Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 17.09.2024 жылғы №754 қаулысымен бекітіліген Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары қағидаларымен регламенттеледі.
Бизнес-идея деп – тауарларды шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстарды орындауды көздейтін нақты жобаны іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастаманы айтады.
Берілетін гранттың максималды сомасы – 5 млн. теңгені құрайды. Бизнес-жобаны іске асыру мерзімі – 18 айдан аспайды.
Мемлекеттік гранттар – кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары негізінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен беріледі. Яғни, Басқарма осы мемлекеттік қолдау шарасының жергілікті жердегі үйлестіруші органы болып табылады.
Конкурстық іріктеуге – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, "Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасының финалистері болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Негізгі талаптар – жобаның кемінде 20% көлемінде қоса қаржыландырылуы, жаңа жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымның болуы немесе оны дамыту жоспары.
Грант қаражаты – негізгі құралдар, шикізат, материалдар алуға, материалдық емес активтер мен технологиялар сатып алуға, франшиза алуға, ғылыми-зерттеу және жаңа технология енгізуге жұмсалады.
Рұқсат етілмейді – жылжымайтын мүлік және жер сатып алу, жалға ақы төлеу, пайдаланылған негізгі құралдар мен жеңіл автокөлік алу, ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу (ерекше жағдайларды қоспағанда).
Өтінімдер kezekte.kz платформасы арқылы беріледі. Қоса қаржыландыру, бизнес-жоба және әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін растайтын құжаттар ұсынылады.
Өтінімдер Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы арқылы қаралады. Бағалау конкурстық комиссиямен жүзеге асырылады.