ҚАЗТЕСТ тестілеуінің екі түрі бар: диагностикалық және сертификаттық.
Диагностикалық тестілеу қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған. Сертификаттау тестілеу – белгілі бір деңгейді бағалау және тағайындау мақсатында жүргізіледі.
Диагностикалық тестілеу республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың, ұлттық компаниялар мен холдингтердің қызметкерлеріне ғана жүргізіледі.
Сертификациялық тестілеу «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ педагогикалық ұжымына үміткерлер, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына оқуға түсуге үміткерлер, Президенттік жастар кадр резервіне, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсетін тұлғаларға, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының докторантурасына түсетін адамдарға, сондай-ақ қазақ тілін меңгеру деңгейін тексергісі келетін барлық азаматтарға жүргізіледі.
ҚАЗТЕСТ тестілеуі қағаз немесе электронды форматта өткізіледі.
Диагностикалық тестілеу ұзақтығы – 1 сағат 10 минут. Диагностикалық тестілеу 60 сұрақтан тұратын келесі блоктарды қамтиды:
Тыңдалым – 20 тапсырма (20 минут);
Оқылым – 40 тапсырма (50 минут).
Сертификаттық тестілеу ұзақтығы – 2 сағат 7 минут. Сертификаттық тестілеу Тыңдалым, Оқылым блоктары бойынша 60 тест тапсырмасынан, Жазылым блогы бойынша 2 жазбаша тапсырмадан және Айтылым блогы бойынша 2 ауызша тапсырмадан тұрады:
Тыңдалым – 20 тапсырма (20 минут);
Оқылым – 40 тапсырма (50 минут);
Жазылым – 2 тапсырма (50 минут);
Айтылым – 2 тапсырма (7 минут).
1) жеке тұлғалар app.testcenter.kz интернет ресурсы арқылы өтініш береді.
2) заңды тұлғалар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми хат жолдау арқылы жүзеге асырылады.
ҚАЗТЕСТ тестілеуі өтетін аудиторияға жеке басын куәландыратын құжат бойынша кіргізіледі. Тестіленуші жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өткеннен кейін тестілеу өткізуге арналған аудиторияға кіреді.
ҚАЗТЕСТ тестілеуі өтетін Ұлттық тестілеу орталығының ғимаратына кіргізу тестіленушінің бет-әлпетінің көлемдік-кеңістіктік пішінін сканерлеу арқылы жүзеге асатын жеке басын сәйкестендіру жүйесі арқылы жүргізіледі.
ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу нәтижелерін алғаннан кейін нәтижемен келіспеген жағдайда апелляцияға өтініш беру қарастырылған.
ҚАЗТЕСТ сертификатының берілген күннен бастап жарамдылық мерзімі – 2 (екі) жыл.