Жауап
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығымен (бұдан әрі - Бұйрық) бекітілген. Бұйрыққа сәйкес, педагогтың бос және (немесе) уақытша бос лауазымы бар мемлекеттік білім беру ұйымы, шағын жинақты мектептер мен "Білім-инновация" лицей-интернаттарын қоспағанда, конкурс өткізеді Педагогтың бос және (немесе) уақытша бос лауазымы бар мемлекеттік білім беру ұйымы конкурс өткізу туралы хабарландыруды білім беру ұйымының және (немесе) тиісті деңгейдегі білім беруді басқару органының интернет-ресурсында және (немесе) әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында және (немесе) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы жариялайды. Педагогтерді білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау "Ұлттық білім беру деректер қоры" ақпараттық жүйесі базасындағы "Педагогті жұмысқа қабылдау" модулінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі болмаған жағдайда, педагогтерді жұмысқа қабылдау қағаз форматта жүзеге асырылады. Педагогтің бос және (немесе) уақытша бос лауазымына конкурс "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес педагогтер үшін айқындалған нормативтік оқу жүктемесінің 50%-дан астамының есебін негізге ала отырып, білім беру ұйымында сағат болған жағдайда өткізіледі. Конкурсқа Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен бекітілген педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін және осы Бұйрықтың 153-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес құжаттар ұсынған педагогтер қатысады. Жаңа білім беру ұйымы ашылған, сондай-ақ оқушылардың белгілі бір контингенті жаңа білім беру ұйымына ауысуынан оқушы орындары тапшы болған жағдайларда, осы сыныптарда сабақ берген және сынып жетекшілігін жүзеге асырған педагогтерді жұмысқа орналастыру конкурстық рәсім өткізілмей-ақ ауыстыру тәртібімен жүргізіледі. Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 38-бабына сәйкес жұмыс берушінің тиісті актісін шығару жолымен педагогті бір білім беру ұйымының ішінде бір лауазымнан екінші лауазымға ішкі ауыстыруға жол беріледі. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысы және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырысы бойынша GPA 3,33 балдан төмен емес оқу нәтижесімен бітірген тұлғалар сертификаттаудан өткені туралы құжаты болған жағдайда, конкурстық рәсімдерден өтпей жұмысқа қабылданады. Конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған соңғы күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлға хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімінде мынадай құжаттарды электрондық немесе қағаз түрінде жолдайды: 1) Бұйрықпен бекітілген 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қоса берілетін құжаттардың тізбесін көрсете отырып, конкурсқа қатысу туралы өтініш; 2) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (сәйкестендіру үшін); 3) кадрларды есепке алу бойынша толтырылған жеке іс парағы (нақты тұрғылықты мекенжайы мен байланыс телефондары көрсетілген – бар болса); 4) Үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес білімі туралы құжаттардың көшірмелері; 5) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (бар болса); 6) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген 075/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама; 7) психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары бар аурудың динамикалық бақылауда жоқтығы туралы анықтама; 8) наркологиялық аурудың динамикалық бақылауда жоқтығы туралы анықтама; 9) сертификаттаудан өту нәтижелері туралы сертификат немесе қолданыстағы біліктілік санатының болуы туралы куәлік (бар болса); 10) ағылшын тілі педагогтері лауазымына орналасуға кандидаттар үшін пән бойынша сертификаттау нәтижелері туралы сертификат немесе педагог-модератор немесе педагог-сарапшы немесе педагог-зерттеуші немесе педагог-шебер біліктілік санатының болуы туралы куәлікті (бар болса) немесе CELTA (Certificate in English Language Teaching to Adults. Cambridge) PASS A; DELTA (Diploma in English Language Teaching to Adults) Pass and above немесе айелтс IELTS (IELTS) – 6,5 балл; немесе тойфл TOEFL (іnternet Based Test (іBT)) – 60-65 балл көрсеткіші бар сертификат; 11) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында арнайы пәндер бойынша педагогтер және өндірістік оқыту шеберлері лауазымдарына педагогикалық қызметке кіріскен, тиісті мамандық немесе бейін бойынша өндірісте кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар педагогтер сертификаттаудан өтуден босатылады; 12) Бұйрықпен бекітілген 17, 18-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша педагогтің бос немесе уақытша бос лауазымына кандидаттың толтырылған бағалау парағы; 13) жұмыс орнынан (педагог лауазымы бойынша), оқу орнынан ұсыным хат. Көрсетілген құжаттардың біреуінің болмауы құжаттарды кандидатқа қайтаруға негіз болып табылады. Конкурс қорытындысы бойынша шешімді конкурстық комиссия кандидат жинаған балдар негізінде қабылдайды. Ең көп балл жинаған кандидат конкурстан өткен болып есептеледі және мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысына тағайындауға ұсынылады. Кандидаттардың балл саны тең болған жағдайда, конкурстық комиссия әңгімелесу өткізу туралы шешім қабылдайды, нәтижесі бойынша тағайындауға кандидат анықталады. Конкурстық комиссияның шешімі қабылданғаннан кейін конкурс жеңімпазына шешім қабылдау үшін 24 (жиырма төрт) сағат беріледі. Конкурс нәтижелері туралы хабарламаны конкурстық комиссияның хатшысы кандидатқа электрондық поштаға жібереді және өтініште көрсетілген телефон арқылы хабарлайды. Егер конкурс жеңімпазы шешім қабылдамаса, тағайындау бағалау бойынша ең жоғары балға ие конкурстың келесі қатысушысына ұсынылады. Конкурс нәтижелері мемлекеттік білім беру ұйымының интернет-ресурсында немесе әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өткізілгеннен кейінгі келесі жұмыс күні жарияланады. Шағын жинақты мектепті қоспағанда, пән мұғалімінің бос сағаты педагогтер арасында бөлінбейді.