Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытуға арналған форум өтеді

    Орны
    Rixos Burabay
    Мәртебе
    Аяқталды
    Формат
    Тікелей
    Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытуға арналған форум өтеді
    ФорумАяқталды

    Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімділікті арттыруға, қайта өңдеуді дамытуға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Құжат етті мал шаруашылығын жүйелі дамытуға, нарық қатысушылары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге және бәсекеге қабілетті өнімді сыртқы нарықтарға шығару үшін қолайлы жағдай жасауға арналған.

    Оған қажетті алғышарттар жеткілікті. Біздің еліміз ірі қара малдың көптігі мен негізгі өткізу нарықтарына жедел логистиканы қамтамасыз ететін тиімді географиялық орналасуының арқасында ет өндірісін дамытуда елеулі әлеуетке ие. Оны барынша тиімді пайдалану қайта өңдеуді жетілдіруді, өндіріс тиімділігін арттыруды, заманауи стандарттарды енгізуді және сала қатысушылары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды талап етеді. Бұл мәселеге уәкілетті мемлекеттік органдар баса назар аударып келеді.
    Осы орайда биыл 14–15 ақпанда өтетін Dala.Camp Forum 2026 аясында осы тақырып жан-жақты талқыланады.

    Форум «Қазақстанның ет индустриясындағы ірі қара: Болашақтың жол картасы» тақырыбымен өтеді. Оған мемлекеттік органдардың, агробизнес құрылымдарының, салалық қауымдастықтардың өкілдері, инвесторлар мен сарапшылар қатысады.

    Форумға Қазақстаннан, Орталық Азия елдерінен, Америка Құрама Штаттарынан, Бразилиядан, Еуропа мемлекеттерінен, Біріккен Араб Әмірліктерінен және Түркиядан 150 делегаттың қатысуы жоспарланған. Олардың қатарында Жануарлар денсаулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы, Қазақстан мал өсірушілер одағы, тұқымдық бағыттағы салалық палаталар, Qazaqstan Investment Corporation, iGPS және агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі компаниялар бар.

    Форумның алғашқы күні Қазақстанның жаһандық ет нарығындағы орны, экспорттық басымдықтар, мемлекеттік қолдау тетіктері, халықаралық ветеринариялық талаптар және инвестициялық мүмкіндіктер қарастырылады. Келесі күні шаруашылықтардың тиімділігін арттыру, қаржылық модельдеу, цифрландыру және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басқарушылық құзыреттерін дамыту мәселелері талқыланады.

    Форум бағдарламасы аясында мал шаруашылығы мен оған жақын салалардағы инвестициялық жобалардың таныстырылым сессиясы болады деп күтілуде.

    Животноводство

    Ұқсас материалдар

    КонференцияАяқталды

    «FOC 2026» халықаралық конференциясында май өнімдері нарығы мен агроөнеркәсіп кешенінің негізгі басымдықтарына назар аударылады

    Астанада 5 маусым күні «FOC 2026: Fats and Oils Conference» атты бесінші мерейтойлық халықаралық май өнімдері конференциясы өтеді. Іс-шараға қатысатын 330-дан астам делегат нарықтағы негізгі үрдістерді, жүйелі сын-қатерлерді, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені мен халықаралық сауда дамуындағы басымлықтарды ортаға салады. Ұйымдастырушы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының қолдауымен «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі. Конференцияға еліміздегі 50-ден астам май өңдеу зауытының басшылары, салалық министрліктердің өкілдері, қаржы институттары, ірі агрохолдингтер, логистикалық компаниялар мен талдау агенттіктері, сондай-ақ майлы дақылдарды сақтау және өңдеу жабдықтарын жеткізушілер мен өнім импорттаушылары қатысады. Қатысушылар ауқымы сондай-ақ АҚШ, Қытай, Еуропа елдері, Балтық мемлекеттері, Таяу Шығыс және Орталық Азияны қоса алғанда, 18 елді қамтиды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда май өнімдерінің өндірісі мен экспорты ең жоғары тарихи нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, өндіріс көлемі 1,57 млн тоннадан асты, экспорттан түскен валюталық түсім 963 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда төрт есе жоғары (240 млн АҚШ доллары). Аталған сала Қазақстан экономикасының өсімі мен шикізаттық емес экспортын дамытудағы негізгі қозғаушы күштің бірі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл сектор елдің қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының валюталық түсімінің 27%-ын қамтамасыз етті. 2025 жылы күнбағыс майын өндіру көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 2,3 есе өсіп, 752 мың тоннадан асты. Сонымен қатар соңғы төрт жылда (2022–2025 жж.) ішкі нарықтағы аталған өнім импортының орташа үлесі екі есе қысқарып, 18%-ға дейін төмендеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2015–2021 жылдары импорт үлесі шамамен 39%-ды құраған. Қазіргі таңда қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Негізгі сатып алушылар қатарында Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық одақ елдері (Германия, Италия, Дания, Польша, Швеция, Норвегия және Балтық елдері), сондай-ақ Ауғанстан мен Иран бар. Былтыр Қазақстан күнбағыс майын экспорттау көлемі бойынша әлемде 6-орынға, ал Қытай нарығында 2-орынға ие болды. Сонымен қатар республика Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майларын жеткіз бағытында көш бастап тұр (нарықтағы үлесі 90%-дан жоғары), Орталық Азияның күнбағыс күнжарасына деген сұранысын толық қамтамасыз етеді және Еуропалық одаққа жеткізуші жетекші үш елдің қатарына кіреді. Саланың әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы 2026–2028 жылдарға арналған экспортты дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі. Құжат Халықаралық сауда орталығының (ITC) әдістемесі мен техникалық қолдауы негізінде және Еуропалық одақ қаржыландыратын «Ready4Trade Орталық Азия» жобасы аясында «QazTrade» ұйымының ұйымдастыруымен дайындалды. Жол картасын іске асыру нәтижесінде 2028 жылға қарай экспорттан түсетін валюталық түсімді 60%-ға көбейтіп, 1,5 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның күнбағыс майын жеткізуші әлемдегі жетекші төрт елдің қатарына енуіне мүмкіндік береді. Алдағы стратегиялық мақсат – Қазақстанды күнбағыс майын экспорттайтын әлемнің үздік үш мемлекетінің қатарына қосу.

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.