Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жергілікті тұрғындармен тығыз өзара іс-қимыл негізінде шешімдерді жергілікті деңгейде қабылдау маңызды. Бұл жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін едәуір арттырып, мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара байланысты күшейтеді.
Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдарға аумақтарды дамыту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, жергілікті көлік, әлеуметтік және өзге де инфрақұрылымды дамыту, базалық қызметтер көрсету мәселелері бойынша қажетті өкілеттіктер мен құралдар беріледі. Сонымен қатар, реттеудің және фискалдық саясаттың баламалы тетіктерін қолдану мүмкіндігі қарастырылады.
Жергілікті атқарушы органдардың дербестігін арттыру олардың халық алдындағы есептілігін қоғамдық бақылау және азаматтық институттар арқылы күшейтуді көздейді. Аудандар мен елді мекендер бюджеттерінің инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға арналған қоғамдық маңызы бар шығыстары қоғамдық сараптамадан өтеді, оның ішінде онлайн сауалнамалар қолданылатын болады.
Жергілікті атқарушы органдар құрылымы мен мазмұны бойынша қатаң шектеулерсіз өздерінің даму бағдарламаларын әзірлейтін болады.
Ауылдар, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар және ауылдық округтер деңгейінде толыққанды жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу ерекше маңызға ие.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың міндетті элементтері мыналар болуы тиіс: өкілді орган құру; елді мекендерді даму бюджеттерімен қамтамасыз ету; ауылдар, кенттер, ауылдық округтер, аудандық және облыстық маңызы бар қалалар, сондай-ақ аудандар әкімдерін тікелей сайлауды өткізу.
Мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін нақты ажырату қажет. Мемлекеттік басқару органдарының жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шаруашылық қызметіне араласуына жол берілмеуі тиіс. Жергілікті жерлерде жүзеге асырылатын барлық бағдарламалар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бақылауымен орындалуы қажет.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту тетіктері Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жеке тұжырымдамасы шеңберінде көзделетін болады. Аталған тұжырымдама қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі тарапынан мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленуде.