Қазақстанда мектептерде діни киім кию мәселесі өзекті болып тұр. Заңда оны киюге тыйым салынады, бұл діндар азаматтардың құқығын бұзу емес пе немесе қандай да бір жеңілдік бола ма?
Біріншіден, қоғамдағы міндетті мектеп формасын сақтауға қатысты мемлекеттің заңнамалық нормаларына тоқталған жөн. Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабына сәйкес «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бұл ретте, осы бапта жазылғандай, «Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс». Конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып, «Білім туралы» Заң осы саладағы тиісті құқықтық қатынастарды анықтайды. Атап айтқанда, «Білім туралы» Заңның 47 және 49 баптары оқушылардың мектеп формасын міндетті түрде сақтауын және ата-аналардың мектеп формасын сақтауды қамтамасыз ету міндетін бекітеді. Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар туралы» бұйрығы қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес әзірленген. Сондықтан бұл сенушілердің құқықтарын бұзу болып табылмайды.