықтың алуан түрлеріне қарсы іс-қимыл әдістері туралы айтылды. ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Жандос Дүйсебаев дропперліктің тәуекелдерін, банктік және дербес деректерді үшінші тұлғаларға берудің салдарын, сондай-ақ осындай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік туралы атап өтті. Форум сарапшылар мен жастар арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар нақты жағдайларды талдап, заманауи қаржы құралдарын талқылады және жеке қаржыны қорғау үшін практикалық білім алды. Іс-шара соңында қаржылық квиз өтті, оның жеңімпаздары жүлделермен марапатталды. Сондай-ақ, форум аясында «Дропперлік: жеңіл ақша – ауыр зардаптар» бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылды. Студенттер 24 жұмыс дайындады. Роликтер әлеуметтік желілерде Fingramota.kz жобасының беттерінде жарияланатын болады.

    24 сәуір 2026 ж.Тікелей
    ВыступлениеАяқталды

    «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды

    Парламент Мәжілісінде «Рейтингтік қызмет туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейтингтік қызмет мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының бірінші оқылымы өтті. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру үшін әзірленді. Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген кезде Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Жаңа Заң алғаш рет Қазақстандағы кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеудің құқықтық негізін белгілейді, олардың мәртебесін, қызмет шарттарын, тәуелсіздікке, ашықтық пен есептілікке қойылатын талаптарды айқындайды», - деп айтты. Кредиттік рейтингтерді кредиттік тәуекелді бағалау және инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде инвесторлар, банктер және реттеушілер кеңінен қолданады. Бұл ретте Қазақстанда ұлттық рейтингтік бағалау жүйесі және құқықтық базасы қалыптаспаған. Рейтингтерді негізінен қаржы ұйымдары мен ірі бизнес компаниялары алады. «Ұлттық рейтингтік жүйені құру ШОБ үшін капитал нарығына шығуды жеңілдетеді. Бұл қарыз алу құнын төмендетуге, ақпараттық асимметрияны азайтуға және эмитенттердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті М. Әбілқасымова. Кредиттік рейтингтік агенттіктердің үш түрін көздейтін нарықтың институционалдық моделі енгізіледі. Біріншіден, тәуелсіз ұлттық рейтингтік бағалау институты ретінде Қазақстанның рейтингтік агенттігін құру. Оның акционерлері Ұлттық Банк, халықаралық рейтингтік агенттік және басқа да қаржы ұйымдары болады. Ұлттық Банк агенттіктің қаржылық орнықтылығын және қаржы нарығы тарапынан сенімді қамтамасыз етеді. Екіншіден, халықаралық рейтингтік агенттіктер. Бұл – Standard&Poor's, Moody's, Fitch рейтингтік агенттіктері мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кемінде бес елі таныған басқа рейтингтік агенттіктер. Сонымен бірге құжатта кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу мен қадағалаудың толық циклі қалыптастырылады. Агенттікке халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану, мониторингтеу және тануды кері қайтарып алу, сондай-ақ рейтингтік қызмет туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау өкілеттіктері беріледі. Нарыққа кіруге рұқсат беру үшін халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерге біліктілік талаптары белгіленеді. Оған кемінде бес жыл қызмет тәжірибесі, меншікті капитал деңгейінің жеткілікті болуы, тексеруден өткен әдіснамасы және институционалдық тәуелсіздігі жатады. Қазақстандық рейтингтік агенттік үшін жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптар заңға тәуелді деңгейде белгіленетін болады. Жарғылық капитал шамамен 10 млрд теңгені құрайды деп болжануда, бұл басқа елдердегі ұлттық рейтингтік агенттіктердің практикасына сәйкес келеді. Басшы қызметкерлерге біліктілік талаптары белгіленеді. Оларға білімінің, жұмыс тәжірибесінің және мінсіз іскерлік беделдің болуы жатады. Қазақстандық рейтингтік агенттік үшін реттеушіге өз қызметі туралы ақпаратты, оның ішінде рейтингтер, әдіснамалар және тарихи статистика туралы деректерді беру міндеті енгізіледі. Ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарбелгіленеді. Агенттікке қызметті тексеру және қадағалау шараларын қолдану бойынша өкілеттіктер беріледі. Заң жобасында рейтингтік қызметтің негізгі элементі ретінде рейтингтерді беру әдіснамаларын реттеу қарастырылған. «Рейтингтік қызмет тек бекітілген әдіснамалар негізінде жүзеге асырылады. Әдіснамаларға қойылатын талаптар белгіленеді. Олар кредит қабілетін кешенді бағалауды, тәуекелдің барлық маңызды факторын ескеруді, тарихи деректер негізінде салыстыруды және тексерілуді қамтамасыз етуге тиіс», - деп нақтылады реттеушінің басшысы. Бұған қоса әдіснамаларды жылына кемінде бір рет тұрақты жаңартып отыру талабы енгізіледі. Әдіснамаларда қателер анықталған жағдайда оларды ашу міндеті енгізіледі. Заң жобасында рейтингтік агенттіктердің институционалдық және операциялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар енгізіледі. Мүдделер қақтығысын анықтау және басқару бойынша ішкі саясаттардың болуына қойылатын талаптар қарастырылады. Рейтингтік қызметті өзге қызмет түрлерінен нақты бөлу, сондай-ақ консультациялық қызметтер көрсетуге тікелей тыйым салынады. Рейтингтер тәуелсіз болуы үшін рейтингтік талдаушыларға қойылатын талаптар енгізіледі. Олардың сыйақысы клиенттердің қаржылық нәтижелері мен табысына байланысты болмауы керек. Талдаушылардың міндетті ротациясы енгізіледі. Сонымен бірге үлестес болуға шектеу қойылады және рейтинг берілетін тұлғалардың қаржы құралдарын иеленуіне тыйым салынады. Корпоративтік басқаруға және меншік құрылымына қойылатын талаптар белгіленеді. Қазақстанның рейтингтік агенттігінің капиталына қатысу үлесіне 10 п айыздан аспайтын лимит енгізіледі. Директорлар кеңесіне жоғары талаптар енгізіледі, яғни Директорлар кеңесінің кемінде жартысы тәуелсіз директорлар болуға тиіс. Заң жобасының маңызды жаңалығы рейтингтік агенттіктер үшін ақпаратты ашу стандарттарын белгілеу болып табылады. Барлық рейтингтік агенттіктер өздерінің интернет-ресурсында әдіснамаларды, баға белгілеу саясатын және орын алған мүдделер қақтығысын ашық жариялауға міндетті. Рейтингтер бойынша дефолт деңгейлері туралы тарихи деректерді жариялау туралы талап енгізіледі. Агенттік жыл сайын бенефициарлық меншік иелерінің құрылымын, ішкі бақылау нәтижелерін қамтитын қызметтің ашықтығы туралы есепті ашуға міндетті болады. Заң жобасы 7 тараудан, 30 баптан тұрады. Ол рейтингтік қызметті мемлекеттік реттеу мен қадағалаудың кешенді моделін құрайды. Ілеспе заң жобасымен 3 кодекске және 18 заңға түзетулер енгізіледі. «Рейтингтік қызметті реттеудің негізгі мақсаты – рейтингті пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметінің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету», - деп атап өтті реттеушінің басшысы.

    15 сәуір 2026 ж.Тікелей
    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.