"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі– Заң) 74-бабына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй, осы Заңның 98-1-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға барлық қажетті құжаттарымен қоса өтініш берілген кезден бастап тізімдерде белгіленген кезектілік тәртібімен беріледі.
Заңның 74-бабының 3-тармағына сәйкес аталған тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжай алуға осы тізімге енгізілгендер алдында ешкімнің де басым құқығы жоқ.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, "Алтын алқа"," Күміс алқа немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі" Ана даңқы " ордендерімен марапатталған көп балалы аналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алуға бірінші кезекте құқылы.
Заңның негізінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға беру және коммуналдық тұрғын үй қорында еркін тұрғын үйдің болуына қарай кезектілік тізімдерге сәйкес санаттар бойынша беріледі.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың жалпы схемасы келесідей:
қажетті құжаттарды жинау және онлайн тапсыру;
15 жұмыс күні ішінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою туралы хабарлама алу және кезекті қадағалау (егер құжаттар толық болған жағдайда);
тұрғын үй комиссиясының құжаттарды қарауы және кезек келген кезде шешім беруі;
шарт жасасу және тұрғын үй алу.