Жауап
Басылымдардың тізбесіне мынадай талаптарға сәйкес келетін ғылыми басылымдар енгізіледі: 1) "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі № 451-І Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-3-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінде есепке қою туралы куәліктің болуы, ISSN (АЙСИСИЭН) (International Standard Serial Number (Интернйэшнл Стандард Сериал Намбер)) халықаралық стандартты сериялық нөмірі және жазылу индексі; 2) редакцияның мәлімдеген мақсаттары мен тақырыптық бағыты, оның кезеңділігі, жариялау шарттары, рецензиялау түрі, мұрағаттау және қолжетімділік, сондай-ақ жариялау этикасын көрсететін баспа бекіткен журналдың редакциялық саясатының болуы; 3) жарияланатын ғылыми мақалалардың (оның ішінде шолулардың) журналдың мәлімделген мақсаты мен тақырыптық бағытына сәйкестігі. Ғылыми мақала – бұрын жарияланбаған және жаңалығы бар авторлық әзірлемелерді, қорытындыларды, ұсынымдарды қамтитын; немесе ортақ тақырыпқа байланысты бұрын жарияланған ғылыми мақалаларды қарауға арналған (жүйелі шолу) ғылыми зерттеудің, эксперименттік немесе талдамалық қызметтің өзіндік тұжырымдары мен аралық немесе түпкілікті нәтижелерін баяндау. Ғылыми мақаланың құрылымы атауынан, аннотациядан, түйін сөздерден, негізгі ережелерден, кіріспеден, материалдар мен әдістерден, нәтижелерден, талқылаудан, қорытындыдан, қаржыландыру туралы ақпараттан (бар болған жағдайда), әдебиеттер тізімінен тұрады. Әрбір түпнұсқа мақалада (әлеуметтік-гуманитарлық бағытты қоспағанда) зерттеу нәтижелері жаңғыртылатын болуы тиіс, жабдықтар мен материалдардың шығу тегі, деректерді статистикалық өңдеу әдістері және жаңғыртуды қамтамасыз етудің басқа да тәсілдері көрсетіле отырып, зерттеу әдіснамасы сипатталуы тиіс. Жарияланымдардың басқа түрлерінің мазмұны нөмірдегі мақалалардың жалпы санының 10%-ынан аспайды. Бұл ретте автор немесе авторлар ұжымы тұжырымдамаға, ғылыми дизайнға, мәлімделген ғылыми зерттеуді орындауға немесе түсіндіруге және ғылыми мақала жазуға елеулі үлес қосады; 4) журналды кемінде 2 (екі) толық жыл басып шығару, ғылыми басылымның мерзімділігі жылына кемінде 4 (төрт) рет, ғылыми басылымның уақытында шығуының мәлімделген мерзімділігін сақтау; 5) журналдың әрбір нөмірінде шетелдік авторлардың мақалаларының, сондай-ақ шет тілдерінде (оның ішінде ағылшын тілінде) мақалаларының болуы; 6) баспамен аффилирленбеген авторлардың ғылыми мақалалары журналдың әрбір нөміріндегі жарияланымдар санының кемінде 50%-ын (елу) құрайды; 7) шетелдік дәйексөз жүйелерінде немесе электрондық кітапханаларда ғылыми басылымның таралуы немесе Қазақстандық дәйексөз базасында журналдың импакт-факторының болуы; 8) редакциялық алқада немесе редакциялық кеңесте Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында кемінде 2 (екі) Хирш индексі (журналдың тақырыптық бағыты бойынша) бар ғалымдардың болуы. Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы журналдар үшін Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында жарияланымдары бар ғалымдардың болуы; 9) жарияланатын мақаланың сапасын, нәтижелерді баяндаудың дұрыстығы мен дәйектілігін қамтамасыз ету мақсатында жасырын пікір беруді қолдана отырып, тиісті тақырып бойынша ғалымдардың немесе мамандардың ғылыми еңбектерді рецензиялауы. Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында жарияланымдары бар шетелдік рецензенттердің (әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы журналдарды қоспағанда) болуы; 10) аннотациялардың, кілт сөздер мен автор туралы ақпараттың болуы – аттары, аффилиациясы (ұйымның атауы), елдің атауы және барлық жарияланым авторларының мекенжайлары (оның ішінде негізгі авторын көрсете отырып). Аннотацияда зерттеудің мәні мен қолданылған әдістері баяндалады, аса маңызды нәтижелер мен олардың маңыздылығы жинақталады. Аннотацияның көлемі 300 сөзден аспайды. Түйін сөздер мақала мәтінін іздеу және оның пәндік саласын анықтау үшін пайдаланады; 11) ағылшын тіліндегі библиографиялық ақпараттың болуы – мақаланың тақырыбы, аннотация, түйін сөздер, авторлар туралы ақпарат; 12) әрбір мақалаға әдебиеттің (пайдаланылатын көздердің) транслитерацияланған тізімдерінің болуы; 13) әрбір мақалаға журналдың мазмұнын және Интернеттегі сілтемелерді бірегей және тұрақты онлайн сәйкестендіру үшін объектінің сандық сәйкестендіргіші болып табылатын және International DOI Foundation (Интернэйшенел ДОИ Фаундэйшен) тіркеу агенттігі беретін DOI (бұдан әрі – DOI (ДОИ)) болуы; 14) мәтінді пайдалануды анықтаудың лицензиялық жүйелерін пайдалану, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша; 15) ғылыми басылымның ақпараттық ашықтығы – ғылыми басылымның: – ғылыми басылымның қағаз және/немесе электрондық нұсқасы туралы ақпарат, оның ішінде басылымның құрылтайшысы және (немесе) меншік иесі туралы мәліметтер; – ғылыми басылымның мақсаты мен тақырыптық бағыты; – ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы (болған жағдайда), жұмыс орны көрсетілген редакциялық алқаның (редакциялық кеңестің) құрамы; – мақалаларды рецензиялау түрі мен тәртібі; – әрбір мақалаға DOI (ДОИ); – жариялау этикасы, онда редакторлардың, рецензенттер мен авторлардың міндеттері мен құқықтары, сондай-ақ мүдделер қақтығысын, әдепсіз іс-әрекетті анықтау шаралары, мақалаларды қайтарып алу немесе түзету, түзетулер, кешірім жасау, теріске шығару бойынша нұсқаулық көрсетіледі. Авторлардың, редакторлардың немесе баспагерлердің өз мақалаларына өз бетінше рецензия беруімен, жасанды және жалған рецензиялаумен, ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялау жөніндегі агенттік қызметтеріне жүгінумен, авторлар құрамын бұрмалаумен, жалған ғылыми мәтіндерді жариялаумен, авторлардың келісімінсіз мақалалардың мәтіндерін басқа журналдарға берумен, авторлардың материалдарын үшінші тұлғаларға берумен, авторлық құқықтардың және редакциялық процестердің құпиялылық қағидаттарының бұзылуымен, дәйексөзді манипуляциялаумен, плагиатпен, бұрмалаумен және ойдан шығарумен байланысты іс-әрекеттері этикаға жатпайтын әрекеттер болып табылады. Егер журнал басқа ұйым немесе ұйымдар (WAME (УЭЙМ), COPE (КОП), Хельсинки декларациясы) тұжырымдаған қағидаттарды қолдаса және пайдаланса, дереккөзге дәйексөз салынған қағидаттардың толық мәтіні келтіріледі не толық мәтінге белсенді сілтеме беріледі;– авторларға мақаланы ресімдеу, оның ішінде әдебиеттер тізімін ресімдеу үшін транслитерация әдістерін қолдану бойынша нұсқау; – іздеу жүйесі; – соңғы он екі айдағы нөмірдің мазмұны және мазмұнына қол жеткізе отырып, өткен жылдардағы нөмірлердің мұрағаты; – байланыс ақпараты; – мақалаларды берудің және рецензиялаудың онлайн жүйесі көрсетілетін жеке электрондық сайтының (бетінің) болуы; 16) "Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы" акционерлік қоғамынан (бұдан әрі – ҰМҒТСО) анықтаманың болуы, онда мынадай ақпарат көрсетіледі: – қорды қалыптастыру және электрондық кітапханаға енгізу үшін кемінде үш жыл бұрын ғылыми басылымның электрондық нұсқасының болуы туралы; – Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық Кеңес қабылдаған (1998 жылғы 28 мамырдағы № 1:3-98 хаттама) ГОСТ 7.5-98 "Журналдар, жинақтар, ақпараттық басылымдар. Жарияланатын материалдарды баспалық ресімдеу" бойынша мақалаларды, сондай-ақ Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық Кеңес қабылдаған (2003 жылғы 2 шілдедегі № 12 хаттама) ГОСТ 7.1-2003 "Библиографиялық жазба. Библиографиялық сипаттама. Жалпы талаптар және құрастыру ережелері" бойынша мақаланың библиографиялық тізімдерін ресімдеу бойынша базалық баспа стандарттарына сәйкестігі туралы.