Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру бойынша
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда ғана рұқсат етіледі. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі жоқ елді мекендерде мұндай жер учаскелерін беру тек электрмен жабдықтау желілері болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін сұрау кезінде азаматтардың өтініштері (өтінішхаттары) арнайы есепке алынады және жер телімдерін бөлуге арналған алаңдар дайындалуына қарай немесе жеке тұрғын үй құрылысына пайдаланылатын бос аумақтар болған жағдайда қанағаттандырылады. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру қағидаларын орталық уәкілетті орган бекітеді. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері тегін негізде берілген кезде, азаматтың мемлекет тарапынан жеке тұрғын үй құрылысына бұрын жер учаскесі берілген-берілмегені ескеріледі. Арнайы есепке қою кезінде азаматтың мемлекет тарапынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскесінің бар-жоғы ескеріледі, бұл туралы мәліметтер Мемлекеттік корпорациядан сұралады. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері жер учаскелерін бөлуге арналған алаңдарды дайындау туралы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу кезегінің тізімдері туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл ақпарат арнайы ақпараттық стендтерде орналастыру және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдерінде тоқсанына кемінде бір рет жариялау арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін олардың өтініштерін арнайы есепке қоймай беруіне тыйым салынады.