Қандастарға материалдық көмек: жеңілдіктер, жәрдемақы, төлемдер түрлері бар?
Қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне келесі қосымша материалдық көмек беріледі. Жергілікті атқарушы органдар қандастарды қабылдау квотасынан тыс Қазақстан Республикасына қоныс аударған қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне ҚР азаматтығын қабылдау туралы шешімді шығарғаннан кейін тұрақты тұрғылықты жеріне бару және мүлікті тасымалдау бойынша шығындарды өтеуді қамтитын бір жолғы жәрдемақыларды белгілей алады. Жәрдемақы төлеу тәртібі мен шарттарын халықтың көші-қон мәселелері бойынша уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалар негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері бекітеді. Қандастардын көшіп келу квотасына енгізілген қандастар мен олардың отбасы мүшелері ҚР аумағына кіру кезінде көлік құралдарын қоса алғанда жеке пайдалануға арналған мүлікке кеден төлемдерін төлеуден босатылады. Қандастарды және қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген отбасыларға 2017-2021 жылдарға Нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында субсидия беру түрінде мемлекеттік қолдау шарасы көрсетіледі: көшу үшін – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК бір жолғы төлем. . тұрғын үй жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу шығыстарын жабу үшін, ол ай сайын 12 ай ішінде 15-30 АЕК аралығында бір отбасына төленеді. "Еңбек" бағдарламасына қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне сондай-ақ отбасылық жағдайына қарамастан жалғызбастыларға бір рет жетпіс АЕК мөлшерінде көшуге материалдық көмек отағасына және әрбір отбасы мүшесіне беріледі. Көшуге материалдық көмек "Еңбек" бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне олар жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі. "Еңбек" бағдарламасына қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге мынадай мөлшерлерде материалдық көмек беріледі: 1) қалалық жерлерге қоныс аударғандар үшін: бір адам үшін 20 АЕК мөлшерінде; отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 АЕК мөлшерінде; отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде төленеді; 2) ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін: бір адам үшін 15 АЕК мөлшерінде; отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК мөлшерінде; отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК мөлшерінде төленеді. Ерікті түрде қоныс аударғанда мемлекеттік қолдау шаралары "Еңбек" бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне бір рет көрсетіледі.