Жұмыс беруші ағымдағы жылы ҚР-да еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік маманды тартуға рұқсат ала ма?
Жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат ағымдағы жылға бекітілген квотаға сәйкес беріледі. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 15.12. №802 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны Қазақстан Республикасының облыстары, республикалық маңызы бар қалалары, астанасы арасында бөлу қағидаларына сәйкес жұмыс берушілер жыл сайын 1 қазанға дейін шетелдік жұмыскерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруы көзделетін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына шетелдік жұмыс күшінің қажеттілігі жөнінде өтінімдер ұсынады. Жергілікті атқарушы орган өз ресми интернет-ресурсында алдағы жылға шетелдік жұмыс күшіне деген қажеттіліктері бойынша жұмыс берушілерден өтінімдерді жинаудың басталғаны туралы ақпарат орналастырады.