Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау бойынша қандай шаралар қабылдануда?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен каспий итбалығы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің Тізбесіне енгізілген. 2021 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясы экология және табиғи ресурстар министрлігі арасындағы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XVII форумы барысында каспий итбалықтарының популяциясын сақтаудың 2021-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Сонымен қатар, Президент каспий итбалықтарының популяциясын сақтау үшін Солтүстік Каспийде мемлекеттік табиғи резерват құру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды. Бүгінгі таңда мемлекеттік табиғи резерват құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесі бекітілді. Жаратылыстану-ғылыми негіздеме негізінде ағымдағы жылдың соңына дейін мемлекеттік табиғи резерват құрудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленетін болады. Өткізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша 2024 жылғы 1 шілдеге дейін Каспий теңізінің акваториясы шегінде каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін мемлекеттік табиғи резерват құрылады деп күтілуде.