Көп пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға қабылданған кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеуді Тапсырыс беруші (құрылыс салушы) "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес тіркеуші органға өтініш беру арқылы пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың бірінші меншік иесінің меншік құқығы мемлекеттік тіркелген кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырады.
Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу кезінде Тапсырыс беруші (құрылыс салушы) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына көппәтерлі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасында көзделген барлық мүлікті (бар болса, паркингті қоса алғанда) қосуға міндетті.
Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыс істеп тұрған көп пәтерлі тұрғын үйлерді (кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін айқындай отырып) мемлекеттік техникалық тексеруді, сондай-ақ «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды қалыптастыруды және ұсынуды қамтамасыз етеді.
Пайдаланудағы көппәтерлі тұрғын үйлердегі кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың кемінде екі меншік иесінен тұратын бастамашы топтың өтініші бойынша немесе жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша жүргізіледі.
Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу кезінде:
- көппәтерлі тұрғын үй астындағы жер учаскесін қоса алғанда, көппәтерлі тұрғын үйдің жалпы алаңы;
- кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамы және дара (бөлек) меншіктегі әрбір пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі үлесінің мөлшері;
- жеке (бөлек) меншіктегі пәтерлердің жалпы алаңы және тұрғын емес үй-жайлардың алаңы.
Үй жанындағы жер учаскесін тіркеу жиналыс шешімінің негізінде кемінде екі пәтер, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінен тұратын бастамашыл топ өтініш берген кезде астананың, республикалық, облыстық маңызы бар қаланың және ауданның жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркегенге дейін ортақ мүліктегі үлесі бар мәміле дара (бөлек) меншіктегі мүлікпен мәмілені жүзеге асыру кезінде жасалған деп есептелетін жағдайларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкімен жасалатын мәмілелер заңдық күшке ие болмайды.