Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі ретінде танылу үшін кәсіпкер Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 17 шілдедегі №140 бұйрығымен бекітілген «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу қағидаларына» сәйкес Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілуі қажет. Ол үшін кәсіпкер немесе заңды тұлға өзінің қызмет бағытының әлеуметтік кәсіпкерлік өлшемшарттарына сәйкестігін растайтын құжаттарды дайындап, бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі - Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына өтініш береді. Тізілімге - қоғам үшін қандай да бір әлеуметтік мәселені шешу немесе пайдасын тигізу мақсатында тауарлар өндіру мен қызметтер көрсетумен айналысатын кәсіпкерлер енгізіледі. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі 4 санат бойынша жүргізіледі: 1-санат – әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмыспен қамтитын кәсіпкерлер.
Қосымша талап: қызметкерлер саны кемінде 2 адам, еңбекақы қорының үлесі – кемінде 25%.
2-санат – 1-санаттағы азаматтар өндірген тауарлар мен қызметтерді сатуға және ілгерілетуге көмектесетін кәсіпкерлер.
Талап: осы қызметтен түсетін табыс жалпы табыстың кемінде 50%-ын құрауы тиіс.
3-санат – әлеуметтік осал топтарға әлеуметтік, медициналық, психологиялық, білім беру және оңалту қызметтерін көрсететін кәсіпкерлер.
4-санат – білім беру, мәдени-ағартушылық, экология, балаларды сауықтыру, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау және салауатты өмір салтын дамыту бағытында жұмыс істейтін әлеуметтік кәсіпкерлер.
Әр санат бойынша өтінім және Қағидада көзделген тиісті қосымшалар ұсынылады.