Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру институтын енгізуге байланысты, сапасыз медициналық көмек алып, денсаулыққа және өмірге зиян келген жағдайда, өтініш берушілер алғашқы кезеңде медициналық көмек көрсеткен денсаулық сақтау субъектісіне шағымдана алады.
Денсаулық сақтау субъектісінің науқастарды қолдау және ішкі сараптама қызметі (әрі қарай - Қызмет) 20 жұмыс күні ішінде шағымды қарастырып, егер медициналық көмек көрсету барысында бұзушылықтар анықталса, тәуелсіз сараптамалық комиссия (ТСК) құрады.
ТСК денсаулық сақтау субъектісінің басшысының бұйрығымен әр мамандық бойынша кемінде 3 профильді маман мен сақтандыру ұйымының өкілінен, біріккен сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушы ұйымның өкілінен құралады және Қызметтен шағым түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде құрылуы тиіс.
ТСК медициналық қызмет көрсету нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгенін (немесе келтірілмегенін) анықтап, қорытынды шығару үшін 5 жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды, қажет болған жағдайда мерзімін 2 айға дейін ұзартуға болады.
Егер денсаулыққа немесе өмірге зиян келтірілгені анықталса, сақтандыру төлемі төленеді.