Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады.Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады. Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады. Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де жазылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де жазылады. Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де орналастырылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады.